Жаңалықтар

«Ел ықыласына бөлену – мәртебе»

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер әділ, дана әрі тапқыр басшы бола алатынын өмірдің өзі дәлелдегенін атап өтіп, Отбасы және гендерлік саясат туралы Жаңа тұжырымдама қабылдады. «Қазір қыздарымыз әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып жатыр. Жаһандық компанияларда жұмыс істейді. Сан түрлі кәсіпті меңгерген әйелдер қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметші, тәрбиеші, тігінші және басқа да мамандық иелері бар» деді Мемлекет басшысы.
Бұл сөз әрбір әйелдің отбасында бақытты, қызметте табысты, қоғамда белсенді болуға лайықты екенін айғақтайды. Облыста Президент атап өткен үдеден шығып жүрген көптеген мемлекеттік қызметші бар. Бірнеше жыл Ақтоғай ауданының әкімі болған, әрі мәдениет және тілдерді дамыту саласында абыройлы қызметтер атқарған, бүгінде тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова ханыммен сұхбат құрған едік.

– Салтанат Мірәсілқызы, мереке құтты болсын! Сіздің мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен білікті һәм білімді маман екеніңіз баршаға мәлім. Қызмет жолыңыз да ізіңізден ерген жолы жіңішке қауымға үлгі боларлық. Соның ішінде, Ақтоғайдай қасиетті мекенде ел басқару жолы жіңішке Сіз үшін оңай жүк еместігін де сеземіз. Алғаш әкім болып тағайындалған күніңіз есіңізде шығар…

– Рахмет! Әрине, аудан әкімі лауазымы тосыннан келген ұсыныс болды. Аудан әкімінің орынбасары ретінде 17 жылдан астам уақыт қызмет атқарыппын. Оған дейін жеті әкімге орынбасар болыппын. Шыны керек, «Әкім бола қояйыншы» деген ойым жоқ еді. Гендерлік саясатқа ден қойылған жылдары өздері шешім қабылдай алатын қыз-келіншектерді мемлекеттік қызметке тарту және жоғары лауазым ұсыну көзделді. Сол бағыттар ескерілгендіктен, осындай таңдау маған түскен шығар, сірә… Орынбасарлықта бағытым әлеуметтік сала-тын. Содан да басшылық халықпен тығыз жұмыс істейтін адамды қолайлы көрген сыңайлы.

– Өзге елдердің зерттеуінше Қазақстан 1990 жылдардан кейін гендерлік саясатқа, әйелдер мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Былтыр арнайы заң күшіне енді. Бүгінде әйелдерге қоғам тарапынан қолдау жеткілікті деп санайсыз ба?

– Әрине, белгілі деңгейде қолдау бар. Президенттің өзі бұл мәселеге баса назар аударғаны мәлім. Қыз-келіншектердің басшылық қызметтерге көптеп тартылуы қажеттігін атады Мемлекет басшысы.
Десек те, статистикаға сүйенсек, елімізде ауылдық деңгейдегі аудандарды басқаратын әйелдер саны саусақпен санарлық. 2012-2013 жылдары билікте 4-5 қыз келіншек ғана еді.
Өзім 8 жылға жуық Ақтоғай ауданының әкімі болдым. Алға мақсат қойғаннан кейін, оған қоса жұмыстың көптігінен «Белгілі үдеден шығу керек» деген ұмтылыс болды.
Халықтың сенімін ақтау жолында өзіндік шешім қабылдай білу деген жауапты істі тыңғылықты атқара алдым. Әкім болған жақсы, дегенмен, туған еліңе басшы болу – екі есе жауапкершілік. Өйткені, ауыл-аймақ, ағайынның бәрін танисың. «Шешім қабылдар кезде әрқашан әділ болуым керек» деген ұстанымға келдім. Мемлекеттік қызметке адал болу – міндет. Өзіме серт еткен осы талаптарды басшы ретіндегі қызметімнің соңына дейін бұлжытпай орындадым. Халық маған сенді. Мен сол сенімді ақтадым деген ойдамын.

– Әйел заты болған соң «тек қыздарды көтермелейді» деп сынға ұшыраған жоқсыз ба?

– Жалпы, ел басқару ісінде жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлдім. Әкімнің орынбасары лауазымына қыз баланы тағайындағым келді. Нәзік жандар мәселенің түп-төркініне тереңінен үңілуге бейім. Әсіресе халықпен жұмыста, шешім қабылдар шақта биік өре керек.

– Билік бар жерде зор жауапкершілік бар. Негізі, шалғай аудандарда қызмет еткен жеңіл ме, әлде, облыс орталығы жүрегіңізге жақын ба?

– Екеуінің арасы жер мен көктей. Басқармадағы қазіргі жұмысым бір бағытта. Ал, әкім болу – барлық саланы бір арнаға тоғыстырып, үйлестіру деген сөз. Техногендік, ауыл шаруашылығы немесе коммуналдық саладағы мәселеде соңғы шешімді өзің қабылдайсың. Елеп-екшеп шешім қабылдау үшін парасат, білім көмекке келеді. Дау-дамайсыз, ортақ шешім қабылдай алу үшін басшының парасаттылығы керек.

– Қызметтегі басты ұстанымыңыз қандай?

– Ұстанымым – өтірік уәде бермеу. Халықтың алдында «Кез келген мәселені шешемін» деп айтқың-ақ келеді. Бірақ, «Егер мәселе шешімін таппаса» деген оймен тереңірек үңілесің. Сондықтан, ел алдында жалған уәде беруден аулақ болған жөн.

– Ұстаным демекші, мемлекеттік қызметте төменнен бастап, барлық сатыны өтуге саятын меритократия түсінігі бар. Сіздер осы жолмен бүгінгі дәрежеге жеттіңіздер…

– Мемлекеттік қызметке келу үшін белгілі сатылардан өту керек. Мысалы, бас маман болып отырған мемлекеттік қызметкердің бірден аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалуы ақылға сыймайды. Ол қызметке келген адам болашақ әкім, басшы болады деген мақсатта тағайындалады. Дайын резервтегі кадр болуы тиіс.

– Сонда мемлекеттік қызметке келген жас маман қандай болуы тиіс?

– Бірінші кезекте, білім, жауапкершілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық керек. Мемлекеттік қызмет – халықпен жұмыс. Бұйымтайын айтып, алдыңа келген адаммен дұрыс тіл табыса білу – маңызды. Өкініштісі сол, мемлекеттік қызметтегі қазіргі жастарда менменшілдік басым.
Сегіз жылға жуықтаған қызметімде жастарға жұмыстың бағытын үйретіп, көтермелеуге тырыстым. Кадрлық резерв мықты болуы үшін табандылықпен, көздерін жеткізе отырып, мемлекеттік қызметші ісін үйреттік. Қазіргі таңда тәжірибелі жастарымыздың көбісі жоғары лауазымдарға көтерілді. Алдыңғы қатардағы жастардың бірі ауданды басқарып отыр. Мен үшін бұл – үлкен жетістік.

– Жақында Шабанбай би ауылы Қазақстанның 5 озық туристік мекені тізіміне енді. Ауылдың алдағы дамуын қалай елестетесіз?

– Ақтоғай ауданының әкімі орынбасары қызметінде жүріп, 2007 жылы Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы институттың қолдауымен Ақтоғай ұлттық қорығының экономикалық ғылыми негізделген жобасы жасалды. Табиғи-тарихи қорық Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау тапты. Тарихи ескерткіштерді қорғау мәселесі шешімсіз қалды. Бұл жобаны іске асыруда жаңа жұмыс орындары ашылары сөзсіз. Туризмді дамыту үшін 2022 жылы Қызыларайдан бастап, тасжол салу жобасы енгізілді. Қарқаралы мен Қызыларайдың арасында 46 шақырым жер бар. Оның 23 шақырымы Қарқаралыға қарайды. Оны жөндесек, Қарқаралыдан шыққан туристің Қызыларай арқылы Шабанбай би ауылына келіп, Ақтоғайдан Бектауатаға, Балқашқа өтуіне толық мүмкіндігі бар. Ақтоғайға экотуризм арқылы жылына кем дегенге 200 турист келеді. Киіз үйде қонып, атпен тауда серуендегісі келеді. Алтын шеңбер секілді жоба қолға алынса, кәсіпкерлер де қозғалады. Бұл халықтың әлеуметтік деңгейін көтеруге көп мүмкіндік.

– «Әкім орны азаматқа лайық» деген сөздер жиі кездеседі. Дегенмен, қоғам осы сөзге нүктені өзі қойғандай. Сіздің жауабыңыз қалай?

– Өзіңе деген сенімділік керек. Шешім қабылдауда халықпен бірге болсаң, көштен қалмайсың. Әрине, болмысымызда ер-азаматты сыйлау – парыз. Бұл – біздің ұлттық менталитет. Әкіммін деп төрге ұмтылып, ер адамның жолын кескен емеспін. Отырған жерімде азаматты төрге шығарамын. Жасы кіші болса да, «Сіз» деп сыйласамын. Ол тәрбиемізде бар ғой. Үйінде әкесін, отбасында азаматын сыйлаған нәзік жанның бәрі солай жасайды деген ойдамын.

– Қазіргі таңда әйелге әмбебаптық тән. Мемлекеттік қызметтегі жолы жіңішке қауымға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әйел қашан да ақылдылығымен, төзімділігімен ерекше. Осы қасиет алға жетелейді. Мемлекеттік қызметте терең білім, қабілет, менеджерлік қасиет бағаланады. Мінездің ойып алар орны бар. Өйткені, жақсы ұйымдастырушы – жақсы мемлекеттік қызметкер бола алады. Халықпен берік қарым-қатынаста кішіпейілділік керек. Барлық қасиеттің бір адамнан табылуы да сирек кездеседі. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте жершілдік, рушылдық деген мәселеден алыс болған жөн.

– Мемлекеттік қызметте жүріп «әттеген-ай» деп басқа саланы армандап, өкінген кезіңіз бар ма? Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай?

– Мемлекеттік қызметте елдің ықыласына бөленіп, абыроймен кетудің өзі – мәртебе. Қызмет барысында өкінген кезім есімде жоқ. Жастармен тәжірибемен бөлісу үшін әлі де жұмысымды жалғастыратыныма сенімдімін. Жұмысбасты болып жүріп көңіл аудармаған, назардан тыс қалған дүниелер бар. Алдағы уақытта соларды іске асырамын. Жалпы өнерден құралақан емеспін.

– Сіздің ойыңызша әйелдің бақыты неде?

– Бақыт ұғымының аясы кең. Оны атақ-абыроймен, қызметпен, отбасы шаттығымен, мансаппен шектемеген жөн. Бақытты жай ғана жүректің тыныштығынан табуға болады.

– 8 наурызда бірінші кімді құттықтайсыз? Қандай сыйлық күтесіз?

– Әрине, алдымен анамды құттықтап, алғысына бөленемін. Екеуміз де құшақ-құшақ гүл алғанды ұнатамыз. Әр мереке сайын үлкендерді елден бұрын құттықтағанды жөн көремін. Жылдағы дәстүр бойынша үлгі тұтатын апайларыма хабарласамын. Олар менен Арқадағы елдің ықыласы мен ыстық сәлемін күтеді.

– Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button