Енді мектептер де ваучерлік тәсілмен қаржыландырылуы мүмкін – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептер салу мен жаңғырту жұмыстары жөнінде пікірін білдірген болатын.
– Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет. Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Аталған жоба қаншалықты тиімді, орынды екенін қарау керек. Егер талапқа сай болса, бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті, – деді Президент.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады.
– Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет, – деп қосты Мемлекет басшысы.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА