Қаражал

«Ерлік айы» – елдік жайы

     Берекені көздеген ел мерекелі сәттерде бір мүдде жолында тізе қоса әрекет етуден ешқашан бас тартпаған. Соның бір айғағы – Жәйрем кентінде жергілікті әкімдіктің бастамасымен биылғы жылдың сәуір айында жарияланған «Ерлік айы» акциясының нәтижелі өткеріліп, қалың бұқараның қатысумен қорытындылануы.

«Ерлік айының» ашылу салтанаты кенттегі әр мектепте кент әкімі Аманғазы Наукенов, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ, тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстың бел ортасында болған азаматтардың қатысуымен ашылған еді.

Акцияның салтанатты тұсаукесері мектеп оқушылары арасындағы әскери-спорттық эстафетамен жарасымды жалғасын тапқан болатын. Жан-жақты тұрғыда таразыланып, мағыналы түрде түзілген іс-шаралар жоспары тәрбиелік-тәлімдік мәні зор жұмыстардың жүргізілуіне дәнекерлік еткені анық. Солардың қатарында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген жандардың қатысуымен өткен «Білгірлер бәйгесі» зияткерлік ойыны, мектепаралық саптық сайысы, мектеп оқушыларының «Бейбітшілік үшін рахмет!» және «Әрқашан күн сөнбесін!» атты тақырыптарда эссе жазу мен сурет салудан өткен байқаулары, басқа да барынша тартымды бағдарламалар бар.

«Ерлік айы» акциясы аясында мекеме-кәсіпорындар ұжымдары кентке кіреберіс жер аумағында жүздеген түп тал-шыбық отырғызды. Осы орайда 156 түп терек көшеттерімен қоса, 10 түп ақ қайың және 110 түп қараағаш еккен «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ басшылығы мен еңбек ұжымының белсенділігін айрықша атап өткен жөн. Ағаш отырғызылған алаң болашақта үлкен саябаққа айналады деген үміт бар.

Ал, ардагерлердің қатысуымен өткізілген жалпыхалықтық сенбілік барысында ертеректе егілген тал-шыбықтар ретке келтіріліп, түптері әктелді. «Жеңіс белгісі» мемориалы жаңғыртылып, кент аумағында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылған митингте акция қорытындысы жария етілді. Кент әкімі белсенді іс-қимылымен ерекшеленген мекемелерді Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар тарту етсе, комбинаттың басқарма басшысы Алексей Бурковский әр мекеменің басшысына қаржылай сыйақы тапсырды.

Ауған соғысының ардагері, кәсіпкер Зоя Баедилова да оқушылар арасындағы тақырыптық байқауларда бағы жанған мектептер командаларына қаржылай демеушілік жасады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button