Рухани жаңғыру

Елбасы бағдарламалары – болашақтың бағдары

«Мақсат – жетістіктің желкені» дейді, дана қазақ. Елбасы елімізде өмір сүріп жатқан халықтың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыру үшін жүйелі жоспарлар жасап, құнды бағдарламаларды қабылдады. Атап айтқанда, «Қазақстан-2030», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Дағдарыстан жаңару мен дамуға», «Қазақстан-2050», «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Туған жер» және тағы да басқа бағдарламалық мақалалары мен «Мәңгілік Ел» идеясы жарқын болашақтың кепілі болды.

Кез келген шаруаны жүзеге асыру үшін жүйелі жоспар қажет. Енді ғана егемендік алып, өркениетті елдер қатарына ұмтылуға тырысқан Қазақстан үшін де жүйелі жоспар құрудың маңызы зор болды. Еліміздегі экономикалық-әлеуметтік ахуалды қалыптастыруда Елбасы бар жауапкершілікті қолға алып, иығына түскен ауыр жүкті көтере білді. Сарабдал саясатымен Тәуелсіз елді жандандырып, көркейтудің алғышарты ретінде түрлі бағдарламаларды қабылдап, қыруар қаражат бөліп, орындалысын қатаң қадағалады. Сондай баянды бастама «Қазақстан-2030» даму Стратегиясы еді. Аталмыш стратегия егемен еліміздің ілгерілеуіне берік негіз болды. Еліміз үшін жасалған тарихи мүмкіндікті уысымыздан шығармай, алға қарышты қадам басуымызға негіз болды. Ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосатын барлық құрылымдарды біріктіретін басты салаларды дамытуға басымдық берілді.

Мықты мемлекет құрып, дамыған экономика қалыптастыру мақсатында қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясында жеті ұзақ мерзімді басымдықтарды іске асыру мақсаты тұрды. Инвестиция тарту арқылы кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы дамыту, әлеуметтік кепілдіктер мен заманауи білім беру жүйесін жетілдіру және бастысы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру арқылы көпұлтты мемлекетіміздегі бейбітшілік пен берекені қалыптастыру негізгі мұрат болды. Ел дамуының негізгі бағдары ретінде қабылданған Ұлт жоспары «100 нақты қадам» еліміздің уақыт талабына сай дамуы мен заман сұранысына лайықты жауап бере алатын төте жолды көрсетіп берді. Халықтың талап-тілегі, мүддесінің барынша ескерілуі, индустрияландыру мен экономикалық өсімге қол жеткізу, біртектілік пен бірлікті арқа тұту, қоғамдағы заң талаптарының орындалысы, кәсіби аппарат қалыптастыру және тағы да басқа қоғамға қажетті бағыттарды жүзеге асырудағы нақты қадам болды. Ұрпаққа ұлағат болған «Мәңгілік Ел» идеясы да ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға тың серпіліс берді. «Мәңгілік Ел» идеясы ежелгі бабаларымыздың арманын, Алаш азаматтарының қалауын жүзеге асыратын, елді ымыраға ұйыстырып, ірі мақсатқа жұдырықтай жұмылдыратын ұлттық идеологияны қалыптастырды. Атаның ақылы, ананың әлдиімен бойымызға сіңген құндылықтарды еліміздің әрбір азаматтың әдет-ғұрып, салт-санасын көзінің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ету – Отан алдындағы перзенттік борышы. Елбасының «Халық тарих толқынында» атты бағдарламасы да «ұлт тарихы ұлттың мүддесі» дей отырып, өткенді зерделемей, болашақты бағдарлау мүмкін еместігін көрсетіп берді. Болашағымыз бұлыңғыр болмас үшін ата тарихымызға арқа сүйеуіміз қажеттігін назарға алды. Өткенімізді екшелей отырып, ежелден қалыптасқан айшықты тарихымыздың бар екендігін көрсетті. Елбасының «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» деген Елбасының бір ауыз сөзі, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтті. Ең еңсесін көтеруге арналған Елбасының жаңару мен жаңғыруды мұрат еткен бағдарламалары ұлт мүддесін асқақтатты. Халқымыздың салт-сана, дүние-танымын өзгертетін қозғаушы күш, ұлттық сананың кемелденуіне кепіл болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы. Қоғамдық сананы, ұлттық салт-дәстүріміз, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетіміз, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғыртуға бағытталды. Мың өліп, мың тірілсе де замана сынынан сүрінбей, елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала отырып, құндылықтарымызды құрметтей білуге үндеді.

«Патриотизм өз өлкеңе, ауылыңа, қалаңа, өңіріңе, туған жерге деген ыстық махаббаттан басталады», – деді, Елбасы. Ол отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты. Әр адам өзінің кіндік қаны тамып, туып-өскен жеріне қамқорлық танытып, оның көркеюіне сүбелі үлес қосса, қазақтың қарашаңырағы ауылдарымыз сақталып қалар еді. Туған жерге туын тігіп, оның бай тарихына баса назар аударып, ұлықтау, ұлттық құндылықтарын насихаттау – басты мақсат.

Елбасының тәуелсіз ел болып қалыптасу тарихындағы қабылдаған барлық шешімдері мен салалық бағдарламалары елінің жарқын болашағы бүгініне бағытталды. Мемлекеттің қалыптасу тарихын ой елегінен өткізе отырып, оның қуатты елге айналуына бірден-бір ықпал ететін бағдарламаларды дер уақытында қабылдап, қомақты қаражат құйып, жүзеге асуын басты назарда ұстады. Бүгінгі жеткен жетістіктер мен толағай табыстар Елбасы бағдарламаларының айқын көрінісі.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button