Ерекше жастар қолдаусыз қалмайды
Облыс колледждерінде ерекше қажеттілігі бар студенттерге бес жаңа мамандық бойынша сегіз топ ашылмақ. Атап айтқанда, тамақтануды ұйымдастыру, тігін өндірісі және киім үлгілеу, аяқ киім ісі, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, сәндік-қолданбалы өнер және халық кәсіпшілігі мамандықтарына бейіні бойынша түсе алады. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің базасында мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби даярлау үшін ресурстық орталық іске қосылды. Аталған мамандықтар жаңа оқу жылынан басталады деп жоспарланып отыр.
Өңірде мүгедектігі бар жастарды жұмысқа орналастыруға көп көңіл бөлінеді. Бұл туралы ерекше балалардың ата-аналарымен кездесу кезінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жеткізді. Тоқсан сайын өтетін дәстүрлі ашық диалогқа басқарма басшылары, қала және аудан басшылары қатысты.
Өзекті мәселелердің бірі – мүгедектігі бар жастарды жұмысқа орналастыру.
– 37 колледжде инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Бүгінде мұнда 14 мамандық бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар 359 студент оқиды. Бірақ, ең бастысы – түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі. Биыл 162 студент оқуын аяқтайды. Алдын ала мәліметтер бойынша, әзірге 61 адам жұмыспен қамтылмаған. Оның ішінде, денсаулық жағдайы да ескеріліп отыр, – деді білім басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бөлкенбаев.
Түлектерге мансап орталықтарында жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес беруге дайын. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, мансап орталықтарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 270 жас жүгінген. Олардың 104-і жұмысқа орналастырылды.
– Олар әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алды, қоғамдық жұмыстармен айналысады және «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысады. Төрт адамға бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін грант берілді, – деді Әсем Айтжанқызы.
Бұл ретте өңір басшысы еңбек еткісі келетін және жұмыс істей алатын кез келген адамға жұмыс табуды тапсырды.
Ерекше балалардың ата-аналары білім, әлеуметтік көмек, спорт және медицинаға қатысты мәселелерді тағы көтерді. Арнайы сыныптардың, спорт секцияларының және мамандардың тапшылығы, әсіресе, аудандарда маман жоқ екенін айтып, шағымданды. Сонымен бірге, олар кездесулердің арқасында көп нәрсе шешілгенін атап өтті.
– Менің ерекше балам қазір 21 жаста. Жағдайдың жақсарып келе жатқанын көріп отырмын. Біздің өтініштерімізге құлақ түреді, бізге көмектеседі. Мүгедек балалары бар қамқоршыларға тегін жол жүруді ұйымдастыруды сұрағанымыз есімде. Бұл мәселеміз назарға алынды. Ата-аналардың жұмысқа шығуы үшін 18 жастан асқан балаларға арналған күндізгі топ құру мәселесі шешілуде. Биылдан бастап, Даун синдромы бар 18 жастан асқан балалар инватаксиді қолдана алады, – дейді ата-аналардың бірі Жанар Нақбосынова.
Ермағанбет Қабдулаұлы бұл бағытта айтарлықтай жұмыс қолға алынғанын айтты, бірақ алда әлі біраз жұмыс бар екенін еске салды.
– Кездесу арқылы мәселелерді талқылауды және оларды шешудің жолдарын бірлесіп іздеуді жалғастырамыз. Бүгінгі айтылған мәселелерді қарастырып, келесі жолғы кездесуде егжей-тегжейлі жауаптар беру керек. Әрине, кейбір мәселелер бюджет қаражатына байланысты. Бірақ, шұғыл шешуге болатын және шешілуі керек ұйымдастырушылық мәселелер бар. Ата-аналарға шыдамдылықпен сындарлы ұсыныстарымен бөліскені үшін алғыс айтамын. Біз ерекше балаларға барлық жағдай жасауымыз керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz