Медицина

Ерлі-зайыпты әріптестер әлемі

Стоматолог – беделді әрі абыройлы мамандық. Тіпті, дәл осы дәрігердің кез келгеніміздің өміріміздегі маңыздылығына баға берудің өзі де қиындық тудыратыны рас. Денсаулық сыр бермеген болса, гастроэнтеролог, невропатолог, кардиолог және тағы басқа салалық мамандарға жиі бас сұқпасақ та, жылына кемі бір рет стоматологқа айналып соғатынымыз бар. Себебі, ауыз қуысын қанша күтіп-баптасақ та, ерте ме, кеш пе, тістің бұзылатыны рас. Білікті стоматологтың көмегінсіз өздігінен қалпына келмейтін тіс емдеу бағасының жоғары болуы да, стоматологиялық қызметтердің сұранысқа ие болуы да осыдан.

Білікті стамотологиялық қызметтердің кең спектрін ұсынатын «AKA-DENT» стоматологиялық клиникасын ашқанға дейін ерлі-зайыпты Бауыржан Тайгуков пен Мейрамгүл Шымбергенқызы дәл осы мамандықтың қыр-сырын меңгерді. Қазіргідей түрлі заманауи жабдық пен тіс емдеуге қажетті құрылғылар болмаған кездегі қиындығын көрді. Тәжірибе жинады. Тісі ауырып келіп, жеңіл қолды дәрігерлердің емінен кейін жаны да, тәні де жадыраған емделушілерінің алғысына бөленді.

Бауыржан Тайгуков пен Мейрамгүл Шымбергенқызы студент кезінен бірге. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетіне бірге түсіп, 1985 жылы бірге бітірді.

Ал, еңбек жолын әуелде Жезқазған қаласынан бастады. Бауыржан Ноянұлы – хирургияда, Мейрамгүл Шымбергенқызы – терапия бөлімінде. Жезқазған облыс болып тұрғанда аталған өңірдің стоматология саласына қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Ол кезде бүгінгідей жекеменшік тіс емханалары жоқ. Облыстық емханада жұмыс істей жүріп, тәжірибе жинады, шыңдалды. Ал, Жезқазған облысын Қарағанды облысына қосқанда Қарағандыға көшуді ұйғарды.

Тынымсыз еңбек пен мамандығына деген сүйіспеншілік, әлбетте, нәтижесін бермей қоймайтыны анық. «AKA-DENT» стоматологиялық клиникасы соның нәтижесі. Дәл осы жерде келушілерге хирургиялық, тіс ауруларының алдын алу, имплантлогия тәрізді стоматологиялық қызмет түрлерін сапалы түрде көрсетеді. Олай деуге де негіз бар. Себебі, екеуі де стамотология саласына күні кеше келген маман емес. Тіс ауруларының, ауыз қуысы ауруларының түрлерін, оны қалай емдеу қажеттігін бүге-шігесіне дейін меңгеріп, әбден маманданған.

… Өмірде де, қызметте де мақсат-мүдделері ортақ Бауыржан Тайгуков пен Мейрамгүл Шымбергенқызы білікті маман ғана емес, ардақты ата-ана, құрметті ата-әже. Үш бала тәрбиелеп, бес немере сүйіп отыр.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button