Ерлікке – ерекше құрмет
Жаңаарқадағы С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханада Ауған соғысы ардагерлерімен «Ардагерлер – асыл ерлер» атты кездесу өткізіліп, тәлімі терең іс-шараға аудан әкімі Ғабдрахман ОМАРОВ қатысты. Кездесуде жарияланбаған соғыста қаза тапқан құрбандар бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Өзінің кіріспе сөзінде аудан басшысы жүректерге Ауған соғысы салған жараның ешқашан жазыла қоймасын тілге тиек етіп, бейбіт заманда «етігімен су кешкен» ерлердің қаһармандығы ел тарапынан ерекше құрметке лайықты екендігін атап өтті. Баһадүр бауырлардың ерлікке толы өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларына назар аударды. Аудан әкімінің мағыналы лебізін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Әсет Биғарашев жарасымды жалғастырды.
Кездесу барысында мектеп оқушылары мен колледж студенттері Ауған соғысы ардагерлеріне өздерін қызықтыратын сауалдарды қойып, әсерлі әңгіме өрбіді. Тақырыптық сипаттағы концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерлі жастар ән шырқады. Кітапхана ұжымы арнайы дайындаған «Ауған асуында от кешкендер» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етілді.
Осынау іс-шарадан кейін аудан әкімі бастаған қауым Ю.Гагарин атындағы орта мектеп алаңына бағыт алып, аталған мектептің түлегі, Ауған соғысының құрбаны В.Трутьконың құрметіне орнатылған ескерткіш тақта іргесіне гүл шоқтарын қойды.
Тағылымды әрі тартымды іс-шараларды аудандық мәдениет үйі, аудандық Жастар ресурстық орталығы, «Зерде» жылжымалы мәдени-сауық кешені, С.Сейфуллин атындағы кітапхана ұжымдары бірлесіп ұйымдастырғанын атап өткен жөн.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖАҢААРҚА ауданы.