Баған

Ел жастары елжанды ма?

«Мен жастарға сенемін» деп құдіретті поэзия падишаһы Мағжан Жұмабаев үлкен үміт артқан жас буын өкілдері қазір жиі айтылатын бәсекеге қабілетті азамат ретінде қалыптасып келе жатыр ма? Олардың мақсат-мұраты қандай? Осы тектес сансыз сауалдар елдің ертеңін күйттеген аға буынды ойландырып, ұлттық мәселелердің қатарында тұрса да, нақты жауабын таба алмай келе жатқаны рас…

Сурет:автордан

Кейде қоғамдық орындарда жасы ұлғайған кісілердің «жас кезімізде ондай едік, мұндай болғанбыз, ал қазіргінің балалары өзгерген» деген сипаттағы ренішті құлағымыз шалып қалып жатады. «Ол кездің жастары аса ізетті болатын, бәрі белгілі бір тәртіпке бағынатын. Отан үшін отқа түсуге де дайын еді» – дейді үлкендер қауымы. Осыдан барып, «бүгінгі тәуелсіз елдің жастары қандай?» – деген сұрақтың туындауы – заңдылық.

Егер жастардың бүгінгі танымтүйсігін, ұстанған бағыт-бағдарын мемлекеттік мекемелер я, болмаса басқа да ұйымдар өткізетін шараларға қатысуымен немесе олардың атқарған жұмыс нәтижелерімен бағамдайтын болсақ, онда көпшілігіміз ойланбастан «жастар – патриот, олар белсенді» – деп жауап береріміз анық. Себебі, қандай жиын, мерекелік шара болсын, жастар сол жерден табылып жатады. Мұндайда көбінесе студенттерді сабақтан босатып алып барып, залды толтырудың қамын ойлайтынымыз да жасырын емес. Сөйтіп, осылай кім-кімді алдап жүргені түсініксіз, көзбояушылыққа барамыз. Содан болар, «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, қарақан басының қамын емес ұлттық мұратты жоғары қойған Әлихан Бөкейхан мен басқа Алаш арыстарының ізбасарларын байқай қоймаймыз…

Кітап оқып, рухани байып, ата салтымызды саралап жүргендерге қарағанда, қолдарына қымбат телефон ұстап, астына шетелдің көлігін мініп, жеңіл ақша табу, тез баюды мұрат тұтқан жастар басымдау. Әрине, заман талабы солай да шығар. Бірақ, заман ағымына ілесіп, тым шектен шығып, қанымыздың қазақ екенін ұмытпауымыз керек.

Жастарға қатысты қордаланған мәселелер жетіп артылады. Мәселен, кереғар діни ағымдардың жетегінде жүрген жастарымыз баршылық. Тағы бір өткір мәселе – оқу бітіргеннен кейін екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыздардың қатарын толтырғандар мен баспанасыз жүргендер қаншама!

Осы ретте «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға!» сияқты бағдарламаларды ауызға аламыз. Бірақ, мемлекет тарапынан ұсынылған қолдау мен көмекке жастардың басым денінің қолы жетпей жүргенін естен шығармауымыз керек. Олардың патриоттық, ұлтжандылық ұстанымдарының мызғымас күйде болуы көп жағдайда тұрмыстық ахуалына тікелей байланысты.

Өзіміз үміт артатын жастардың жағдайын тұрақты зерделеп, қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп отыру – бұлжымас талап болуы тиіс. Олардың елжандылық сезімдері соны айқын сезінгенде еселеніп арта түсері күмәнсіз.

Думан ҚАБЫЛ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button