Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Ерлігін мақтан етейік

Соғыстың қаһарман жылдары алыстаған сайын еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ерлікпен шайқасып, әлемді фашистік езгіден құтқарған сұрапыл жылдардағы халқымыздың ерен ерлігі бұрынғыдан да толығып, айқындала түсуде.

Сондай қан-қасаптың ішінен аман-есен еліне оралғандардың бірі – Аманбек Бимағанбетов. Ол кісі Шет ауданына қарасты №7 ауылда 1922 жылы туған екен. Ержеткен соң Қарағанды қаласына келіп, №1 шахтада көмір шығарушы болып жұмыс істейді. Сол кездегі басқа да жастар сияқты комсомол мүшелігіне өтеді. Әскерге алынған соң майданда ІІІ-ші армияның Қызыл тулы Волковыск 475-ші минометшілер әскери полкінің құрамында мерген болыпты.

Архив деректеріне қарағанда полк 1942 жылы жасақталған. Брянск майданының ІІІ армия құрамында Орел қаласының шығысына қарай Зуша өзенінің оң қабағында 1942 жылғы 9 желтоқсан күні соғысқа кіреді. Содан 1943 жылдың 5 тамызында Орел қаласы гитлер басқыншыларынан толық азат етіледі. Бұдан соң 475-ші минометшілер полкі қыркүйек-қазан айларында Брянск шабуылдаушы операциясына қатысып, оны аяқтаған соң Могилев облысындағы Пропойск (қазіргі Славгород қаласы) ауданындағы Сож өзенінің сол жағалауына өтеді.

Вермахт әскерінің Мәскеу үшін күзгі шабуылдауының басталуына орай барлық үш майданда да жағдай өте қиындап кеткен еді. Кіші Измайлов деревнясы үшін ұрыстардың бірінде жаудың бомбалауының күштілігіне қарамастан, Аманбек Бимағамбетов өзінің минометінен дәл көздеп, жаудың оқ жаудырып тұрған пулеметін жайратады да, жаяу әскердің алға басуына жол ашады. Сол жолы қызыл әскер А.Бимағамбетов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

1942 жылы алған жарақатынан айығып шыққан соң өзінің полкіне қайта оралады. Келесі 1943 жылы ВКП (б) қатарына өтеді. Бұдан соң І-ші Белорусия майданының құрамындағы ІІІ армия жауынгерлері Минск алға басу операциясына қатыса отырып, Бацевичи-Сваислочь-Якшицы-Червень бағытында жауды өкшелей қуады. Ұзаққа созылған ауыр шайқастардан соң 1944 жылы 3 маусым күні Минск қаласын азат етеді.

Бір айдан соң ІІІ армияны 2-ші Белорусия майданына қосады. Енді полк Польшаның шығыс аймағын жаудан босатуға қатысып, соғыса жүріп 500 шақырымнан астам алға басады. Жолындағы Белосток, Остроленко және Ломжа қалаларын азат етеді.

Архив құжаттарында кіші сержент А.Бимағамбетовтің 1944 жылы Нарев өзенінің батыс жағалауындағы қырғын соғыста қажырлы еңбек көрсеткені туралы деректер бар. Оның асқан мергендігінің нәтижесінде жаудың талай соғыс қарулары істен шығып, көптеген солдаттары мен офицерлері жер жастанады. Сол жолғы ерлігі үшін «Батылдығы үшін» медалін омырауына тағады. Полк командирі И.Чебатыревтің 1945 жылы марапат парағына жазғанына қарағанда кіші сержант А.Бимағамбетов Гуты-Мале ауданын жаудан қорғау кезінде ерлік көрсетіп, жаудың 1 пулеметін, 81 минометін, 25 солдаты мен офицерін жойып жіберіпті. Қаңтар айында Мехово-Вельке ауданында жаудың шабуылына қарсы тұрып, өзінің минометімен неміс басқыншыларының тағы да жиырмадан астам солдаты мен офицерінің көзін жойған батырлығы үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

475-ші армия миномет полкі 3-ші Белорусия майданының ІІІ армиясы құрамында Кенигсбергті (Калининград) жаудан тазартуға қатысады. Енді 1945 жылдың сәуір айында 1-ші Белорусия майданының құрамында Берлинді бетке алады. Негізі гвардия майоры Иван Иосифович Чеботарев басқарған 475-ші армия миномет полкі өздерінің командирлерінің білгір ұйымдастыру қабілетінің арқасында ұжымшылдығын, жауынгерлік икемділігін, соғыс кезіндегі іс-қимыл шеберлігін көрсетіп, фашистік Германияны тізе бүктіруге елеулі үлес қосқаны үшін талай рет мақтаулар мен мадақтауларға ие болады.

Соғыс біткен соң Аманбек Бимағамбетов елге оралады да, Покорный ауылында жұмыс істейді. Кейін Теміртау қаласындағы «Сибэлектромонтаж» басқармасында еңбек етіп, тындырымдылығымен көзге түседі. Сондықтан да оны Еңбекшілер депутаттары Теміртау қалалық кеңесіне депутаттыққа сайлайды.

Аманбек Бимағамбетов – ел басына күн туған кезде өзінің өмірін бәске қойып қорғап қалған, бейбіт шақта еңбек еткен талай жауынгерлердің бірі. Ол қай жерде еңбек етпесін күшқуатын жұмылдыра, тәжірибесін пайдаланып, нақты және жедел басқара білді.

Ол өзінің адал жары, Теміртауға кәсіптік училищеге оқуға келген Ұмсын Рамазановамен Теміртау қаласында танысады. Соғыстан соңғы қиын кезеңде шаңырақ көтерген жастар 1952 жылы ата-аналарының өтінішімен Шет ауданының Кеншоқы ауылына қоныс тебеді. Үш жылдан соң вольфрам мен мыс өндіретін Қайрақты кенішінің ашылып, құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты Аманбек өндіріс орнына келеді. Осында істеп жүргенде өрт сөндіру бөліміне ауысқан екен. Бірақ, соғыс жарақаты оның ұзақ ғұмыр жасауына мүмкіндік бермей, 1980 жылы өмірден ерте өтеді.

Ұлы Отан соғысындағы майданда жаумен бетпе-бет айқасып, Ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосқан жерлесіміз Аманбек Бимағамбетовты жерлестері ешқашан ұмытпайды. Ол Украина мен Белорусияны, Польша мен Германияны фашистерден азат етуге қатысты, Берлин үшін соғысты. Сол үшін ол соғыс кезінде үшінші дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Батылдығы үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германиядағы Жеңісі үшін» және басқа да наградалар алған болса, оған кейіннен бейбіт еңбектің марапаттары қосылды.

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Аманбек Бимағамбетовтың өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге. Осындай жауынгерлердің ерлігін паш етіп, еңбегін ардақтай білейік.

Жаңагүл ТҰРСЫНОВА,

облыстық мемлекеттік архивтің басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button