Елін сүйген елжіреп
Жақында ауылға барып келдім. Қариялар қатары сиреген. Көзкөргендердің көбінің көші доғарылған. Саусақпен санарлықтай ғана қалған көнекөз қарттарын қазынаға балаған қазақы ауыл Табиғат-Ананың қабағын бағып, жорамалынан жаңылмай отыр, әйтеуір. Іргедегі көмір кенішінің қоршаған ортаға тигізіп жатқан залалын айтып, зар қаққан елді көргенде, өзіңнің де тынысың тарылады.

– Ауылдың айналасы қу тақырға айналды. Шаңдаққа жайылған малға жаның ашиды, – деп қалды бір көршіміз.
– Бұл аз әлі, – деді кезінде бөлімше басқарып, ел мен жердің жағдайына әбден қанығып алған екінші қария.
– Малды айтасыңдар, бұл ашық карьердің газы адамның өзіне жеңіл болып тұрған жоқ. Осы бір айда бірі елуден енді асқан, бірі елуге толмаған екі азамат жүректен кеткен жоқ па? Ауыртпай алатын бір кесел шықты ғой, артының қайырын берсін! – деп шырт түкірді үшінші әкеміз.
– Шіркін, Қоңырбай марқұм болғанда… Сол кеніш басшыларының өздеріне тал ектіріп, шелекпен суартып қояр еді, – дегенді естігенде, елең ете қалғанмын.
– Иә, Кәкең жарықтық еккен талдардың пайдасын әлі күнге көріп отырмыз емес пе?! Иманды болғыр, атам қазақтың «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын!» деген қағидасын берік ұстанып өткен екен ғой. Елге пана, жерге қорған болудың ерен үлгісі еді ғой, – деп қосты Кәкең марқұмның тағы бір замандасы.
…Мен Қоңырбай ағаны жақсы білемін. Нағашылы-жиенді жақындығымыз да бар еді. Ол кісінің Арқаға мәлім есімі мен атан түйеге жүк болар абыройы туралы аңызға бергісіз әңгімеге қанықпын. Туған ауылы Түгіскенде қалай екенін білмеймін, әйтеуір, біздің ауылдың қыстағы бораны да, аптап ыстық, сарышұнақ аязы да, аңызақ желі, құмдауыт белі де елдің есіне Қоңырбайын салып тұрады. Ақпанның ақ талқан боранында үлкендердің: «Қоңырбай еккен талдың арқасында аман қалдық. Жел екпінін тежеп, қар тоқтатып тұр. Ол болмаса…», – дегенін талай естідік. Шілденің шіліңгір ыстығында өрістен қайтпай қалған сауын сиыр, ұсақ малды да жол бойына «Қоңырбай еккен» талдардың арасынан іздейтінбіз. Табиғаттың қандай да бір құбылысы тосын мінез таныта қалса, біздің ауылдың үлкен-кіші, жас-кәрісі Кәкеңді еске алып, ілкімді іскерлігі мен ұтқыр ұйымдастырушылығын тілге тиек етеді. Бірақ, Кәкеңнің жаратылысы табиғат таңғажайыбындай құбылмалы емес еді. Қарапайым қалпынан айнымай, қанағатын қазық, өмірлік тәжірибесін азық етіп қана ғұмыр кешкен. Асып-тасқан, кеуде керіп, кердең басқанын естімедік.
Одан қалды, «Қоңырбай айтпақшы…» деп басталатын әңгімеге қызыға құлақ түреміз. Біздің ауылда «Белка» аталатын карта ойыны өмір салтына айналып кеткен ғой. Ауылдың тынымсыз тірлігінен қол босап, уақыт табыла қалса, «Белка» ойнауға қол жинай бастайды. Бір-біріне қоңырау шалып: «Біздің үйде ешкіңіз маңырап, мазаны алып тұр. Келіп, алып кетпейсіз бе?» деген картаға шақыру үлгісі бар. Осы сөз Кәкеңнен қалған екен. Оны белгілі ақын, парасатты публицист, Қоңырбай ағаның қалжыңы жарасқан замандасы марқұм Қалиакпар Әбілдиннен талай естіген едім. Зейнет демалысына шыққаннан кейінгі жылдарды асыл жары Ұмсын тәтеге қазан көтертіп, Қалағаңа қоңырау шалып, осылай шақырады екен.
Қоңырбай ағаның астарлы әзіл, қазақы қалжыңға құрылған мұндай әңгімелері ел аузында жатталып қалған. Тіпті, жөнсіз соқтығып, негізсіз жазғыра сөйлейтін аудан, облыс хатшыларын да астарлы сөзбен орнына қойған сәттері көп болғанын көзкөргендер естелігінен естігеніміз бар.
Бір жылы қыс қаһарлы болып, мал жұтқа ұшырауға шақ қалады. Шаруашылықтарда жемшөп қоры азайып, әбден арыған жылқы малы тулаққа айналып жатқаны туралы ақпар аудандық партия комитетіне де жетеді. Тебінге барып, көзімен көрмеген райком көсемдері шұғыл бюро шақырып, совхоз директорларын сілкілеп жатыр. Табиғи құбылыс мықты директорыңа көне ме? Біраз шаруашылықтың басшылары партиялық сөгіс арқалап, мінберден иықтары салбырап түсе бастайды. Кезек Карл Маркс атындағы совхоздың директоры Қоңырбай Асановқа да келген. Бұл шаруашылықта да аздаған шығын бар. Алайда, өзге совхоздардай емес, қыс аяғы мамыр-маусымға дейін созылып кетпесе, сәуірге ілігер жағдайы бар. Содан да болар, Кәкең аудандық партия комитетінің мінберіне есеп беріп, ескерту алуға емес, марапат алуға шығып бара жатқандай, қадамын нық басып шығады.
– Жолдас Асанов, совхоз жылқысын тулақ болғанша тебінге салатындай не көрінді? Неге қосымша жемшөп қоры жасақталмаған? – деп зіркілдей жөнелген райком хатшысына:
– Бізде жылқы малының күйі жаман емес. Барлық табын қысқа күйлі түскен. Әйтеуір, біздің ауылдан соғым алған жігіттер үш саусағын көрсетіп, рахметін айтып жүр, – деп, байсалды қалпынан ажырамаған күйі бейқам жауап беріпті.
Дағдарып қалған хатшы:
– Карл Маркс совхозында жылқы арық деген ақпар бар. Бақылауды күшейтіңіз! – дегеннен әріге бармай, Қоңырбай Асановқа ауызша ескерту берумен шектелген екен.
Бюро отырысынан шыққаннан кейін өзге шаруашылықтардың басшылары Кәкеңнен әлгі «үш саусақтың» сырын сұрайды ғой. Сөйтсе, өзге емес, дәл осы хатшы күзде ақшасын төлеп, Карл Маркс совхозынан соғым алыпты. Ол кісі соғым алар уақытта директор Асанов ауылда болмайтын болып, хатшыға «Жігіттерге тапсырып кеттім. Алаңдамай бара беріңіз», – деп айтады да, облыс орталығына жол жүріп кетеді. Келген соң: «Жігіттер ренжіткен жоқ па? Қалай, соғымыңыз жақсы болды ма?», – деп сұрағанда, хатшы үш саусағын көрсетіп, рахмет айтыпты. Әлгінде мінберде тұрып емеурін еткені хатшының соғымы үш елі қазы бергенін айтқаны екен.
Міне, Жаңаарқа атырабы осындай абзал азамат, білікті басшы, қадірлі ағаны сағынып жүргеніне жиырма жыл өте шығыпты.
***
Иә, Қоңырбай аға тіршіліктегі талқаны түгесіліп, фәни жалғаннан бақиға озғанда мезгіл көктем еді. Жер-Ананың төсі бусанып, дүние атаулы жаңарған жайдары мезгілде майданнан оралмай, Отан үшін шейіт болған Асан ақсақалдың қарашаңырағына жай түскен. Кезінде Қоңырбай ағаның өз қолымен еккен тал-терегі бүр жарып, жер-дүние жасыл желекке бөленер шақта Асановтар әулетінің бәйтерегі құлап, ұлықты ұл, қылықты қыз өрбіген қасиетті шаңырақ қара жамылды… Ел анасы атанып, өрісті өнеге, келісті келбетімен ел құрметіне бөленген Ұмсындық анамыз аңырап, балалары боздап қалған күн еді… Жаңаарқасы жабырқап, Қарағандысы қамығып, туған ауылы Түгіскендегі Арап қыры аза тұтқан сол күні. Сарысу жылап ағып, Сөртінің суы Қоңырбай ағаны жақсы көргендердің көз жасымен еселенген…
Бірақ, Қоңырбай аға өлген жоқ! Айналасы «Біздің Кәкең» деп құрметтеген асыл азаматтың ел жүрегіндегі мәңгілік өмірі естеліктерде шиырлап, ел жадында жаңғырып келеді.
Пенде баласының өлшеулі өмірі Жаратқанның әмірімен бір күні тұйықталары белгілі. Артыңда із қалғаны – ғанибет. Жаназасында жарты ауыз жақсы лепес айтылмай, жылдық асынан кейін есімі тұрмақ, ондай адамның болғанын ел ұмытып жататын босбелбеу пенделер де өткен. Ал, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті жолшысы Қоңырбай Асановтың ел жадындағы есімі уақыт өткен сайын жаңғырып, тұлғасы асқақтап барады. Таулардың алыстаған сайын асқақтай беретінін дөп басып айтқан атам қазақ артыңда айшықты із қалдыру үшін абыройлы іс тындыруың қажет екенін де өмірдің бұлжымас заңына айналдырып жіберген.
Қоңырбай Асанұлының есімі де, ел басқарған кездегі еңселі істері де халық жадында, ел аузында мәңгілікке қалды. 2006 жылы асыл жары Ұмсындық анамыз бен балаларының ұйытқы болуымен аласармас асқар таудай асыл аға, абзал азамат Қоңырбай Асанұлы туралы «Шуақты еді жүрегі» атты естеліктер жинағы жарық көрген-ді. Сол рух кітабында бейнеленген Кәкеңнің боямасыз болмысы мен ел игілігі жолындағы еңселі істері оның жақындары мен замандастарының, әріптестері мен отбасы мүшелерінің естеліктері арқылы мәңгілікке сапар шеккен.
Жаңаарқа жампозының жарқын бейнесі туған халқымен бірге өмір сүріп келеді, сүре береді де…
***
Ол – қарғыс атқыр соғыстың жетімі. Әкесі майданға аттанарда алты жасар Қоңырбайды алдына алып отырып, асыл жары Мәткей мен кіші ұлы Қоңыртайды бірінші Аллаға, екінші осы үлкен ұлына аманаттаған екен. Ардақты әке майданнан оралмады. Есін білген шақтан-ақ әке аманатына адалдық танытпақ ниетті басты мақсаты еткен Қоңырбай аға адамдардан алыстамауды ойлады. Адамдардан алыстамау деген – көпшіл болу деген сөз.
Мектепті озаттар қатарында бітіре тұрып, үлкен қаланың оқуына асықпады. Еңбек жолын туған ауылында механизатор болып бастады. Кейін жүк көлігінің жүргізушісі болды. Адал еңбек абыройдан кенде қылмайды екен. Жоғары білімі жоқ болса да, аудан басшылары жігерлі жігіттің бойындағы іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілетін аңғарса керек, оны «Жеңіс» совхозының партия ұйымының хатшылығына ұсынды. Өндірістен қол үзбей жүріп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын сырттай бітіріп, агроном-экономист мамандығын меңгерді. Бұл кезде Кәкең іргелі шаруашылықтың бас экономисі лауазымына тағайындалып үлгерген.
1972 жылы Жаңаарқа ауданындағы іргелі шаруашылық Карл Маркс атындағы совхоздың директорлығына тағайындалып, бұл қызметті 1983 жылға дейін абыроймен атқарды. Шаруашылықты қабылдап алған кезде совхоздың өндірістік көрсеткіштері құлдырап, шаруасы шатқаяқтап қалған екен. Аудан, облыс басшылығы небары 36 жастағы жігерлі жігітке шаруашылықтың екі тізгін, бір шылбырын тапсырар сәтте оған зор жауапкершілік жүктеді. Сенім артты. Сол сенімді селкеусіз ақтап, көш соңында қалған совхозды айналасы 1-2 жылда озат шаруашылықтар қатарына іліктірді. Ал, 1983 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанша Жаңаарқа аудандық №43 жол пайдалану мекемесін басқарып, абыройы асқақтады. Іскерлік қабілеті ілкімділік танытқан ұтқыр ұйымдастырушы, білікті басшының есімі ел аузында жүрді.
Қоңырбай Асанұлының артында айшықты із, айтулы іс қалды. Есімі ауыл халқының жүрегіне жөргектеліп, еңбегі берісі – облыс, әрісі – республика жұртына танылды.
Ол нағыз істің адамы еді. Шынайы өмір мектебінің түлегі. Әттең, заманынан ерте туған. Олай дейтінім, Кәкеңдер атқа мінген дәуір ел тізгінін ұстаған азаматтардың мүмкіндігі Мәскеуде таразыланатын заман еді ғой. Ал, дәл қазіргі заманға, біздің тәуелсіз қоғамға Қоңырбай ағаның адалдығы мен іскерлігі қажет-ақ.
***
Қоңырбай аға асыл жары Ұмсындық шешей екеуі жеті бала тәрбиелеп, барлығын да өз баласы емес, ел баласы етіп өсірді. Ұлағатты ұядан қанат қаққан ұл-қыздары бұл күнде әр салада абыройлы қызмет етіп, ардақты әке ұлағаты мен аяулы ананың асыл өнегесін жалғастырып келеді. Әрқайсысы ұрпақ өсіріп, мәуелі бәйтеректей болған Қоңырбай аға мен Ұмсындық анамыздың тамырын тереңге тартып барады.
Өмір өкінішсіз бола ма?! Қоңырбай Асанұлының қазасы бір әулеттің ғана емес, бүкіл Арқа жұртының жанына батып, барша тілеулестерінің жүрегін сыздатты. Небары 69 жасында дәм-тұзы түгесілген арда азаматтың арманынан жарылған ұрпағының амандығын қара ормандай халқы тілеген еді. Ұмсындық шешей үшін де, Асановтар әулеті үшін де Кәкеңнің ауыр қазасы енді жеңілдеп, еңселерін көтере бастағанда, аяқ астынан болған Азамат Қоңырбайұлының қайғысы бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып кетті. Жанашыр-жақындары Ұмсындық апаны жұбата алмай, нағыз ел ісіне араласып, көш бастар шағында жалғаннан көшкен Азаматтың қайғысын бөлісе көтерді. Алланың ақ жолымен жүріп, қажылық парызын өтеп келген Ұмсындық шешей де сабырын төзіміне серік етуге тырысты. Алайда, жүректегі жара жазылар емес.
…Осыдан тура 20 жыл бұрын Асановтар шаңырағының уығын қиратып, түндігін жоқтау үні желпіген ауыр күнді ешкім ұмытқан жоқ. «Орнында бар оңалар» дейді атам қазақ. «Уақыт – емші» деген де – дана қазақтың өмірден алып айтқан аталы сөзі. Бүгінде уысыңда тұрмайтын уақыттың емі дарыған Кәкеңнің қарашаңырағы аналары Ұмсындық апаның қас-қабағын бағып, әке аманатына адалдық танытып, шүкіршілікпен тіршілік керуенін алға оздырып барады. Бұл көш – кешегі елі ардақтап, Арқа жұрты алақанға салған аяулы азамат, қадірлі қайраткер Қоңырбай Асанұлының мәңгілік өлмейтін есімін иеленген ұлы көш!
Ағамыздың иманы нұрлы, дидары ашық болғай! Ұмытылмайтын есім иеленген аласармас асқар тау мәңгі аласармасын!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»