Тағзым

Елін сүйген ер еді

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері, Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері, қарымды қаламгер, ардақты азамат Кәмел Жүністегі ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін 84 жасында өмірден өтті. 

Ол 1939 жылы 27 қаңтарда Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келді. 1960 жылы Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсті. Өндір жас шағында асқақ қиял жетегіндегі жалынды жас Кәмел Жүністегі елдің тарихы мен қоғамдағы сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік қатынастарды білуге қызығушылық танытып, қазақ жастарының арасында құрылған, «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Сол үшін бірнеше жылға бас бостандығынан айырылып, зардап шекті.

Жазасын өтеп оралған соң, 1966 жылы институттағы оқуын сырттай жалғастырып, 1977 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.

Ұзақ жылдар бойы Ақсу- Аюлы кентінің білім беру саласында жемісті қызмет атқарды. Аудандық мұражайдың директоры, «Заман» газетінің редакторы болды.

Оның қаламынан бірнеше әдеби кітаптар мен шұрайлы шығармалар туды. Оқырман қауымның тарапынан жоғары баға алған «Құба белдер» трилогиясын жазды.

Кәмел Жүністегі өңіріміздің тарихы мен шежіресін зерттеуге өлшеусіз зор үлес қосты. Көптеген тарихи тұлғалардың беймәлім өмір деректері мен мұраларын анықтап, ғылыми айналымға қосты. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге шақырды. Шын мәнінде ол қазақ халқы руханиятының шырақшыларының бірі еді.

Марқұмның есімі мен ел үшін атқарған елеулі еңбегі халықтың жадында мәңгілік сақталатын болады.

Қош болыңыз, қадірлі Кәмел аға!

Иманыңыз саламат болып, жаныңыз жұмақтан жай тапсын!

Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,

Қарағанды облысының әкімі.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button