Жаңалықтар

Еліне етене Елбасы

Мен Қарағанды облысы, бұрынғы Егіндібұлақ ауданы, Арқалық совхозында 23 жасымнан бастап, 40 жыл қой бақтым. 1976 жылы желтоқсан айында Социалистік Еңбек Ері атағын алдым. Қазақстан бойынша 29 адам алса, екеуі Қарағанды облысынікі. Сол екеудің біреуі – мен. Екіншісі – Ульянов ауданы, Победа совхозынан Дулина деген сауыншы кісі еді. Енді, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВПЕН танысуым жайлы айтсам. Ол кісі Теміртауда металлург ретінде атақты болды. 1976 жылы ақпанда КОКП-ның XIV съезіне мен Егіндібұлақтан, ол кісі Теміртаудан бардық. Бір қонақ үйде жаттық. Солай таныстық.

Н.Назарбаев Қарағанды облыстық обкомның екінші секретарі болды. Жұмысы – жауапты, облыстың ауыл шаруашылығын басқарады. Мен 1979-1984 жыл аралығында аудандық, облыстық советтің депутаты болдым. Нұрсұлтан Әбішұлымен өте сыйлас болдым. Қазақстан атынан 16 съезге делегат болып барғанда Нұрекең делегацияны басқарып барды.

1981 жылы Қазақстанның 60 жылдығы болды. Егіндібұлақ ауданынан екі адам делегат болды, біреуі – тағы мен. Бұл жолы да делегацияға Нұрекең жетекшілік етті. Өзі де депутат. Ол кезде пойызбен барамыз. Сол 60 жылдыққа Брежнев басқарған жоғарғы саяси бюро мүшелерінің түгелі келді. Дінмұхамед Қонаев марқұм М.Әуезов атындағы театрда тойдан кейін қонақасы берді. Оны Байкен Әшімов басқарды. Бұл жолы да Нұркеңнің абырой-беделіне, білімділігіне куә болғанмын.

Дінмұхамед Қонаев 1982 жылы тамыз айында Қазақстан бойынша шопандардың слетін өткізді. Ол кезде елімізде 19 облыс, 1200 совхоз бар. Әр облыстан бір шопаннан бардық. Басшылар алдында облыс атынан сөз сөйледім. Сонда Н.Назарбаев президиумда маған риза болып отырды. Елдегі 36 млн. қойды 50 млн-ға жеткіземіз деп үндеу қабылдап, бәріміз қол қойдық.

Кейін Шалабай Қуанышев Егіндібұлақ ауданында өткен бір жиында ауданның бірінші хатшысы болып жауапты лауазымға тағайындалды. Сенім артып, Нұрекең өзі мойнына осындай міндет жүктеген Шалабайдың. Басқа обкомның орыс хатшыларын жібермей өзі арнайы келді. Онда да Нұрекеңмен соңына дейін бірге жүрдік. Маған оның жүзінің жылылығы, көңілінің кеңдігі ұнайтын. Сондай кең маңдайлы, терең ойлайтын азамат қой.

Кейін Президент болған соң да Қарағандыға талай келді. Сонда бізді арнайы шақыртады Социалистік Еңбек Ері деп. Нұрекең мені көрсе, «Сайлаужан, қайда жүрсің, бармысың?» дейтін. Оған обкомның бірінші хатшылары таң қалады. Жұмыс барысында талай кездесіп, әңгіме құрғанбыз.

Бұдан басқа да жұмыс бабымен Астанаға 3 рет бардым. Сонда да менің есімімді атап, қасына шақырып, жағдай сұрасатын, қамқорлық танытатын. Ол кісінің еңбекқорлығы керемет енді. Шаршау дегенді білмейді. Сөзге шешен, ағып тұрады, бір орысша қоспайды. Дастарханда әзіл-қалжыңмен көңілді отырады.

Бірде КСРО басшысы Хрущев пен Қытайдың билеушісі Мао Цзэдун екеуінің араздасқанын айтып берді. Сталин мен Мао дос болған екен. Бір кезіккенінде «Сенің халқың көп, сен коммунистік партияны орнат» депті Қытай билеушісіне Хрущев. Содан Мао осы кеңес бойынша, 1949 жылы Қытайда коммунистік жүйені орнатыпты. 1959 жылы коммунистік партияның орнатқанына 10 жыл толып, кең көлемде атап өтіпті. Дос мемлекеттердің билеушілерін шақырыпты. Хрущев шақыруды алып, Маоға қоңырау шалып, тойды 1 күнге шегеруін сұрайды. Ол мүмкін емес, күллі әлемге жар салып қойған.

Қытайда мұндай үлкен шараларда ел ардагерлердің басына барып, гүл қою рәсімі жиналыстан кейін жасалады екен. Осы аруақтарға құрмет көрсету кезінде Хрущев ұшып келіпті Ресейден. Амандасып, Маоны құшақтамақшы болғанда, ол екі қолын созып, салқын амандасыпты. Құшақтауға пейіл де танытпапты. Кейін мейрамханаға келіпті. Хрущевтің бөлмесіне адамның сөйлегенін жазып алатын магнитофон орнатқызыпты Қытай басшысы. Барлық елдің басшыларын 2 күн күтіп, сыйлап, Маоның өзі басы-қасында жүріпті. Кейін әр билеушіні жеке ұшақтарына отырғызып, шығарып салған соң, әлгі магнитофонды қосып тыңдаған ғой. Сөйтсе, Никита көкеміз Маоны түні бойы боқтап шыққан екен. Осыдан кейін ертеңіне Мао бірден бұйрық беріп, Қытай мен КСРО арасындағы шекараны жапқызып тастапты. Ол шекара Қазақстан мен Қытайдың қазіргі шекарасы ғой.

Міне, осындай тарихи сәттерді қаймықпай айтып отыратын Нұрекең. Жас болса да, көрген-білгені көп еді. Бірде Шалабай Қуанышев марқұм және обком кәсіподағының төрағасы Ғабиден Құсайынов бар қасымызда. Бір кезде Нұрекең Шалабайдан «Сен үшін мен кіммін?» деп сұрады. Шалабай лауазымын айтып еді, Нұрекең «Жоқ, дұрыс емес. Лауазымды бұған араластырма. Мен саған адал еңбек етуді үйреткен, сенім артып, елдің үмітін ақтауға бағыт-бағдар берген ақылшы ағаң емеспін бе?» деп еді. Бұл жайшылықта адам баласының ойында келмейтін сөздер ғой.

Елбасы бойына қазақтың осындай көне сөздерін, салт-дәстүрін сіңірген шешен. Осы көрген-білгенін өмірде пайдаланып, соңына ерген бауырларына ақыл-кеңес ретінде айтып отыратын. Оның осы ұшан-теңіз білімінің арқасында, жол сілтеуінің арқасында көптеген талапты жас өсіп шықты. Қазір олар да сол Елбасы салған сара жолмен халқына қызмет етіп жүр.

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Елбасының арқасында елімізді әлем таныды. Халықтың еңсесі көтерілді. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстырса, өзгеріс айқын. Жұмыс істеймін деген адамға бәрі бар. Аспанымыз ашық, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Шетелдермен қарым-қатынас жақсы. Жастар қалаған еліне барып, оқып келіп жатыр. Кемшілік те бар шығар. Бірақ, кемшілік жұмыс істелген жерде ғана болатынын білген жөн. Сондықтан, 30 жылдың ішінде біз көп нәрсеге қол жеткіздік деуге болады. Азат ойлы жас буын қалыптасты. Осының барлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасы деп білемін. Онымен қызметтес, замандас болғанымды мақтан тұтамын. Енді осы Тәуелсіздікті әрі қарай баянды етіп, арғы жас ұрпаққа аманаттау – бүгінгі жастардың қолында. Жастар Елбасының жүріп өткен өнегелі жолынан тәлім алса екен.

Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Аман болайық, айналайындар!

Сайлау БІЛӘЛОВ, Социалистік Еңбек Ері.

Жазып алған Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button