Бас тақырыпРуханият

«Елім-айды» жырлаған Топыш ақын

Топыш ақын Тобықтының Көкше руына жатады. Көкшенің біразы «Ақтабан шұбырынды» кезінде Сыр бойында қалған. Шамалы бөлігі бүгіндері Семей жерінде өніп-өскен. Негізінен, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Шардара маңында тұрады. Оларды Қызылқұм Тобықтылары деп атайды.

Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбаев. Студенттік шақ

Төмендегі «Топыш сөздерін» 1958 жылы сол кездегі КазГУ-де оқитын екі студент – Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин арнайы экспедициялық сапармен барып, Топыштың сегізінші ұрпағы, атақты ақын, жыршы жырау Байтұрсын баласы Әбдірайым қариядан хатқа түсірген екен. Осы сөздің менің қолыма ілігуіне төмендегі жай себепкер болды. Мен 2014 жылы «Жеті жарғы және Қожаберген» қайырымдылық қорының «Қожаберген» медалімен марапатталдым және жыраудың «Ата тілі», «Елім-ай» атты кітаптарын сыйға алдым. Бір жолғы кездесуде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры Берік Рахимовпен Қожаберген жайлы сөз болған-ды. Ол: «Елім-ай» жырының авторы Тобықты Топыш ақын болуға тиіс», – деген ел аузындағы сөзді жеткізді.

Кейіннен «Тобықты – Шыңғыстау» (2008 жыл) шежіресінің алтыншы томынан (163-170 беттер) жыршы, ақын Байтұрсынұлы Әбдірайым жайлы баласы Әбділлә айтқан мол мағлұматтарға кезіктім. (Байтұрсынұлының ата тегі: Көкше – Топыш – Бәші – Жасыбай – Тұрсынбай – Өтеп – Айтуар – Мырзабай – Сунабай – Байтұрсын – Әбіллә).

Бірінші: 2001 жылғы «Ақиқат» журналының екінші санында филология ғылымдарының кандидаты Тынысбек Қоңыратбайдың «Алпамыс қай халықтың мұрасы?» атты көлемді мақаласының соңында журнал редакторы Нұрмұхан Оразбеков «Авторға қосымша» деген атаумен Алпамыс жыры және оны жырлаушы жоғарыдағы Әбдірайім қарт туралы құнды дерек келтірген.

 Осы шежіренің 167-бетінде Мұхтар Мағауиннің қолымен жазылып, өзі тапсырған жазбасының ғылыми сипаттамасының көшірмесі қоса берілген. Соған орай, осы жылдың басында (04.01.2018 жыл) Н.Гоголь атындағы облыстық кітапхана арқылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорынан Мұхтардың қолжазбасының көшірмесін алдырғанмын. Екі туындыны да саралағанмын. Топыш пен Қожабергеннің «Елімайларын» салыстырғанда үлкен айырма шықты. Қожабергеннің «Елім-айы» сонау қазақ хандығынан бастау алып, «Ақтабан шұбырындыға» ұласқан ел тарихын кең көлемде (253 бет) жырлауға арналған күрделі туынды (дастан).

Онда қазақ хандарының, қаһарман батырларының, орақ ауыз, от тілді билерінің яғни, айтулы тұлғалардың жан алып, жан беріскен, арпалысқан шақтағы басшылығы, Алаш жерін қорғаудағы әрекеттері отаншылдық тұрғысынан баяндалады. Жер-су аттары және тағы басқа тұлғалық кейіпкерлер, жүз, тайпа, ру арасындағы қарым-қатынастар тарихи шындықта сөз етіледі.

Қорыта айтқанда, Қожаберген дастаны қазақ-қалмақ соғысының тарихи шындығын әдеби шындыққа айналдырумен құнды. Осындағы деректер мен жекелеген детальдарға тарихшыларымыз байыппен назар аударар болса, біздің ала-шабыр, көп қатпарлы ұлттық тарихымызды толықтыруда да таптырмас дерек көзі болып саналар еді.

Ел басына түскен қаралы күндерге арналған ақын-жыраулардың көптеген дастандарының баршылық екені анық. Топыш жыры солардың алғашқыларының бірі болуы тиіс. Мұнда соғыс қимылдары сөз етілмейді. Қожаберген туындысына қарағанда тым шағын. Бар болғаны 101 жолдық өлең. Десе де, жырдың шағындығын ойымызға түйіп, керісінше, оған байыптылықпен терең мән бере қарасақ, ел басына күн туып, етігімен су кешкен кешегі қиын кездегі халқымыздың тарихи шындығын тап басып айта білген психологиялық тұрғыда туындаған көркем шығарма деп бағалағанымыз орынды.

Жырда халық басындағы трагедиялық ауыр күй зар түрінде берілген. Ақын зарлай отырып, жырлай отырып, ел бірлігін тұтастықта алып қарайды. Халқының рухы түспеуіне үміттенеді. Бас біріктіру әрекетіне шақырады. Ұлттық мүдде тұрғысынан сөз қозғайды. Қиын кезде ұйысу, ұлттық жігерді жасытпау, үмітсіздікке салынбау, қандай ауыр күн туса да, шыдамдылық танытып, жұмылған жұдырықтай болып, бас біріктіруге үндейді:

Ұмытпа Алаш, қазақ ұраныңды,
Ойыңнан үзбе халқым, құраныңды.
Артыңа өлгендерің өсиет қыл,
Халық боп Қаратауда құралуды.
Шықпасын көңіліңнен пенделігің,
Болмасын бөтен ұлтқа ермелігің.
Жеп қалма саяқ жүріп сырттан таяқ,
Ескіріп, естен шықпай елдегі күн.
Тіріңді тез заманда табыстырып,
Иманын нәсіп етсін өлгеніңнің, – деп ұлттық сананы жетілдіруді барынша қастерлеп, оны қоғамдық сана дәрежесіне көтеруді сөз етеді.

Шортанбай Қанайұлының 200 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембаевпен кезігіп, қолымдағы деректер туралы құлаққағыс жасағанмын. Мағауия: «Ертең деректерді маған алып келіңіз, көшірмелердің танылмаған жерлерін Мұхаңнан электрондық хат арқылы сұратамын» деген. Мағауия інім уәдесінде тұрып, Сприн Силвер, Мэриленд, АҚШ-тағы ағамыздан 28.05.2018 жылы хат алдырды. 1958 жылы өзі жазған қолжазбасының күңгірт өшкен жерлеріне түзетулер «анықтама» жіберіпті. Соңын ала Әбіш екеуіміздің бұл сапарымыз туралы «Мен» – Қия жолдарда» жазылған, 6-том, 354 бет. Кейінгі Әбіш туралы естелікте, үш тарау» деп, сәлем жолдапты.

Сөз соңында аталған жырды жеткізуші Әбдірайым ақын және «Алпамыс жыры» туралы жоғарыда аталған «Ақиқат» журналындағы Нұрмахан Оразбеков ағамыздың сөзімен аяқтағанды жөн көрдік.

Авторға қосымша:

Алдымен, «Қоңырат» атауы туралы белгілі жапон жазушысы өзінің Шыңғысхан туралы романында Қоңыраттардың Ұлы Қытай қорғанының солтүстігінде тұрғанын, бозбала Темучин сол елге келгенде, олардың сән-салтанатынан, тұрмыс қалпына таң қалғанын жазады. Екінші, этнограф М.С.Мұқанов өткен ғасырдың 60 жылдары жарияланған еңбегінде Қоңырат атауының тегі «хунгират» болуы мүмкін деп топшылайды.

Жыр туралы. 1959 жылдың жазында «Оңтүстік Қазақстанның халық ақыны» атағын алған айтыскер ақын, әрі жыршы Әбдірайім ақсақалмен дастархандас болдым. Бұл кісі Бұқарада білім алған үлкен ғалым болатын. Әңгіменің үстінде «судан шыққан от жаман» деген Әбу-Әли Ибн-Синаның сөзін келтіріп, оның қай кітабында екенін айтқанда, жағамды ұстағанмын. Ол «сутегі бомбасы» дегенді меңзеп тұр. Соның алдында Ғылым Академиясы «Алпамыс» деген кітап шығарып, онда жырдың бірнеше нұсқасын топтастырып берген-ді. Сонда Әбекеңнің нұсқасы да болатын. Алдында, Мәскеуде «Өзбек халых эпосы» деген айдармен «Алпамыш» жыры жарияланған. Осыған байланысты сауалыма Әбекең былай деп жауап беріп еді:

Алпамыстың немересі, яғни, Жәдігердің ұлы Алпамса өзбектің бір тайпасына хан болған, өзбектердің жырды «біздікі» дейтіні содан. Алпамыстың қазақ екенін мен жырдың өзінде-ақ айтқанмын. Кейқуаттың құдықтағы Алпамысқа тас ататын жерінде:

Нәсілің қазақ қарарсыз,

Өлтірейін тас ұрып.

 Ал, енді өлдің, Алпамыс,

 Астында тастың басылып, – дейді.

 Осы әңгімені күзге қарай ұстазымыз Бейсенбай Кенжебаевқа айтып бергенім бар. Ол кісі: «Өзбектер «Алпамысты» Әбубәкір Диваев қазақша жариялаған соң айта бастады ғой, онда да Қоңыраттар бар ғой», – деп еді. Сол арада Әбдірайім ақсақалдың: «Қоңырат отыз үш рулы ел, жиырма сегізі қазақта, біреуі қарақалпақта, төртеуі өзбекте» деген сөзі еске оралды. Айта кету керек, Әбдірайім ақсақал Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбаевқа 1958 жылдың жазында «Қаратаудың басынан көш келеді» жырының отыз жолдық нұсқасын берген. Олар бұл туралы кезінде «Қазақ әдебиетінде» хабар да жариялап еді.

Н.О.

* Деректерді әзірлеген Аманкелді ТУҒАНБАЙ,

 нарманбеттанушы.

* Нұрмахан Оразбеков.

Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айырылған ағайыннан қиын екен –
Мөлдіреп, қара көзге жас келеді.
Жас келмей ойлағанда бұл не қылсын,
Көңілім заманадан сескенеді.
Дәулет пенен перзентке асығыс жоқ,
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді.
Жоқшылық жомарттықтың
қолын байлап,
Ерлерге кедейшілік дес береді.
Тілеймін ертелі кеш Жаратқаннан,
Пендесін енді қашан ескереді.
Қай заман, мына заман – бағзы заман,
Болар ма баяғыдай тағы заман.
Атадан – ұл, анадан – қыз айырылды,
Көз жасын көл дария қып ағы заман.
Қай заман, мына заман – қысқан заман,
Алаштан бақыт құсы ұшқан заман.
Ізіңнен шұбырынды шаң борайды,
Қаңтарда қалтыраған қыстан жаман.
Аламат неше жылдан не жан қойсын –
Айырылдың ауыр дәулет,
мың менен сан.
Қаратау адыра қалды ата мүлкі,
Малменен, елмен екен жердің көркі.
Байлықпен аты шыққан Алаш ұлы,
Қай жұртқа боп кетеміз мазақ күлкі.
Руы қазақ еді, ұраны – Алаш,
Патшамен бастан болған
ханға жолдас.
Дегенге Алаш ұлы кім нанады –
Қаңғырып тозып жүрсек аш-жалаңаш.
Бір сөз бар, жаман күнің жақсы болар,
Бір сөз бар, сірәдағы естен қалмас.
Желектің жібек еді жиектері,
Қалтырар қалжаураса иектері.
Хандардың қазынасындай болған
қазақ,
Төрт түлік малға толған үйектері.
Жанына зор жайсаң күн туған соң,
Шұбырды-ау бет бетіне күнелткелі.
Ақ орда артта қалды сарайлары,
Ағарар артын ойлап, самайлары.
Қаңғырып жүргенінде көп қазақтың,
Көмусіз қала ма, Алла, талайлары.
Қасаба маруарт пен маржан еді,
Ел бұрын қонысынан ауған ба еді?
Өлімсіз жан, өткелсіз кешу болмас,
Өлгенге өз жұртында арман ба еді.
Күн бар ма, кеткен елдер жиылатын,
Атаның татқан суы бұйыратын.
Танып ел, паналаған халық-ақ едік,
Қаңғырып тағдыр ма, Алла,
қырылатын.
Түбінде тапқандайсың үйіріңді,
Артыңа дәрмен болса бұрылатын.
Ұғып ал, мына сөзді миы барың,
Жаратқан Алла болсын, сиынарың.
Қатшілік неше күндік қонақ шығар,
Көре жүр, күйсізіңді күйі барың.
Қоныстан ауған құлан оңалмайды,
Қозғалма қонысыңнан дыйы барың.
Қаратау қазақ елдің қазығы деп,
Атаңның мүлкі болсын жиынарың.
Айырылған арманда боп
бауырларың,
Күн бар ма, қайтып келер дәуірлерің.
Жаскілең, жаңа өспірім боздақтарым,
Айырылдық басылмастан әуірлерің.
Тәңірдің тағдырына көнбейміз бе,
Дем бітсе – үйде отырып та
өлмейміз бе.
Беймезгіл қарақтарым қоныс ауды-ау,
Апыр-ай, көреміз бе, көрмейміз бе?
Алаштың азып-тоздың ардақтысы.
Келмеуші еді, көп мырзаның
мал баққысы,
Төресі тұрған жерден тойып алып,
Ұмытпас тұрған жерін саңлақтысы.
Боларсың бірің артық, бірің кем де,
Біріңді бірің сүйе, сүрінгенде.
Ынтымақ, ауызбірлік қып жүрсеңдер,
Арзусың аз да болсаң, рулы елге.
Не келіп, не кетпейді бастарыңа,
Тоқтарың қайрыла жүр аштарыңа.

Құнан қой еш уақытта бұралқы емес,
Етекті жапқайсыңдар ес барында.
Атаңа нәлет деген өз келтіріп,
Еш уақытта кісі ақысына
көзіңді салма.
Ойда бол да, қырда бол, бендесін хақ,
Һәммесін асырайтын жалғыз Алла.
Сенбеңдер, сірә, зінһар бөтен елге,
Сөлтек жүріп, сұлтандық өнер деме.
Алаштың адал жүрмек ата жолы,
Тіліне нәпсі, шайтан ере көрме.
Өзіңді жатта өлімнен ертелі-кеш,
Еш уақытта діндеріңді
қолдан берме.
Үй табу, үйір табу қиын болар,
Жат жұрттан сүйек-тамыр
бола көрме.
Ұмытпа Алаш қазақ ұраныңды,
Ойыңнан үзбе халқым, құраныңды.
Артыңа өлгендерің өсиет қыл,
Халық боп, Қаратауда құралуды.
Шықпасын көңіліңнен пенделігің,
Болмасын бөтен ұлтқа ермелігің.
Жеп қалма, саяқ жүріп
сырттан таяқ,
Ескіріп, естен шықпай, елдегі күн.
Тіріңді тез заманда табыстырып,
Иманы нәсіп етсін өлгенінің.
Топыш сөзінің соңы.

Бұл ескі сөзді біз Түркістан ауданының Максим Горький атындағы колхозында (Оңтүстік Қазақстан облысының) тұратын алпыс жасар халық ақыны Әбдірайым Байтұрсынұлынан жазып алдық.

 Бұл жырларды қалай жаттағаны туралы Әбдірайім ақын былай дейді:

«20 жылдар шамасында әкем Байтұрсын марқұм Бұқар жаққа барған еді. Сол жолда иелері кетіп, иесіз қалған үйден бір кітап тауып алыпты. Кітап «Ақтабан шұбырындының тарихы» деп аталған. Кітап қара сиямен арабша жазылған. Сырты жыртылған, кім жазғанын біле алмадық. Сол кітаптың ішінде осы екі өлең бар еді. Мен сол кезде жаттап алған едім. Кейін кітап жоғалып кетті. Кітапта осы екеуінен басқа өлең болмаған көрінеді. Бұл өлеңдер жөнінде Әбдірайім ақын осыдан артық ештеңе білмейді».

Әбдірайім ақсақал бізге Ақтабан шұбырындының жайы туралы біраз әңгімелер айтты. Оларын жоғарыда аталған кітаптан оқыған көрінеді. Әбдірайім діндар, ауыл ішінде молда атанған адам, ескіше көп білім алған, суырып салма ақын. Жоғарыдағы өлеңде оның өлеңнің дәлме-дәл текстін ұмытып қалып, өз жанынан төлеу салған жерлері де болуы мүмкін. Өлеңнің басында Ақтабан шұбырынды жайы, қалай болғаны, осы өлеңдердің қандай жағдайда айтылғаны сөз болды. Оны Әбдірайім ақын өзі қосқан екен. Жазып алуды қажетсіз деп таптық.

Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев,

КазГУ-дың филология факультетінің студенттері

Сентябрь, 1958 жыл.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button