Жаңалықтар

Ер мінезді іскер жан

Рымбала Кенжебалақызын өнерге келгеннен бастап танимын. Өзіме туысымдай болып кетті. Қарағандыға келген сайын ақжарқын күлкісімен, жайдары жүзімен қарсы алады. Өзі жалғыз мен емес бүкіл өнер адамдары Қарағандыға келе қалса, апайды іздейді: «Қайда ол кісі, бар ма?» деп. Өйткені, Рымбала апамыздың орны бөлек, жөні бөлек. Ол кісі бір іскер адам, қаланың өзге қыз-келіншектеріне ұқсамайды.

Қай іске де ер адамша бел буып, білегін түріп кірісіп кететін іскер адам.

Ол кісінің бір қасиеті – шаршамайды, талмайды, жалықпайды. Іс-шара болсын, концерт болсын, жиналыс болсын біреуінен қалғанын көрген емеспіз.

Келген қонақтарды қарсы алып, шығарып салып жатады. Соның барлығына мұқият қарап, бір жерден шашау шықпасын, бір жерден кішкене кінәрат кетпесін деп, бәрін сырттай қадағалап, ақыл-кеңесін айтып отырады. Былайша айтқанда бұл кісінің ер адамнан артық мінезі, ер адамнан артық қайраты, еңбекқорлығы бәрімізге ұнайды. Бүкіл республикадағы жұртшылық осы Рымбала апамызды қатты сыйлайды, құрметтейді. Өйткені, халық әбден етене таныған.

Рымбала Омарбековаға денсаулық тілей отырып, ол кісінің халыққа қажет, елге керек екенін айтқым келеді. Бәріміз де Қарағандыға бара қалғанда «апамыздан сұрайық, апамызбен ақылдасайық» деп, жастар сол кісіні күтіп отырады. Өйткені, ол кісінің білгені мен алған тағылымы мол. Қаншама жыл ел басқарды, қанша жыл Қарағандының өнерін көркейтті. Қарағанды өнер ордасы деген бағадан айнымаған қалыпта келе жатыр. Кешегі 1990 жылдардағы қиыншылық жағдайды да филармония қызметкерлерінің, өнер адамдарының жалақысын уақытында беріп, қарнын ашырмай алып шықты. Міне, содан бері тамаша бір қалыпта келе жатыр, өнер адамдарының бәрі риза бұл кісінің еңбегіне, қамқорлығына. Қарағанды халқын солай үйретіп қойған, елдің бәрі қандай концерт болсын, үнемі келіп отырады. Басқа облыстарда мұндай нәтиже жоқ. Халықты үйрете білу, халықты баули білу, өнерге тәрбиелеу деген қасиет ешкімде жоқ, осының бәрін Рымбала апамыз іс жүзінде қолданып, елдің алғысына бөленіп отыр.

Бүкіл Қазақстанның өнерпаздары, жазушы-ақындары бар, осы Рымбала апамызға тілектес ырза, бәріміз жақсы көреміз ол кісіні. Сондықтан, бақытқа толы ғұмыр тілейміз. Мерейтойы құтты болсын!

Қайрат БАЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Республикасының халық артисі

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button