Руханият

Энциклопедияда – ауыл тарихы

Ауыл десе алаңдап, аңсап тұрамыз. Топырағы да табаныңа жұмсақ болып сезіледі. Самалы маңдайыңнан сипап, еркелеткендей болады. Сол туған топырақтың азып-тозған, аңғал-саңғал кейпін көргенде жүрегіңе біреу пышақ сұғып алғандай күй кешесің. Асыр салып, өскен ауылым Қаратауға – 60 жыл толып отыр. «Туған жеріме нендей сый тарту етсем» деп біраз ойландым. Жүректен шыққан жырымды арнап, ауылдастарымның «Біздің ауылдан шыққан журналист-ақын» деп аузын толтырып айтқанын талай естігенмін. Бүгінде көзі жоқ үлкендердің батасын алғанмын. Егіндібұлақ ауданына қараған Қаратау совхозы бір кездері қойнауы төрт түлік малға толы, дүрілдеген шаруашылық болды. Егін екті, шөп шапты. Еңбек ерлері шықты. Ауылды өркендетуге үлкен үлес қосты. Жылдар өте бәрі өзгерді. Кезінде осы топырақ – «тартып қалса түгінен май шығатын» ауыл болғанын, онда керемет қажырлы адамдар еңбек еткенін кейінгі ұрпақ қайдан білсін?.. Оның бір ғана жолы бар. Ауылым туралы анықтамалық энциклопедия жазу.

1993 жылы 4 мамырда Егіндібұлақ ауданы, Қазыбек би ауданы болып өзгертілді. 1997 жылы 23 мамырда Қазыбек би ауданы таратылды. Сонымен бірге, бүкіл аумақ Қарқаралы ауданына берілді. Егіндібұлақ ауданы Қарқаралының құрамына енген соң, Қаратау ауылының халқы «балапан басына, тұрымтай тұсына» көше бастады. Ауылда мал ұстайтын бірен-саран отбасы, қариялар мен мектепте жұмыс істейтін мұғалімдер қалды. Жастар жағы жұмыс іздеп, үлкен қалаларды жағалады. Тұрғындар қолындағы малын сатып, күн көріске ыңғайлы елді мекендерге қоныс аударды. Біртіндеп «Алғабас» орта мектебі – тоғызжылдық – бастауыш мектепке айналып, ауылда оқушы азайды. Күтім болмаған соң, ауылға апаратын тас жолдың үсті шұрықтесік болып, діттеген жерге жете алмай қиналдық. Барған күнде де, бұрынғыдай қара шаңырақ жоқ.

Кейінгі ұрпаққа бір кездері қойнауы құтқа толған, шаруашылығы шалқыған ауыл болғанын қалай дәлелдейсің? Ауылдың іргетасын құрғандардың көбі өмірден өтіп кетті.

Бұл киелі топырақта аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов, Қазақстанның Халық әртісі Жүсіпбек Елебеков, Нұғыман Әбішев дүниеге келген. Осындай қасиетті туған топырақ қалайша иесіз мекен болып, көз алдымызда жоғалып кетпек?! Қайтпек керек?!

Сөйтіп, тәуекел етіп, ауылымды мәңгілік есте қалдыру үшін кітап жазуды қолға алдым.

Ауыл тарихы жайында қалам тартпас бұрын алдымен жан-жағыма қоңырау шалдым. Менің өтінішіме құлақ асқан ауылдастарым ата-әжелері, ата-аналары туралы қолда бар деректерді электронды поштаға жібере бастады. Жеке адамдардан дерек жинау қиынға соқты. Техниканың заманында ақпаратты компьютерде теріп, сапалы суретін жіберуін бірнеше рет өтінсем де, материалды қолмен жазып, суретті ватсапқа түсіріп, салып жібергеннің қарасы әжептәуір болды. Сурет сұрағанда мобилді телефонға ата-анасының көпшіліктің арасында, тойда дастарқан басында түскен суреттерін жібере салғандар болды. Мұндай суреттерді қиып алу да оңайға түспеді. Бір қарияның немересі «Атам Ұлы Отан соғысына қатысқан» деп бір-ақ ауыз сөз жазып, жібере салады. «Атаңның толық аты-жөні кім, майданда қай жерде болды, аман оралды ма, елге есен келсе, қайда жұмыс істеді?» деп сұрап, электронды поштамен хат жазып жіберемін. Бірақ әлгі бала «Осымен жұмысым бітті» деп ойлаған болуы керек, почтаны ашып қарамайды. Амалсыз телефонды құлағыма қыстырып, жанжаққа қоңырау шалып, әлгі атамызды іздестіре бастаймын. Абырой болғанда жанайқайым ет жақын туыстарына жетіп, іздестірген дерекке қол жеткіздім. «Апай, сіз туыстардың бәрін әуреге салдыңыз, ата-әжеміздің суреті бар альбомды іздейміз деп сарсаңға түстік» дейді олар. Сөйтсек, альбомды алыс қалаға тұрмысқа шыққан қыз алып кетіпті. «Суретті ватсапқа салып жібердік» деген соң телефондағы суретке үңілейін. Асығыс-үсігіс телефонға түсіре салған суреттің сапасына көңілім толмай, қайта қоңырау шаламын.

Ауыл адамдарын тапса, кітапқа беретін ақпаратты қалай жазу керектігін түсіндіріп, олардың кез келген уақытта соққан қоңырауына жауап беріп отырудың өзі бірталай уақытымды алды. Почтаға түскен хаттарды тіркеп, сапасыз суреттердің жарамсыз екенін ескертіп отырдым. Суретті қиып, мәтінді қайта жазып, алған марапаттарын анықтап жазу сияқты толып жатқан жұмысты бір өзің атқару оңай емес. Хат тіркеуге бір адам алдым. Арада жарты ай өткенде мен ұсынған қаражатты місе тұтпай, жалақысын көтеруді өтінді. Менің өзім ауылдастарым үшін тегін жұмыс жасап жатқанымды айтқанда, әрі қарай жұмыс істеуден бас тартты.

Кітап жаза отырып, көзін көрген үлкендердің суретін аялай сипап, асқан құрметпен қалам тербедім. Мамыр айында жанжаққа тарап кеткен байырғы ауыл тұрғындарынан дерек жинап, маусым айында жазуға отырдым. Бір ай бойы көз майымды тауысып жазып шықтым. Кейде түнгі үшке дейін жұмыс істедім.

Кітаптың алғы сөзі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қарлығаш Амангелдіқызының, Қарқаралы ауданы әкімі Эльдар Дүйсетаевтың, Н.Нұрмақов атындағы ауылдық округі әкімі Талғатбек Біләловтің құттықтауынан басталады.

Тоқсанның төріне шыққан совхоз деңгейіндегі партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдарында басшылық қызмет атқарған Рамазан Садықтегінің, совхоздың алғашқы директоры болған Әбілтай Ысқақұлы Ыдырысовтың, Егіндібұлақ аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас мал дәрігері әрі аудандық малдәрігерлік мекемесінің бастығы Кәрібек Мұстафиннің жазған естеліктері – ауыл тарихын тереңнен қозғайды. «Алғабас» орта мектебінің тарихында ұлағатты ұстаздардың әр жылдардағы білім беру ісіндегі жанкешті еңбегі арқау болған. Өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутайдың рұқсатымен «Жүсіпбек Елебеков» атты деректі романынан Жүсекеңнің өмірдегі және өнердегі жолдарынан үзінді келтірдім. Алаштың аяулы азаматы Нығмет Нұрмақовтың қоғамдық саяси және мемлекеттік қызметін арқау еткен көлемді мақалаға орын берілді. Ауылымызда 107 жасқа жетіп, бақиға өткен қария Құрманбай Ботабекұлы жөнінде де қызықты дүниелер, Еңбек Даңқы орденінің толық иегері, әйгілі шопан Заманбек Бакенов жөніндегі ой-толғаныс та оқырманын қызықтырады деген ойдамын. Өз дәуірінде ауыл шаруашылығының әр саласында тынымсыз еңбек еткен ата-әжелерімізді, ата-аналарымызды, Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында шейіт болғандарды және тыл ардагерлерін, ауылдың мақтанышына айналған кейінгі үлгілі ұрпақтарын да осы кітаптан оқи алады.

Жазу, редакциялау, корректорлық жұмысты атқарып біткен соң, баспахана іздестірдім. Қолжетімді баспахана табу оңай болмады. Қымбатын таңдауға халықтың кітапқа тапсырыс берген және ауыл тойына арналған қордан бөлінген азын-аулақ қаржы жеткіліксіз болды. Екі ай бұрын келісіп қойған баспахана мен кітапты жазып, ұсынғанда, бір кітаптың құны екі есеге қымбаттап кеткенін жеткізді. Амалсыз кітаптың баспадан бастырып шығаратын құнын арзанға түсіру жолын қарастырдым. Сөйтіп, кітапқа верстка жасау, безендіру жұмыстарын жеке қолға алдық. Беттеуші-көркемдеуші Гүлхан Алмасбековаға алғысым шексіз. Дайын электронды түрін «TENGRI L.td» баспаханасына ұсындым. Олар жиырма күннің ішінде «Қаратау ауылы энциклопедиясы» кітабымды жарыққа шығарды. Халыққа «кітап шілденің соңына қарай, қолдарыңызға тиеді» деп айтқан уәдемде тұрдым.

Оқырмандар тарапынан алғыстар ағылып келген сайын еңбегім көптің көңілінен шыққанына шүкіршілік еттім. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, ең бастысы ауылым Қаратаудың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан, бүгінде өмірде жоқ аруақтар бір аунап түскен шығар…

Жұлдыз ТОЙБЕК,

«Қаратау ауылы» энциклопедиясы кітабының авторы, ақын-журналист.

Басқа материалдар

Back to top button