Ресми

Ел жайын білетін әкім

Облыста 25 шілдеде 75 округ бойынша округтер мен кент әкімдері сайланады. Әкім сайлауы ешкімге таңсық болмаса да, биылдан енгізілген жаңашылдықтың өзіндік ерекшелігі бар. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін төменнен, яғни, ауыл әкімдерін сайлаудан бастауды көздеген заң жобасы бойынша бұрынғыдай аудан әкімінің ұсынысы бойынша емес, халықтың өзі тікелей сайлайды. Демек, «әкім боламын» дегеннің бетінен қағатын ешкім жоқ. Бұрынғыдай «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап…» (Абай) емес, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 36-бабында және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада көзделген талаптарға сай болуы тиіс. Талапқа сай келмесе, «ауылға әкім боламын» деп, армандау да артық.

Бірақ, шыны керек, ауыл әкімдерін халық сайлайды дегенде әркім өзі қалағанын сайлаймын деп, «аядай ауыл екіге бөлініп, ырду-дырду басталады-ау» деген күдік те жоқ емес. Бірақ, «көш жүре түзеледі» демекші, уақыт өте әкім сайлауы еліміздегі демократияның жарқын көрінісіне айналарына сенім зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көздегені осы.

Қарағанды облысының ауылдық округтер, ауылдар мен кенттер әкімдерін сайлау 2021 жылғы 25 шілдеге белгіленген. Қазіргі таңда үміткерлерді ұсыну жүріп жатыр.

Өңірде алғашқы тікелей сайлауда 75 ауыл әкімін сайлау жоспарлануда. Сайлау 134 мыңнан астам адам тұратын 149 елдімекенде өтеді. Тұрғындардың 81 мыңнан астамы сайлаушылар.

Облыстық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, 30 маусымға дейін 149 кандидат ұсынылса, оның 7-ін саяси партиялар, ал, қалған 142-і – өзін-өзі ұсынушылар. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетовтің айтуынша, әкім боламын дегендердің дені – ер адамдар. Ал, әйелдердің үлесі – 15%. Кандидаттардың арасында кәсіпкерлер де, уақытша жұмыс істемейтін бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар. Ал, ең жас үміткер – 26 жаста болса, ең үлкені – 61 жаста. Одан бөлек, алғашқы тікелей сайлауға өтініш білдіргендердің арасында жұмыс істеп жатқан үш ауыл әкімі бар. Жалпы, әкімдікке үміткерлердің дені – өзін-өзі ұсынушылар болса, олар округтегі сайлаушылардың қолдарының кем дегенде бір пайызын жинауы керек.

Партиялар арасынан белсенділік танытқан Nur Otan.

Қазіргі уақытта орташа бәсекелестік бір орынға екі адамды құрайды. Үш үміткер Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде, Қарқаралы ауданының Мәди және Аманжолов ауылдық округтерінде, Бұқар жырау ауданының Бұқар жырау ауылдық округінде, Нұра ауданының Жараспай ауылында, Ұлытау ауданының Алғабас ауылдық округінде, Шахтинск қаласының Новодолинский кентінде ұсынылды, – дейді Ерқара Аймағамбетов.

Ұсыну 9 шілдеде аяқталады. Осы мерзімнен бір күн бұрын, егер қандай да бір елдімекендерде бір ғана кандидат болса, екіншісін аудан әкімі ұсынуға құқылы.

Сайлау 149 елдімекенде өтеді. Өңірдің барлық тоғыз ауданы, сондай-ақ, Шахтинск қаласында Долинка, Шахан, Новодолинский кенттері, Саранда Ақтас, Қаражалда Жәйрем, Жезқазғанда Талап және Балқашта Гүлшат кенттері қамтылады.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Серікжан Байбосыновтың айтуынша, ауыл әкімдерін халықтың сайлауы – демократияны нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Ауыл халқы әкімді таңдау арқылы мемлекеттік басқаруға қатыса алады. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы да осы туралы баяндайды. Әкімдер халық алдында тікелей есеп береді және өзгенің бағдарламаларына сілтеме жасамайды. Үгіт жұмыстары басталған кезде, олар өз елдімекендерінің қажеттіліктерін ескере отырып, нақты бағдарламалар немесе жобалар ұсынуы керек. Адамдар туған ауылының дамуы олардың азаматтық белсенділігі мен таңдауына байланысты болатынын түсінуі керек. Ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысатынына сенімдімін, өйткені олардың әрқайсы кішкентай Отанына шын жүректен алаңдайды, – дейді Серікжан Байбосынов.

Демек, халық сайлаған әкімнен күтетін үміт те – осы. Өз елдімекенінің қажеттілігін білетіндіктен, сол бағытта жұмыс жасап, ел сенімінен шыға алады деген үміт мол.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button