Елімізде SIM-картаны рәсімдеу үшін биометриялық сәйкестендіруден өту енгізілуде
Елімізде азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау бағытында жаңа шаралар қабылдануда. Оған сәйкес SIM-карталарды биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рәсімдеуге болады. Жаңа талап бизнес иелеріне де қатысты. Қызметтік SIM-карта алатын әр қызметкер жеке басын растауы тиіс. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұдан бөлек, енді ұялы байланыс операторлары Ұлттық Банктің Антифрод-орталығымен бірлесіп жұмыс істейді. Күдікті қоңыраулар мен хабарламалар тіркелген жағдайда нөмір тексеріліп, байланыс қызметі бірден тоқтатылады.
Бұл алаяқтық мақсатта пайдаланылатын телефон нөмірлерін дер кезінде анықтап, жедел бұғаттауға жол ашады. Күдікті қоңыраулар мен хабарламалар тіркелген жағдайда, операторлар абонент туралы мәліметтерді Антифрод-орталыққа жолдап, тексеру жүргізеді. Алаяқтық белгілері расталса, нөмір бірден бұғатталып, байланыс қызметі тоқтатылады.
Сонымен қатар абоненттік нөмірлерді рәсімдеу тәртібі нақтыланды. Бір адамға жеке және отбасылық қажеттіліктер үшін онға дейін SIM-картаны тіркеуге мүмкіндік беріледі. Бұдан артық нөмірлерді рәсімдеу тек нақты негіздеме болған кезде және олардың қандай құрылғыларда пайдаланылатыны көрсетілген жағдайда жүзеге асырылады. Бұл шешім нөмірлерді жаппай тіркеу арқылы жасалатын алаяқтық схемалардың жолын кесуге бағытталған.
Абоненттерді сәйкестендіру талаптары да күшейтіледі. Енді SIM-карталарды рәсімдеу биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Бұл талап бизнес құрылымдарға да қатысты: қызметтік мақсатта SIM-карта берілетін барлық қызметкерлер жеке басын растауы тиіс. Мұндай тәсіл телефон нөмірлерін жасырын пайдалануды болдырмай, олардың заңды әрі жауапты қолданылуын қамтамасыз етеді.
Міндетті биометриялық сәйкестендіру SIM-карталардың делдалдар арқылы заңсыз сатылу мәселесін де шешуге мүмкіндік береді. Нөмір қай жерде сатып алынғанына қарамастан, байланыс қызметі абоненттің жеке басы расталғаннан кейін ғана іске қосылады.
Жалпы алғанда, аталған шаралар телекоммуникация саласында ашық әрі қауіпсіз ортаны қалыптастырып, азаматтарды қаржылық және цифрлық алаяқтықтан қорғауға бағытталған.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



