Елдің игілігі үшін

Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Өңірдің тынысы, жергілікті биліктің жұмысы. Нәтиже мен жоспар. Барлығы отырыста кеңінен талқыланды. Аймақта ілгерілеу бар. Өзекті мәселелер де жоқ емес, бірақ. Осыған орай, шенеуніктер қатарында облыс басшысының сынына ілігіп қалғандары да болды. Кейбір қала, аудан әкімдеріне «Сіздерді міндетті түрде қамшылап отыру керек пе?» деген сұрақ та ашық қойылды.

Мүлікті жария ету – мүмкіндікті мүлт жібермеу

Облыстың экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявская мәлім еткендей, мүлікті жария ету мақсатында облыс бойынша биыл 1068 өтініш келіп түскен. Жыл басынан бері жария етілген мүліктің жалпы сомасы – 4,5 млрд. теңге. Мүлікті жария ету науқаны Қарағанды қаласында қызу жүргізіліп, 533 өтініш мақұлданған. Ал, аудандар арасында Жаңаарқа ауданы көш бастапты. Бұл ауданда мүлікті жария ету бойынша 79 өтініш оң шешімін тапқан. Ал, Ақтоғай, Қарқаралы аудандары мен Приозерск қаласында мүлікті жария ету бойынша әзірге ешбір өтініш толық мақұлданбаған. Аталған өңірлер басшыларының айтуынша, көптеген тұрғындар құжатты реттеу ісіне келгенде ақсап жатады. Дегенмен, жыл соңына дейін барлық аудан, қалаларда мүлікті жария ету ісі жүргізіледі деген болжам бар.

Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер депар­таментінің басшысы Азамат Ахметов те мүлікті жария ету науқанының барысы жайлы баяндады. Бұқаралық ақпарат құралдары, ғаламтор ресурстары арқылы халықты ақпараттандырудың маң­ыз­­дылығына тоқталды. Басшы­ның айтуынша, мүлікті жария ету ісіне тұрғындар тарапынан қызығушылық арта түскен. Осы жылдың тамыз айының өзінде 46 декларация қабылданыпты.

Мүлікті жария ету. Мұның берері қандай? Бұл іске бұқараның бейжай қарайтыны несі? Мәселе кешегі жиында да терең талқыланды. Қарапайым мысал келтірейік. Өткен жылы көктемгі су тасқыны біразды әбігерге салды. Билік пен бұқара «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарды». Бірақ, кейбір азаматтар мемлекеттің көмегіне жүгініп, зардап шеккен дүниелерінің орнын толтырарда көптеген кедергілерге тап болды. Себебі, қолдарында мүлкінің бар-жоғын растайтын ресми құжаттары болмады. Міне, мүлікті жария етудің қажеттілігі осы тұста да анық аңғарылды.

Баға – бақылауда

Жиында облыстық статистика департаментінің басшысы Жанат Садықова да баяндама жасап, өңірдегі тауар бағасы, қызмет көрсету құнына тоқталды.

Аймақ басшысы өңірдегі тауар бағасының тұрақтылығын үнемі назарда ұстайтыны мәлім. Белгілі бір өнімге немесе қызмет түріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу де – жергілікті биліктің көздегені.

Біздің облыста ет, сүт, құс еті, жұмыртқа, астық өнімдері шығарылады. Бір сөзбен айтқанда, азық-түлік себетінің негізгі үлесін өзіміз өндіріп отырмыз. Қала, аудан басшыларына бананның бағасын тұрақтандыр деген талап қойып отырғанымыз жоқ. Тым болмаса, өңірде өндірілетін өнімнің бағасын құрықтап ұстауымыз қажет, – деп кесіп айтты Нұрмұхамбет Қанапияұлы.

Сондай-ақ, алдағы 8, 9 қазан күндері Астанада Қарағанды облыс­ының күндері өтеді. Дәстүрлі іс-шараға әзірлік барысын облыс­тағы бірнеше басқарманың басшылары баяндады. Ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожиннің айтуынша, Елордадағы жәрмеңкеде ұс­ынылатын азық-түлік өнімдері, өнім құжаттары, бағасы сияқты мәселелер жіті бақылауда болады. Қоскүндік шараны қажетті деңгейде өткеру үшін Астана басшылығымен бірлескен жұмыстар қолға алынған.

Облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапия­ұлы бұл жыл – ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығымен, облыстың 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін еске салды. Елорда тұрғындарының назарына мәдени іс-шараларды ұсыну барысында ұлттық нақыштарға, ел мен өңірдің жетістіктерін паш етуге басымдық беру қажеттілігін айтты.

«Сарыарқа» арнайы экономи­калық аймағының жұмысын жандандыру ісі де күн тәртібіне шығарылды. Облыстың өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Төлеген Игембаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. 595 гектар аумақты алып жатқан аймаққа биылғы жеті айда 17 млрд. теңге инвестиция тартылған. Енді, шетелдік ортада тәжірибесі бар стратегиялық әріптестерді көптеп тарту көзделген.

Айтпақшы, күзгі орақтың барысы көңіл көншітпейді. Мұны аймақ басшысы қатаң сынға алды. Ертең жаңбыр жауса, Жер-Ананың жемісі қар астында қалып қоюы әбден мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Қазіргі дерек бойынша, орақтың түсімі әрбір гектарына 11,6 центнерден айналып отыр.

Мал азығын дайындау ісінің баяу жүргізіліп жатқаны да айтылды. Нұра, Ұлытау аудандары мен Қаражал қаласының төңірегіндегі алқаптарды өрт шалу деректері тіркеліпті. Кешелі-бүгінді. Облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов айтқандай, биыл шабындықтарда шөптің қалың шыққанын көріп отырмыз. Кей өңірлердің мал азығының бірнеше жылдық қорын жинақтап алуға да толық мүмкіндігі бар.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Елдің игілігі үшін.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,

«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.