Жаңалықтар

«Елдің бас қаласы осы жерде болады»

Сара МҰСТАФИНА,

Журналист.

Ел басшылығына елорданы Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшіру туралы шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Қарсыластар өте көп болды. Бұл тақырыпта қаншама әңгімелер айтылып, сұхбаттар берілді. Ал мен үшін ерекше күн – Президент әкімшілігі мен біздің Сыртқы істер министрлігі жаңа астананың қайда болатынын көрсеткісі келген шетелдік дипломаттар тобына ҚазТАГ Фотохроникасының бас редакторы А.Устиненко екеуміз енгізілген 1994 жылдың 14 желтоқсаны қазіргідей есімде.

Сол кездегі облыс басшысы Георгий Браун қар басқан қамыс қопалы даланы қолымен нұсқап: «Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы, міне, осы жерде болады», – деді. Иран елшісінің суықтан тісі тісіне тимей сақылдап, тоңып тұрғаны, ал Браунның оған өзінің құндыз бөркін кигізгені есімде. Кейін, қас қарая қайтып келе жатқанымызда, Иран елшісі бас киімді қайтарғысы келген, бірақ әкім: «Біз, қазақтар, берген сыйлығымызды кері қайтарып алмаймыз», – дегені де есімде. Делегацияда бұл сапарға ең жақсы дайындалған канадалық дипломатиялық миссияның басшысы болып шықты. Ол бекерге соншалықты жылы киініп алғанын айтып, қалжыңдаған.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ақмола облысы активінің отырысы өткен 1996 жылдың күзі де есімде. Бұл бір тағдыршешті жиын болды. Тікелей және бүркемеленген қайшылықтарға қарамастан, Мемлекет басшысы жаңа астананың болуы керектігіне қазақстандықтардың көздерін жеткізді! Бірінші болып бұл шешімді жол қатынасы және ауыл шаруашылығы министрліктері қолдады, олардың қызметкерлері Ақмолаға 1997 жылғы желтоқсанның басында көшті. Біз, бір топ журналистер, Қазақстан Президенті келген поезды қарсы алғанымызда сол кездегі еліміздің темір жолдарының басшысы Юрий Лавриненко Алматы мен жаңа елорданың арасындағы жолды барынша қысқартуға уәде берді. Қазір тап солай болды: кешке пойызға отырасың, ал таңертең ертемен Нұр-Сұлтан қаласына келіп түсесің.

Сондай-ақ, 1998 жылдың маусымы – Қазақстанның жаңа астанасының құрметіне ауқымды мереке өткен күндер де еске түседі. Ол кезде мені бір айға созылған мереке туралы жазыпкөрсететін шығармашылық топтың жетекшісі етіп тағайындаған болатын. Бұл «елорда кілтін» табыстау, облыстар шерулері, фестивальдар, концерттер, Қазақстан басшылығының, белгілі тұлғалардың қатысуымен түрлі мекемелердің, әлеуметтік нысандардың, тіпті дүкендердің ашылуы.

Ең маңызды сәт ресми мереке өткен 9-10 маусым күндері еді. Қазақстандықтарды құттықтауға сол кезде бірқатар мемлекеттердің, негізінен ТМД-ның басшылары келді. Біз, журналистер, жалғыз көлікпен – директордың «Волгасымен» жүруге мәжбүр едік, бірақ маңызды және ірі іс-шаралардың барлығына да үлгердік. Күн сайын кешке өткен күннің қорытындысын жасап, алдағы іс-әрекеттер жоспарын талқылаған кезімізде журналистер шаршағаннан аяқтарын баса алмай тұратын. Біздің мұндай жұмысымызды тек Үкімет қана бағалап қойған жоқ. Қаржыландыруға қатысты проблемалар болғанына қарамастан, бүкіл шығармашылық топқа сыйлық берілді.

Одан кейін «ҚазААГ» ақпарат агенттігінің астаналық тілшілер қосынын нығайтып, мамандар ала бастағанда, мен Астанаға «вахталық әдіспен» жиі баратын едім. Бір кездері ол жақтағы қызметкерлердің жалақысын аударуда қиындықтар туындады да олардың айлықтарын кәдімгі жол сөмкесімен тасып жүруге тура келгені бар. Осындай сәттерде мені вокзалдың перронында қосын қызметкерлері түгел, гүлмен қарсы алатын. Бұл да – жанға жылы естеліктер.

2000 жылғы сәуірде мемлекеттік ведомстволар мен мекемелерді көшіру шеңберінде біздің агенттіктің бас кеңсесі Астанада орнықты. Содан кейін, жұмыс бабымен және жеке істеріммен елордада жиі-жиі болып жүріп Астананың, кейіннен «Нұр-Сұлтан» атанған бас қаламыздың жыл сайын өсіп, көркейгенін көргенде, ерекше қуанып, сүйсінемін.

https://read.100angime.kz/kz/mobile/index.html

Басқа материалдар

Back to top button