Елі сүйген өр талант
Кеншілер мәдениет сарайында музыкант, педагог, композитор Ерслан Жақыпхановтың «Сен деп соққан жүрегім» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында тек ән ғана шырқалып қоймай, сонымен қатар, театрландырылған қойылым да көрсетілді.

Сахнада Қазақстанның танымал әншілері, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президенті оркестрінің жетекші әншісі, еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров, cover орындаушы Ауғантай Иса (AUKA), Динара Ахметжанова, сонымен қатар, қарағандылық Сәкен Әлімханов, Сұлтан Серікұлы сынды әншілер өнер көрсетті.
– Кеш иесімен бала кезден таныспын. Екеуіміз Тәттімет атындағы өнер колледжінде бірге оқыдық. Кеш иесінің «Нар қазақ» деген әнін орындаймын. Ең бастысы, халық өзінің әділ бағасын берсе болды, – дейді Сәкен Әлімханов.
Театрландырылған әдеби-сазды кеш 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде балаларға арналған би мен ән өнері болды. Екінші кезеңде жастарға, жалпы қоғамға байланысты әндер шырқалса, ең ерекшесі – үшінші кезең. Мұнда «Сен деп соққан жүрегім…» атты ән жинақтың тұсаукесері өтті. Кітапта 30 шақты ән бар. Оның он шақтысы балаларға арналса, қалғаны достар және ана, әке жайлы, патриоттық жанрдағы әндер жинақталған.
– Әннің ғұмырлы болуын халық шешеді. Ерслан – өнерлі азамат. Шығармашылық ортада жүрген соң, маған хабарласып, өз әнін ұсынды. Мағынасы мен мәні ұнаған соң бірден келістім, – дейді кеш қонағы, әнші Досымжан Таңатаров.
Композитордың шығармашылығын сүйіп тыңдаушылар саны көп болғаны сонша, көрермен залында ине шаншыр жер қалмады.
– Бірінші шығармашылық кешім. Дайындық жоғары деңгейде. Барлығы өзім ойлағандай. Кешіме шақырылған әншілердің көбісімен өнер жолында жүріп танысқанмын, – дейді кеш иесі Ерслан Жақыпханов.
Көрермендер кеш иесіне ерекше алғысын айтып, тілектерін жеткізді. Қатысушылар да кештің жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етіп, жылы лебіздерін жолдады.
Алданыш ОЛЖАБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің IV курс студенті.
Сурет ұйымдастырушылардан.