Жаңалықтар

Эльвира ЫБЫРАЙ: «Бетперде шешуге әлі ерте»

Өмірі мен денсаулығын, жақындарының амандығын ойлағандар вакцина алып жатыр. Вакцина алуы тиіс деген халықтың басым бөлігі екпе алып бітті. Дегенмен, әлі де қорғалмағандар бар. Қаладағы  №4 емхананың эпидемиолог маманы Эльвира ЫБЫРАЙ бүгінгі эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді.

 

– Бүгінгі таңда коронавирустың таралуы айтарлықтай азайып келе жатқанын көреміз. Бұл вирустың маусымдық сипаты ма әлде басқа факторлар әсер етті ме?

– Иә, індеттің таралуы төмендегенін ресми статистикадан байқау қиын емес. Біз де күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз. Жаз мезгілінде күніне 40-50 адамнан оң нәтиже шықса, қазір жұмыс күндері 5-8 адамнан вирус анықталады. Ал, демалыс күндері сәл көбірек болады. Мұндай көрсеткіштерге әсер ететін басты фактор вакциналау деп айтуға болады. Екпе алғандар көбейген сайын індеттің таралу мүмкіндігі азаяды. 

–  Дегенмен, індет салдарынан ауыр халде жатқандар, тіпті, қайтыс болып жатқандар азаймай тұр. Неліктен?

– Бұл жерде басты мәселе ауыр халде жатқандардың дені вакцина алмағандар екенін ескеруіміз керек. Оның ішінде, «Д» есепте тұрғандар бар. Вакцинаны осы есепте тұрғандар, қосымша аурулары бар адамдар алуы керек деп неліктен айтамыз? Өйткені, сондай адамдарға коронавирус жұқса, олардың жағдайы асқынып кетеді. Мысалы, диспансерлік есепте жүрекпен тұрса, жүрек ауруы асқынады. Сондықтан, қатер тобына жататын адамдарды бірінші кезекте вакцина алуға шақырамыз.

– Оқушылардың оффлайн білім алуы олардың арасында індеттің таралуына себеп болмай ма?

– Жақын байланыста болғандықтан, коронавирус мектептерден анықталып жатыр. Негізінен оқушылар арасынан. 2008, 2009, 2011 жылғы туған балаларда анықталуда. Балабақшаға баратын балалар арасында да шығып жатыр. Үлкен адамдар арасында иммунитет қалыптасты десек те, балалар арасында қауіп бар. Осы уақытқа дейін емхана бойынша 195 адам КВИ жұқтырды. Оның 145-інде вирустың жеңіл формасы болса, 34-і стационарда ем алып жатыр. Ауырғандар арасында 65 жастан асқан 22 қария бар. Диспансерлік есепте тұрғандардың 17-сі ауырып қалды. 1 жасқа дейін 5 бала ауырса, 18 жасқа дейін 61 бала ауру жұқтырды. Жоғарыда айтқан жақын байланыста болған 279 адам есепке алынды. 

– Жақын байланыста болған адамдар карантинде ме?

– Олардың арасында вакцинаның екі компонентін де алғандар бар. Мысалы, мұғалімдер. Оларды карантинге жібермейміз. Себебі, олар айналасына қауіпсіз. Тек қашықтан бақылауға аламыз. Ал, балалар, вакцина алмағандар 14 күнге карантинге кетеді. 3-ші және 12-ші күні ПТР тестілеу алынады. Теріс нәтиже көрсетсе, оқуға, жұмысына жібереміз. Карантинге жіберілгенде оның талаптарын сақтау туралы қолхат алынады. Кейін емхананың мобильдік тобы рейд ұйымдастырып, карантинде отыруы тиіс адамдарды тексереді. Кейде олар далаға шығып кетеді. Рейд кезінде үйлерінде болмаса, санитарлық-эпидемиологиялық департаментке акт  жолдаймыз. Олар өз кезегінде айыппұл салады. Мұндай жағдайлар кездесті.

– Вакцина алғандар бетперде тақпаса болады ма? Әлде әлі ерте ме?

– Жоқ, болмайды. Көп адамдар «вакцина алдым, енді ауырмаймын» деп ойлайды. Бұл олай емес. Вакцина алғандардың ішінде 98%-ы ауырмаса да 2%-ы ауыруы мүмкін. Вакцина 100% қорғай алмайды. Бірақ, ол індеттің асқынуынан сақтайды. Облыстың бас санитариялық дәрігері аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды зерттеп, бетперде шешуге рұқсат етпейінше, оны тағып жүреміз.

– Емхананың вакциналау орталығында қандай вакциналар қолданылып жатыр қазір?

– Қазір «Спутник V» мен QazVaс-тың  бірінші компоненттері және осы вакциналармен қатар Vero Cell  мен Hayat-Vax-тың екінші компоненттері бар. Айта кету керек, Hayat-Vax вакцинасының екіншісі дозасын алмаған 22 адам бар. Түрлі жағдай болып қалады, ауырып қалады, жол жүріп кетеді дегендей. Дегенмен, мүмкіндігі болса, екпені салу нұсқаулығында көрсетілген мерзімде алған дұрыс. Бұл иммунитеттің дұрыс қалыптасуына негіз болады.

– Вакцина алуға келетіндер көп пе? Таңдау кезінде басымдыққа ие вакцина қайсы?

– Қазір вакцина алатындар қарасы азайды. Күнделікті 50-60 адамның арасында. Жазда күнінен 300-400 адамнан келіп екпе алатын. Келетіндер негізінен  Hayat-Vax пен Vero Cell-ді сұрайды. Оларды салған кезде кері әсері  қатты байқалмайды. Жеңіл өтеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button