Ресми

Ерге де, елге де қауіпті дерт

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген. Осы бағытта есірткінің қоғамға аса қауіпті түрлері, әсіресе, синтетиканың жолын кесу, нашақорлыққа тәуелділікті ерте анықтау шаралары жалғасуда. Кешенді жоспардың жүзеге асу бағытымен танысу мақсатында Парламент Мәжілісінің «Заңнама және сот-құқықтық реформасы» комитетінің мүшелері Қарағандыға келді.

Комитет мүшелері алдымен «Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығына» барып, мемлекет пен азаматтық сектор арасында жүзеге асқан жұмыстармен танысты. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталықтың құқықтық, әлеуметтік, психологиялық, отбасы мәселелері төңірегінде атқарып жатқан ілкімді жұмысын ерекше атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысқан комитеттің көшпелі отырыста нашақорлықпен күрес сөз болды.

– Азаматтардың мүддесін сақтау барысында қауіпсіз қоғам құруға бағытталған жұмыстар істелуде. Әрине, шешімін таппай тұрған мәселелер де бар. Есірткінің таралуына қарсы тоқтаусыз күрес жалғасады, – деп атап өтті Ерлан Құсайын.

Жалпы, жыл басынан бері облыста есірткінің заңсыз айналымы тоқтатуға бағытталған бірнеше жұмыстар атқарылған. Осы уақытқа дейін 450 келі есірткі тәркіленіп, 77 адам ұсталған. Оның төртеуі кәмелетке толмағандар. Полиция департаментінің киберполиция бөлімшелері есірткіге қатысты 65 сайтты бұғаттаған.

Сондай-ақ, жергілікті полиция өкілдері оқушылар арасындағы есірткінің заңсыз айналымы және қылмыстық жауапкершілік жайлы бейнероликтер көрсеткен. Мектептерде 1000-нан астам дәріс өткізіліп, тәртіп сақшылары есірткіні жарнамалайтын көшелердегі 700-ден астам граффитиді жойған. Есірткінің таралуына жол бермеу мақсатында ойын-сауық орталықтарының басшыларымен меморандум жасаған.

Сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы кинологиялық қызмет көрсету орталығымен және білім басқармасымен бірлесіп, қаладағы колледж жатақханаларында профилактикалық рейдтер ұйымдастырды. Студенттерге есірткіге қарсы кітапшалар таратып, заңды тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткінің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын қылмыстық кодекстің нормаларын атаған. Студент жастар тәртіп сақшыларына көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізіп, есірткі сайттарына сілтеме жасаған немесе наркокурьерлердің жұмысына қатысты граффитилерді жою акциясына қатысқан.

– Бес жыл бұрынғы аралықпен салыстырғанда, үлкен айырмашылық бар. Алайда жұмыстар жасалғанымен, үлкен ауқымды мәселе әлі шешімін таппай тұр, – деді Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева.

Ішкі істер министрлігіндегілердің сөзіне сүйенсек, атқарылған шараларға қарамастан, қазіргі таңда есірткі қолдану фактілері оқушылар арасында анықталуда. Жою мақсатында скрининг өткізу жүйесі жоспарланып отыр. Бұл – қоғамның нашақорлық деңгейін объективті түрде бағалауға және есірткіге тәуелді адамды, әсіресе жасөспірімдер арасында ерте бастан анықтауға мүмкіндік бермек.

Облыс әкімінің орынбасары нашақорлықтың алдын алудың жаңа әдістерін іздеуді тапсырды. Қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері психотроптық заттардың таралуына қарсы жұмысқа белсенді қатысуға шақырды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда психоактивті заттарды қолдану салдарынан 108 мың адам, оның ішінде алкогольге тәуелділігі бар 90 мың адам, есірткіге тәуелділігі бар 18 мың адам динамикалық бақылауда тұр.

Қазіргі таңда 1 500 әйел мен 100-дей кәмелетке толмаған бала есірткіге тәуелді. «Синтетикалық» жаңа психоактивті есірткі заттарына тәуелді адамдар санының өсу тенденциясы азаймай тұр.

Полиция өкілдерінің айтуынша, есірткінің кез келген транзакциясы үшін 10 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жаза бар.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button