Ерден батыр ескерткiшi
Ұлт тұлғаларын ұлықтау ұлағаты арқылы ұрпақ санасын сергітуді ерте бастан айнымас ата салтына айналдырған Ұлы Даланың Ұлытауында ел Тәуелсіздігі күні тағы да бір тағылымы терең, шырайы шұрайлы шара атқарылды. Арқаның алтын кіндігі іспетті биік таудың бөктерінде Ерден батыр Сандыбайұлының қола мен мыстан құйылған, биіктігі тоғыз метрді құрайтын еңселі ескерткіші бой көтерді.
Ерден Сандыбайұлы – өз заманында қол бастап, ел іргесін жаудан қорғаған батыр, билік айтып, дау-дамайдың түйінін тарқатқан би-шешен, болыс, аға сұлтан, дуанбасы ретінде ел мен жерді басқарудың ерен үлгісін танытқан ірі тұлға. Ұлттың бірегей ұлының бойындағы асыл қасиеттерді сол кезеңдегі қазақтың қайраткер азаматтары қапысыз танып, мінсіз мойындағанын тарихи жазбалар мен өлмес өнер туындылары еш күмәнсіз айғақтайды. Мәселен, есімі елге етене мәлім ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Атасын Алаш білген Ерден батыр, Ту ұстап, тұлпар мінген, тігіп шатыр» десе, атақты Орынбай ақынның «Ішінде көп қарғаның бір бүркіттей, Көзіме көрінесің келген жерден» деп айрықша ықылас танытуы бекерден бекер болмаса керек. Ұлы ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың «Ұлытау жерін мекендеген аса күшті, халық саны да өскен, бай Бағаналы руын басқарған Ерден Сандыбайұлы – өте ықпалды феодал» деп баға беруі – тарихи тұрғыда таңбаланған айнымас ақиқат. Ықылас Дүкенұлының «Ерден» күйі танымал тұлғаның ілкімді іс-әрекеттеріне тәнтіліктен туындаса, Тәттімбет Қазанғапұлының «Бес төре» күйіндегі бесеудің бірі – халқына қадірі артқан Ерден батыр.
Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде жұртшылықты мерейлі қуанышымен ақжарыла құттықтаған аудан әкімі Әнуар Омар жоғарыдағы жайттарға ерекше екпін бере отырып, тереңнен тарта толғады. Елдің өнегесі мол өткені мен елдіктің кемелдене түсуіне негіз қалайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзара сабақтасуы тағылымдарын тілге тиек етті. Елдік мұратты бәрінен биік қойған баба рухына бас иіп, ескерткішті дайындау мен орнату шығындарын толығымен көтерген атпал азаматтар Марғұлан Молдашев, Абай Байділдаев, Ержан Мұқан, сонымен қатар, тау бөктеріндегі көрген көз сүйсінетін толымды сәулет туындысының авторлары – Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшелері Шаһибаден Сейткенов пен Өмірхан Жүнісбековтің иықтарына зерлі шапан жауып, аудан әкімінің Құрмет грамоталарын табыс етті. Ел тілегін ескеріп, еңселі ескерткіштің бой көтеруіне мүдделілік танытқан жомарт пейілді кәсіпкерлерге Ерден батырдың тікелей ұрпақтары да дәл осындай құрметі мен қошеметін көрсетті.
Шара барысында сондай-ақ, біртуар болмысты бабаның ұрпағы, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Қорғанбек Әшмұқанбетұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-ақын Батырбек Мырзабеков және кәсіпкер Марғұлан Молдашев жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, айтыскер ақын Жанбол Көпбосынов өзінің арнау жырын орындады.
Осылайша, Ұлытауда Мемлекет басшысының «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер, жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген ғибратты ұстанымымен мейлінше үндес сипаттағы әлеуетті әрекет ел көңіліне аса жағымды түрде іске асырылды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ҰЛЫТАУ ауданы.