Жаңалықтар

«Ер есімі ел есінде»

Шет ауданы Үңірек ауылында Арқаның атақты батыры Сазанбай батырға арналып ас берілді. Ас Сазанбай батырдың ескерткішінің ашылу рәсімінен басталды. Мұздай қаруланған батырдың өр бейнесіне жұрт таңырқай-тамсана қарады. Ас төңірегінде бәйге, қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.

 

Асқа жиналған ағайын қарасы қалың болды. Батырдың ұрпақтары және ас қонақтары ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығын білдірді. Ал, ғылыми-практикалық конференцияда академик Серік Негимов бастаған профессор, доцент ғалымдар Сазанбай батырдың дәуірі жайлы сөз қозғап, батырдың түр-тұлғасын, мінезі мен жаужүректігін сан-қырынан танытты. «Ер есімі ел есінде» қалатыны айғақ. Батырдың жасаған ерліктері мен ел аузындағы аңыз-әпсаналар жаңғырды.

Даңқы шыққан батырды Абылай ханның жүзбасы әрі ту ұстаушы сенімді серігінің бірі болған деседі. Ескерткіште айқын көрсетілген астындағы талмас қанаты – «Көкжайдақ» аты. Аттың тұрпатынан-ақ үстіндегі батыр рухын тануға болады. Жазушы Несіпбек Айтұлы «Көкжайдақ» поэмасында батыр мен аттың бейнесін айнытпай суреттейді.

Үңіректің аумағында орналасқан «Керегежайған» шоқысының басына орнатылған бес метрлік бұл ескерткіш таза граниттен құйылған екен. Салмағы – бір тонна, 200 келі. Алыстан көрермен көзін тарту мақсатында жай аттылы адамның бейнесінен екі есеге үлкен етіп жасалған. Ескерткіште «Көкжайдақ» аттың үстінде батыр сүңгісін жерге түйреп, сүйеніп тұр. Бұл бейне оның қолбасшы екенін танытса, екінші жағын алып қарасақ, отырған отырысы оның тек қорғанысты көксеген, бейбітшілікті қалайтын адам екенін айқындағандай. Шоқыға шығып, батыр ескерткішіне жақындау үшін екі жағына арнайы сүйемесі бар баспалдақтар орнатылған.

Ескерткіштің тұрған жері тура Жезқазған-Алматы тас жолының бойы. Келешекте батыр рухына тағзым ете келген келушілер бұл жерді туристік мекенге айналдыруы бек мүмкін.

Жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлерде аста-төк ас беріліп, келген қонақтарға құрмет көрсетілді. Ас өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұны шара қонақтары да ризашылықпен жеткізді. Осы сауапты істің басында жүрген Сәулебек Жәмкеновке де қалың қауым ықыласын білдірді.  Ескерткішті заңдастыруда Сәулебек Жәмкенов еңбегі ерен еді. Келген қонақтардың арасындағы ақсақалдар атақты Есбайдың асы қайталанғандай әсер алдық деп баға беріп жатты.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button