Еріктілер жылы енжарлықты қаламайды
Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиналысында Жастар жылы қорытындыланып, Еріктілер жылында атқарылатын жұмыстар талқыланды. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК мемлекеттік қызметкерлердің еріктілер қозғалысына қатысу керектігіне тоқталды.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, облыстың әрбір бесінші тұрғыны – 30 жасқа дейінгі жастар. Яғни, 14-29 жас аралығындағылар саны – 281 406 адам. Оның ішінде 9 ЖОО-да 43 мыңға жуық студент білім алса, 69 колледжде 40 мыңдай студент оқиды.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 21 мыңға жуық жастар жұмысқа орналастырылған. Жастар тәжірибесіне 1573 адам жіберіліп, кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға бағытталған «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары шеңберінде 1417 жас гранттар иеленді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 2019 жылы ауылдық жерлерге 482 жас маман (2017 ж. – 151, 2018 ж. – 386) басым мамандықтар бойынша барды.
Сонымен қатар, жастардың «Жасыл Ел» қозғалысына белсене қатыса бастағанын да айта кеткен жөн. Аталмыш жоба бойынша 2 мың жас жұмыспен қамтылған (2018 ж. – 1505). Бұдан басқа, салынып жатқан барлық нысандарда абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Бұл жастарға облыстың экологиялық ахуалын сауықтыруға, демалыс кезінде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
«Zhas Project» жобасының іске асырыла бастағанын да айтты басқарма басшысы. Басты мақсат – әлсіз топтан шыққан жастарды осы жобаға тарту. Мұнда қатысушыларға оқу бағдарламасынан өтуге, ай сайынғы әлеуметтік шәкіртақы, жеке ісін ашуға 1 млн. теңгеге дейін гранттар алуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің пәрменімен биыл жас кәсіпкерлерге берілетін грант сомасы ұлғайтылған. Яғни, бұл облыс жастарына жаңа кәсіппен шұғылдануға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі дөңгелетуге бөлінетін қаражат. Тағы бір тиімді тұсы – осы жылдан бастап жастар жобасы тек ауыл мен аудандар ғана емес, облыстың моноқалаларында да қолдау табады.
– Еріктілер жылы бойынша, облыстық іс-шаралар жоспарын әзірледік. Жұмыс «Bilim», «Saulyq», «Sabaqtastyq», «Taza Qazaqstan», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit» бағыттары бойынша ұйымдастырылатын болады. Бұдан бөлек еріктілер жұмысын үйлестіру үшін «Qoldau» аймақтық ресурстық орталығын ашу жоспарда бар, – деп түйіндеді баяндамасын Нұржан Жетпісбаев.
Өз кезегінде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Еріктілер жылы аясында атаулы және ақпараттық насихатты күшейтетін жобаларды одан әрі жетілдіруді тапсырды.
– Бізде көптеген еріктілер бар. Олардың қатарына аға буын өкілдері де кіреді. Әдетте, еріктілер қызметін жастардың ісі деп қабылдаймыз. Бірақ, бұл әркімнің өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ, жастар саясаты мәселелері басқармасына Еріктілер жылын ұйымдастыру жөніндегі жоспарлардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына орындалған жұмыстар туралы ай сайын есеп беріліп, тоқсан сайын аппараттық кеңесте тыңдалатын болады. Сондайақ, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, оқыту семинарларын өткізу маңызды. Мемлекеттік қызметшілер де қозғалысқа белсенді қатысуға тиіс. Бұл қалалар мен аудандарға да, орталық аппаратқа да қатысты, – деді жиналыс соңында Жеңіс Махмұдұлы.
Қасымхан ҒАЛЫМ