Облыс әкімдігінде

Елді мекендердің еңсесін тіктеген жоба

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы басталған үш жылға жуық уақыт аралығында жоба бойынша әр жыл сайын облыстың 5-6 ауданы қамтылады. «Барлық аудандарды бірден қамту мүмкін емес, дегенмен, мәселелер біртіндеп шешілуде» деді аппараттық кеңесте облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК. Биылдың өзінде 33 ауылдық елді мекенде 60 жоба жүзеге асырылуда.

Облыстың экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың айтуынша, ауыл тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2019-2020 жылдар ішінде 6 миллиард 573 миллион теңгеге 73 жоба іске асырылып, 16 тірек ауылдық елді мекен қамтылған. 32 әлеуметтік нысан, 94 шақырым кентішілік жолдар, 41 шақырым сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау желілері жөнделген.

– Биыл 33 ауылдық елді мекенде 60 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде инженерлік инфрақұрылым объектілерін дамыту саласында – 3 жоба, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін дамыту саласында – 22 жоба, көлік инфрақұрылымы объектілерін дамыту саласында – 35 жоба, – дейді Азамат Ибрагимұлы.

Одан бөлек, 2020 жылдан 3 өтпелі жоба аяқталуда. Олар Ботақара кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, Ақтоғай ауылында Мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту, Қарағайлы кентінде №16 орта мектепті күрделі жөндеу жұмыстары.

Білім беру саласында 9 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Қарқаралы ауданындағы №16 мектептің, Абай ауданындағы «Жұлдыз» мектеп-балабақша кешенінің, Ростовка ауылындағы мектеп жанындағы интернаттың, Бұқар жырау ауданындағы Токаревка және Көкпекті мектептерінің, Нұра ауданындағы Шахтерское және Мұзбел ауылдарындағы мектептердің, сондай-ақ, Осакаров ауданындағы Молодежный кентіндегі екі мектептің күрделі жөндеуі бар.

Мәдениет саласында да бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Мысалы, Баймырза ауылындағы мәдениет үйіне және Молодежный кентіндегі мәдени-демалыс орталығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Жастар спорт кешені күрделі жөндеуден өтсе, Шахтерское ауылында хоккей корты салынады.

Азамат Ибрагимұлы аудандарда абаттандыру бойынша 3 жоба іске асырылуда екенін де айтты. Мысалы, Ақтоғай ауылындағы Мәдениет және демалыс саябағы қайта жаңартылса, Ақадыр кентіндегі кәріз желілері мен сумен жабдықтаудың резервтік желісі салынуда.

Кеңесте бүгінге дейін мәдениет үйінсіз күн кешкен Доскей, Көкпекті және Үштөбе ауылдарына қатысты да мәселе қозғалды. Бұқар жырау ауданының әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, биыл жергілікті бюджет есебінен осы мәселеге қатысты жоба қолға алынып, желтоқсанның соңына дейін Доскей ауылында 200 орындық мәдениет үйін салуға мемлекеттік сараптама алынуы тиіс.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Доскей кентінде 90-шы жылдары қараусыз, бос қалған үйлердің құрылысы аяқталғанын айтты. Өткен жылы бес қабатты үйдің біреуі аяқталса, биыл 3 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 2-сі аудандық және облыстық бюджет есебінен, 1-і мәдениет басқармасынан түскен қаражатқа қайта жаңғыртылуда. Бұдан соң қалпына келтіру үшін тағы 40 пәтерлі 3 үйге биыл техникалық тексеру аяқталып, келесі жылы жоба жүзеге асырылады.  

 Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button