Бас тақырып

Елтанудың ерекше күнделігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда «Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс» деген болатын.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қоғам баланың рухани иммунитетін көтеретін дәстүрлі тәрбие мектебіне мұқтаж. Ойлағанын ана тілінде жеткізе алмай, қабілеті мен алғырлығын жоғалтуға аз қалған балалар ата-әже өсиетіне зәру. «Оқушы бойына қазақы болмысты қалай қалыптастырамыз?» деген ой Қарағандыдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның мұғалімі Эльмира Сыздықованы да алаңдатқан. Оқушыларын өз баласынан кем көрмейтін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жақында көпшілікке авторлық «ВВ» күнделігін ұсынды. Ұлтты сүюдің озық үлгісі жазылған «Біздің болмыс» күнделігін алғаш Мағжан мектебінің 6 «А» сынып оқушылары қолданып көрді.

Эльмира Сыздықованың айтуынша, «ВВ» күнделік – балаға ұлттық құндылықты үйрететін тәрбие құралы. Ұлттық құндылық бұл – ұлттық әдебиетті сүю, мәдени ұстанымға берік болу, дәстүрлі тағылымды қастерлеу. Осының барлығы күнделіктен ерекше орнын тапқан. Тәрбие құралында тұлға болып қалыптасуға қажетті дүниелер жинақталғандықтан, бала Отанын қастерлейтін, елінің ұлтжанды әрі абыройлы азаматы болып қалыптасады. Мәдениетті адам түсінігін бойына сіңіреді. «Оқыған азамат» ұстанымын игереді.

Тәрбие құралымен жұмыс істеуге әр сынып жетекшісі тәрбие сағатының 15-20 минутын арнаса жеткілікті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда «қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет» деген болатын.

Күнделікте әр тоқсанда белгілі ұлттық бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі. Үйге тапсырма беріледі. Оны бала өзі жалғыз толтырмайды. Мысалы, «Жеті атаңды жазып, жаттап кел!» деген тапсырма беріледі. Оның мазмұнды, дұрыс толтырылуы үшін ата-әже, әке-ана және аға-жеңгенің үлесі қажет. Сабақ барысында қолданатын күнделік секілді отбасы мүшелері назар салып, баламен жұмыс істейді. Сұрақтарына жауап береді. Күнделік арқылы оқушы ұлттық құндылықтарды сіңіргеннен кейін әлемдік әдебиетті оқытуға көшеміз, – дейді Эльмира Сыздықова.

Күнделікте әр тоқсан белгілі бағытқа негізделгендіктен, бірінші тоқсан «Ата-­әжемнің өсиетіне» арналыпты. Бұл бағыт ХХ ғасырда ерекше құбылыс боп көрінген қазақ зиялыларының басым көпшілігінің бала кезінен сусындап өскен дәстүрлі тәрбие мектебін жандандырады. Оқушылар бата, санамақ, өтірік өлең, жаңылтпаш жаттау, қазақ ертегілерінің мазмұнын талдау арқылы рухани байлықты дамытады.

Ал, «Әке-ана ақылы» бағытында мұғалім мен отбасы мүшелері бірігіп, күнделік арқылы балаға қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарының мағынасын түсіндіреді. Таным көкжиегін кеңейткен бала бата берудің қарапайым түрін үйренеді.

Ұрпақты еңбекке ынталандыратын «Еңбек пен кәсіп» баланы болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулиды. Күнделікте кәсіптің мал бағу, егін салу, сәулет өнеріне үйрету, зергерлік, тоқымашылық, құсбегілік секілді түрлі ұсталық мамандықтар жайлы ақпарат мол. Саланың білікті мамандарымен шеберлік сыныптары, шығармашылық кездесулер ұйымдастыру да еңбекке баулып, кәсіпке бағыттайды.

– Төртінші тоқсанға негізделген «Мен танитын әлем» бағытында балалар әлем әдебиетіндегі шығармаларды қазақ тілінде оқып жүр. Джек Лондон, Даниель Дефо, Гарри Поттер, Гулливердің саяхаты секілді шетел шығармаларын талдаймыз. Оқушылардың басым көпшілігі Гарри Поттер фильмін көрген. Әсерлі, қызықты, таңғажайып оқиғалар мен сиқырға толы фильм әр адамның есінде ерекше қалған. Ал, кітабын оқыған оқушылар оқырман ретінде өзіндік талғамын қалыптастырады деген ойдамын. Таным түйсігін кеңейтіп, сөздік қорын молайтады, – дейді Эльмира Қарғабайқызы.

Күнделікті отбасымен бірге ақылдаса отырып толтырған бала сыныпқа әкеледі. Бұл орайда сынып жетекшісінің міндеті – аптасына бір рет, дүйсенбідегі сынып сағаттарында күнделікке ойын жазып әкелген баламен кері байланыс жасау.

Бүгінде Эльмира Қарғабайқызы аталған күнделікпен оқушыларына жұмыс жасату арқылы дәстүрлі тәрбие мектебін жандандырып жүр. Ерекше күнделік әр баланың қазақтың көне тарихына, ұлттық мәдениеті мен дәстүріне құрметін оятуда. Тіптен оқушылар күнделікті талқылайтын күні мектеп формасы негізінде дайындалған ұлттық киім киіп келетін көрінеді.

– Балалар сынып сағатында күнделікті талқылағанды ұнатады. Кейде бір сағат аздық етеді. Тарихи деректерге қызығады. Кейінде атқа мінейік, садақ атып үйренейік деп жүр. Бата беруді барлығы үйренді, – дейді «Біздің болмыс» жобасының авторы Эльмира Сыздықова.

Мектеп ұжымы жоба авторы жұмысының аймақтағы білім ошақтарына тәжірибе жүзінде таратылғанын құптап отыр. Олардың сөзіне сүйенсек, ел ертеңіне ерекше үлес қосып жүрген ұстаздарды ел білуі тиіс.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button