Елімізде қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдісі пайда болды
ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың сүйегіндегі метастазды емдеудің бірегей әдісі қолданысқа енгізілмек, – деп хабарлайды ortalyq.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұндай инновациялық терапия пациенттерге асқынып кеткен қатерлі ісікпен күресудің жаңа тәсілдерін ұсына отырып, онкологиялық көмек сапасын арттырудағы маңызды қадам болмақ.
Әдіс “Самарий, 153sm-Оксабифор” радиофармацевтикалық препаратын қолдана отырып жасалады. Бұл препарат метастаз немесе сынған жер секілді сүйектің зақымданған аймақтарына жиналады да сау тіндерге әсер етпестен оларды β-бөлшектермен сәулелендіреді. Әдіс белгілі бір бөлікке бағытталғандықтан ауырсынуды жеңілдетіп, дәрілерге деген қажеттілікті азайтады, сондай-ақ сүйек тініндегі сырқаттың асқынуын баяулатуға көмектеседі.
– Әдістің ерекшелігі – дәстүрлі емдеу тәсілдерінде болатын жанама әсер мен қауіп азайып, пациенттердің өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады. Бұл, әсіресе, созылмалы сырқат пен метастазы асқынғаннан зардап шегетін науқастар үшін өте маңызды, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы, Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.