Емтихан тапсырудың жаңа әдісі
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсырудың жаңа ережелері енгізілді. Ережеге сәйкес, сынақ қабылдаудағы ұйымдастырушылық-технологиялық үрдістерді Мемлекеттік корпорация өзі жүзеге асырады. Бұған дейін аталған міндетті аутсорсингтік компаниялар атқарып келген болатын.
Жаңа ережені енгізуге «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына келген клинеттердің шағымы негіз болған. Атап айтқанда, жедел қызмет көрсетуді талап еткен көпшіліктің ұсынысынан кейін Мемлекеттік корпорация тестілеу процесін өзі ұйымдастыруға шешім қабылдады. Мамандар бұл өз кезегінде тестілеудің сапасы мен қауісіздігін арттыратынын айтуда.
Ескі әдіс бойынша теориялық тестілеуде жол қозғалысы ережелері «2.0 жүйесі» арқылы жүргізілсе, 16 қазаннан Мемлекеттік корпорация жол қозғалысы ережесін «3.0» жүйесіне көшірді. Нәтижесінде жүргізуші куәлігін алу ашық әрі әділ түрде өтпек.
– Теориялық емтихан барысында аудио және бейнежазба қолданылады. Сырттағы адамдар күту залдарындағы және онлайн жүйесінде өтіп жатқан емтиханды көре алады. Емтихан кезінде көмекші құралдарды пайдаланғандар 3 ай бойы сынақ тапсыра алмайды. Тәжірибеде осындай құқық бұзған клинеттер болды, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қарағанды облыстық филиалының баспасөз хатшысы Қуаныш Сейтханов.
Сынақтан сүрінген үміткерлер келесі күні емтиханды қайта тапсыра алады. Ал, емтиханнан қатарынан екі рет өте алмаса, бір айдан кейін ғана тестілеуге кіре алады.
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ,