Ерлігі ел есінде
Кеше Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы әскер қатарына шақырылып, Қаңтар оқиғасында қаза тапқан сарбаздар Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты еске алды.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 5 қаңтарында қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров жедел бөлімшенің құрамында Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша жауынгерлік тапсырманы орындауда ауыр жарақат алған. Кейін алған жарақатынан қайтыс болды.
Сол күні Талдықорғандағы қоғамдық тәртіпті тұрақтандыру жөніндегі қолбасшылықтың тапсырмасын орындау барысында қатардағы жауынгер Айбат Аманов тонаушылар мен бұзақылардың қолынан қаза тапты.
«Мәңгілік сапта» шарасында сөз алған жауынгерлік қызмет басқармасының бастығы, полковник Мақсат Қырғызбаев Қантардағы қайғылы оқиғаларға тоқталды.
– Қайғылы оқиғалар орын алған уақыттан бері екі жыл өтті. Қаза тапқан әскерилердің есімдері жадымызда мәңгі сақталады. Олардың ерлігі – әскери борыш пен антқа адалдық, – деді полковник Мақсат Қырғызбаев.
Әскери қызметшілер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов жайлы деректі фильмді тамашалады. Фильмде қаза болған сарбаздар туралы ата-аналары, достары, ұстаздары мен командирлерінің пікірі берілген. Шараға қаза тапқан сарбаздардың туыстары да қатысты.
– Мадияр нағыз қаһарман ретінде қаза тапты. Өйткені, әрбір ер туған жерін қорғау үшін туады, менің ұлым өз борышын адал атқарды, – деді Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Қайсарұлы.
Айта кеткен жөн, қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров Қызылордадағы Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінде, ал Айбат Аманов Талдықорғандағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген. Әскери қызметшілер дүниеден өткеннен кейін ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
«Орталық» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Қарағанды қаласы мен Жаңаарқа кентінде батырларды еске алып, көшелерге билбордтар орнатылды. Жауынгерлер даярланған мектептер мен колледждерде бұрыш ашылып, олардың ерліктерін суреттейтін стендтер қойылды. Сәкен Сейфуллин атындағы Жаңаарқа тарихи-өлкетану музейінде Айбат Амановтың киімдері мен жеке заттары қойылған көрме ұйымдастырылды. Ал, Мадияр Қайсаров тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылып, Қызылорда мен Талдықорғандағы әскери бөлімдерде әскери қызметшілерді еске алуға арналған бұрыштар салынды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz