Ерлік – ұрпаққа ұран

     Жақында Приозерск қаласында Ауғанстан соғысының ардагері, запастағы полковник Амангелді ЖАНТАСОВ әскери қызметшілермен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерліктерін үлгі ету және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сапында Отан алдындағы мінсіз қызметтерін абыроймен атқарып жүрген әскери қызметшілерге патриоттық тәрбие беру.

Жауынгер Амангелді Жантасов Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Бас Штабының бас барлау басқармасына қарасты 177-ші арнайы мақсаттағы жеке жасақтың құрамында болды.

Кездесу барысында Ауған соғысының ардагері Амангелді Жантасов әскери қызметшілерге өзінің «Жартасты жастанған жасақ» («Қара майордың» мұсылман батальоны) атты кітабымен таныстырды. Кітап авторы ретінде тәрбиелік маңызы бар әңгіме өрбітіп, өзі жазған жыр жолдарын оқыды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына жаңадан қосылған жас сарбаздарға ерекше назар аударды. Оларды Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмаларын бұлжытпай орындауға шақырды. Сонымен бірге, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы көрсетілген барлық бағыттың елдің рухани әлеуетін көтеруге арналғандығын тілге тиек етті. Мерзімді қызметтерін өтеуге келген сарбаздардың алдында алғашқы жазған «Ауылым – алтын бесігім» атты туындысында келтірілген балалық шағын еске түсіріп, оларға Отан-ана және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру үшін Отан алдындағы жауапты қызметте адал болу керектігін қадап айтты.

Кездесу соңында Приозерск гарнизонының бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары майор С.Юсупов Ауғанстан соғысының ардагері, запастағы полковник Амангелді Теміржанұлына ерлік пен қаһармандықты дәріптеп, әскери қызметшілерге патриоттық тәрбие берудегі бүгінгі ашық әңгімесіне  зор алғысын білдірді. Сонымен қоса, жиырма жылдан астам уақытын әскери өмірге арнаған запастағы полковник А.Жантасов Қарағанды облыстық «Қарулы Күштердің ардагерлері» қоғамының төрағасы ретінде Приозерск гарнизонының әскери бөлімдерінде қызмет етіп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарынан запасқа шыққан әскери қызметшілердің бас қосқан ортасына келіп, олардың қазіргі күндегі тыныс-тіршілігімен де ой бөлісті.

Сондай-ақ, Приозерск қаласының №1 және №2 орта мектебінде оқушылармен кездесіп, ерлік сабағына қатысты.

Тілек АЛШЫМБЕКҰЛЫ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.