Ерлан ҚАРИН: Толғақты тақырыпта ұстамдылық қажет
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қоғамдық пікірталас атаулысында арагідік өрбіп қалатын «Аттап кетуге болмайтын шек» турасында тағы бір мәрте еске салды.
Qazaqstan ұлттық телеарнасының «Бас тақырып» атты бағдарламасына мейман болып, берген сұхбатында Ерлан Тынымбайұлы журналист Ерқанат Көпжасарұлының «Аттап кетуге болмайтын шекті» сақтауға шақыру, сайып келгенде, цензураны енгізу әрекеті ретінде қабылданады ма?» деген сауалына «Билік өз принциптері туралы ашық айтуы керек!» деп нақты жауап қатты.
Қоғамдық пікірталастарда ұстамдылық пен тепе-теңдік сақтау – әрбір азамат үшін аса мәні терең міндет. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин осы ұстанымды елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтаудың басты негізі деп санайды. Оның пікірінше, «Аттап кеткісіз шек» ұғымы – бұл тек жалаң шектеу емес, азаматтық мәдениетті, диалог пен өзара түсіністікті дамытуға шақыру амалы. Аталған сыралғы сұхбатта Ерлан Тынымбайұлы қоғамдық келісім кейпі мен жауапкершілік туралы тұжырымдарын тереңірек тарқатып, Қазақстанның демократиялық құндылықтары мен этносаралық татулықты сақтаудың маңызын ерекше баса белгілеп өтті. Қоғамда пікір алуандығының болуы – оның дамуының көрсеткіші. Алайда, қалтарыста бұғып жатқан бір анық ой болсын, әрбір пікір мен әрекет ортақ құндылықтардың саф қалпын бұзбай, қоғам игілігіне қызмет етуі қажет-ақ. Елгезек әлеуметке тұрақтылығы мен келешегі үшін қоғамдық диалогтың мәдениеті мен жауапкершілігі басты назарда болуы тиіс. Бұл – ұлтымыздың кемелдену жолындағы үлкен қадам, әрі кемел де ортақ келешекті жарқын етудің бірден-бір кепілі.
– Жалпы, қым-қуыт қоғамда осы қағидаттарды жұртшылықтың түсіне білетініне әрі қолдау табарына өз басым бек сенімдімін. «Аттап болмайтын шек» цензура емес, шектеу де емес! Тағы бір мәрте қайталаймын, бұл тек қоғамдық қайсібір пікірталаста мейлінше ұстамдылық пен тепе-теңдікке шақыру үрдісі. Әсіресе, этносаралық қатынастар, тіл және дін тақырыптары. Сондай-ақ, сыртқы саясат мәселелері сияқты «сезімтал» көзтаныс ойлар. Рас, көптеген мемлекеттер осындай құбадүмбіл тақырыптар шеңберінде әсіре саясаттандырылған дауларға қатысты дағдарысқа ұшырағаны жасырын емес, – деп тұжырды ойын Мемлекеттік кеңесші. – Біздің қоғам гетерогенді. Өзді өзіміз алуан-алуан пікірлердің кең плюрализмі, ашық демократия орнауын қаладық. Егер әр түрлі пікір алаңында әркім жалаң эмоцияға бой алдырған болса, кез келген мәселені шамадан тыс саясаттандырса, қоғамды қақ бөліп, азаматтарды бір-біріне қарсы қойса, сол қоғамның өзі де зиян шегері – қасқайған ақиқат.
Еске салайық, бұған дейін де Ерлан Қарин қоғамдық алаңға қатысушыларды, блогерлерді, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, азаматтық белсенділерді, сарапшыларды және өзгесін қоғамдық мінез-құлықтың белгілі бір нормаларын ұстануға үндеген болатын.
Оның айтуынша, «деструктивті әрекеттерден ғана емес, кез келген арандатушылық, жанжалды риторикадан да барынша аулақ болу керек». Сөзінің соңында Мемлекеттік кеңесші қазақстандық қоғам үшін үш қатерлі тақырыптың астын сызып көрсетті. Бұл – этносаралық қатынастар мен тіл төңірегі, діни қатынастар және сыртқы саясат мәселелері.
– Ерлан Кариннің озық ойы мен келелі көзқарасына қуанып отырмын! Бұрнағы сұхбаттарында елдік идеология тұрғысындағы көзқарасы сәл өзгешелеу секілді көрініп еді. Асылы, дәстүр, тіл, дін сынды тамырлы бағыттар аясында балабақшадан бастап, төл дүниетаныммен тәрбиелер өміршең бағдарламалар жасау қажеттігі туындайды. Қарапайым қазақ тілінде оқыту үдерісі, ата-ананы құрметтеу, отбасы құндылығы, ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру, әжелер қауымдастығы сынды бағыттарды жандандырған маңызды. Өйткені, не болса, негізден, отбасынан екендігі шындық. Өнегелі отбасынан шыққан жан аймағын кейіске салмайды, – деп пікір білдірді қоғам белсендісі Жанарбек Орымбаев.
Сонымен, Ерлан Қариннің бұл мәлімдемесі байтақ еліміздің тұрақтылығы мен ынтымағын сақтау жолында біртұтас азаматтық қоғамның жауапкершілігін және бір еске салғандай. Әрбір азаматтың сөзі мен іс-әрекеті қоғамдық келісімнің берік болуына ықпал етуі қажет. «Аттап кеткісіз шек» ұғымы тамтығы шыққан цензура емес, керісінше, азаматтық мәдениеттіліктің, ұстамдылықтың және ортақ құндылықтарды қорғаудың көрінісі екенін түсінген ләзім. Ойға сергек болуды астарлап аңғартқандай. Әсіресе, ұрымтал тұстарда тепе-теңдік пен өзара құрметті сақтау – әрбір әлеуметтің кемелденуінің көзайым көрсеткіші. Ел бірлігі әрбір тұрғынның ықтиярына салынған қасиетті таңдау. Осыны байыптап бағалай жүріп, өзара сыйластық пен диалогты дамыту жолымен ғана біз демократиялық құндылықтарды нығайтып, болашағымызды баянды ете түсеміз. Ерлан Тынымбайұлының үндеуі баршамызға ой салып, ортақ мүдде жолында бірігуге шақырады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz