Рухани жаңғыру

Елбасы бағдарламасы – ертеңгі ұрпақ үшін

Өңірімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында түрлі шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Соның бір дәлелі – өткен жұма күні ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында аталған академияның Жалпы білім беретін пәндер кафедрасы мен Мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілген бірегей жетекшілік сағаты деуге болады.

Ішкі істер органдарының іргелі мамандарын даярлайтын бұл академия – қазақстандықтарға кеңінен мәлім. Отанымыздың тыныштығы мен азаматтарымыздың құқығын кірпік қақпай күзетіп тұрған өңіріміздегі тәртіп сақшыларының басым бөлігі – осы оқу орнының түлектері деуге болады. Сондықтан, болашақ мамандар бойына мәдени құндылықтарды сіңіре білу, патриотизм мен отансүйгіштік дарыта алу – тікелей профессорлар мен оқытушыларға байланысты екені белгілі. Яғни, бұл шараның басты мақсаты да – курсанттарға патриоттық тәрбие беріп, рухани құндылықтарға қатысты олардың оң көзқарасын қалыптастыру.
– Бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы аясында бірегей жетекшілік сағатын өткізіп отырмыз. Осы арқылы жас курсанттарымызды патриоттық сезімге баулығымыз келеді. Ал, біздің кафедра жалпы білім беретін пәндер кафедрасы болғасын, жастарды туған жеріне тағзым ете білуіне, Отанын сүюуге үйретуге тырысамыз. Сондықтан, мұндай жұмыстар академия қабырғасында жиі ұйымдастырылады, – деді «Жалпы білім беретін пәндер» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Хамит Оразбаев.
Шараға академияның жас мұғалімдері, профессорлық-оқытушылық құрамы, тәрбие жұмысы бөлімі мамандары және білім ордасының курсанттары қатысты. Сондай-ақ, жиын барысында академияның Жалпы білім беретін пәндер кафедрасының оқытушысы, полиция аға лейтенанты Әділет Жағыпар мен оқытушы, полиция майоры Әйгерім Бекқожина Елбасы бағдарламасына қатысты баяндама жасап, қатысушылар сұрағына жауап берді.
– Бүгінгі шарада біз курсанттарды туған жерін сүйе білуге, оны қастерлеп, қадірлеуге шақырдық. Себебі, қай-қайсымыздың болсын кіндік-кесіп, түндік түрген туған жеріміз, тал бесігіміз бар. Ал, оны көзінің қарашығындай қорғаштайтын да, қадірлейтін де осы болашақ полиция қызметкерлері болуға тиіс.
Келешекте оларға қарап жастар ой түйетін, бой түзейтін болады. Сондықтан, академияның әр тәлім алушысы ертеңгі күні елге үлгі бола білуі тиіс. Бұл ретте, туған жерге деген махаббат – кез келген азамат бойындағы ең асыл қазына екені даусыз, – деді Әділет Жағыпар.
Біз академияның 3-курс курсанты Қуаныш Есенәліні әңгімеге тартқан едік. 
– Осы шара арқылы біз мемлекетке, елге деген сүйіспеншілігімізді одан сайын арттыра түстік деп топшылаймын. Себебі, «Отан – отбасынан басталады» демекші, туған жерімізді аялай білуге бағдар болған Елбасының «Туған жер» бағдарламасы бізді көп дүниеден хабардар етті. Ертеңгі күні еліме қалай қызмет ету керектігін ұғындым. Мәселен, мен болашақта тергеуші болсам деп армандаймын. Ал, туған жерімді, Отанымды сүймей, бағаламай тұрып, еліме де барынша адал қызмет ете алмасым белгілі. Сондықтан, бұл шара менің таным көкжиегімді кеңейте түсті деп айта аламын, – деді Қуаныш Есенәлі.
Шара соңында жиынға қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, баяндамашыларға сауалдарын жолдады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button