Руханият

Ел ортақ, жер ортақ, би ортақ

Қасиетті Рамазан айында Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы, Тілеубек Зейнешев бастаған бір топ азаматтар ауданның Үміткер селолық округі жерінде орналасқан Алшынбай қорығында болып, осында жерленген Тіленші және Алшынбай билердің рухына тағзым етті. Қасына серік етіп алған Қарқаралы ауданының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Темірболат Мәжитов пен Үміткер ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер Нұрлан Жәнібеков және осы жолдардың авторы Қарағандыдан шыққаннан аузы дуалы билердің өмір-тарихына қатысты әңгіме тиегін ағытып келдік.

– Біз Қаз дауысты Қазыбек бидің атын барша қазақ жұртына мәлім етуге жұмыла ат салыстық та оның ұрпақтары Тіленші мен Алшынбай билерге онша көңіл бөлмей келдік. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – дейді Тілеубек Ережепұлы.

Ауыл шетіне келгенде бізді Үміткер селолық округінің әкімі Бейімбет Бейсенбеков және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Манат Құрманғалиев ауыл азаматтарымен бірге қарсы алды. Осы ауылдың тумасы, кезінде ауыл тұрғындары дұрыстап ойластырылмаған жекешелендіру саясатынан зардап шеккен жерлестеріне көмек ұйымдастырған Нұрлан бауырымыз бізді қорымға төте жолмен алып барып, жаңа көктеп келе жатқан шөбінің исі жұпардай аңқыған шүйгінді алқапты аралатты. «Ана лиманмен жер суарып, жайқалтып егін өсіруге болушы еді» деп алыстан айнадай жалтыраған нулы жерді көрсетті, өткен шақпен өкініш білдірді туған ауылы десе еңсесі езілетін азамат. Бәрін алдын ала ойластырып, бизнес-жоспар құрып қоятын бизнесмен кезінде шаруа қожалықтарын өрге бастырудың талай қадамдарын жасаған. «Әттең, не керек, жекешеленіп, ыдырап кеткен шаруалардың қазір бірен-сараңы болмаса ешкім егін екпейді екен. Себебі, қуатты техника жоқ, заманауи технологиядан хабарсыз. Осындай күйді талай ауылдар, тұтас аудандар бастарынан кешіп отыр. Оған ел қамын ойлап, бастарын қатырып жүрген жан жоқ» – деп қынжылады іскер бауырымыз. Сонан соң ауыл құрып барады дейміз…

Алшынбай қорығы былтыр ғана жөнделіп, асфальт төселген Баянауыл күрежолынан онша алыс емес. Басы шойын шарбақпен қоршалған, бірақ молалар шөп өсіп, шөгіп қалған екен. Қасиетті бабалардың шапағаты тиер деп ел осы жерге туыстарын жерлей берген, бірақ бастарында ешқандай белгі жоқ, үйілген тастар ғана бұл жерде молалар қорымы болғандығын көрсетеді. Манат бұл қоршаудың аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып істеп жүргенде Баба ұрпағы Марат Нұркенов деген азаматтың ынтасымен орнатылғанын айтып берді. Шойын шарбақ ішіндегі еңгезердей тасқа «Бұл жерде Қазыбек бидің немересі Тіленші би, шөбересі Алшынбай би жерленген. Ескерткіш қаракесек руы ұрпақтарынан, 1992 жыл» деген жазулар қашап жазылған екен. Уақыт өте келе жазулар көмескі тартқан, әзер оқыдық.

Жастілек ауылында бізден үштөрт сынып төмен оқыған Сатыбалды жерлесім осы ауылдың молласы екен, өзінің әдемі қоңыр даусымен марқұмдарға ұзақ-ұзақ аяттар бағыштады.

Иә, аттары аталған билер қаракесек руының өкілдері болғанымен жергілікті халық бұл бейіттерді анау заманнан бері әулиелі жер есептеп, қастерлеп келеді. Әріптесім, этнограф-қаламгер Төрехан Майбас: «Ел ортақ, жер ортақ, батыр ортақ» деп айтқандай, қасиетті билер де баршамызға ортақ болуы тиіс. «Орталық Қазақстан» газетінің жігіттері, бұрынғы Бас редакторы Мағауия Сембай бастап, Шет ауданының бір шетінде жатқан Баян батырдың қорымын тауып, қоршауға, Павлодарда ат үстіндегі айбынды ескерткішін орнатуға ұрпақтарымен бірге қатысуы – үлкен азаматтық іс. Руы – Уақ, туған, тұрған жері шалғай деген жоқ. Өйткені, ол қасық қаны қалғанша туған елін ата жаудан азат етуге қатысқан қазақтың бас сардарларының бірі еді. Тіленші, Алшынбай билердің де халқына сіңірген еңбектері еленуі тиіс.

Тіленші би туралы арнайы кітап шығарылмаса да ел аузындағы әңгімелерде, ҚР Ұлттық ғылым академиясының қолжазба қорындағы жазбаларда біраз деректер қалған.

Тіленші Бекболат бидің Кішік есімді қалмақ әйелінен туған. Ол Орта жүздің сөзін ұстаған, аумалы-төкпелі заманда елдің ішкі-сыртқы саясатына араласқан қазақ елінің 19-ғасырдағы айтулы тұлғасы болғаны анық. Аңыз-әңгімелерде керей ер Жәнібекпен қатты сыйласқаны, өзге де батыр-билермен тізе қосып, іс-әрекет жасағаны айтылады. «Тіленшінің би сайлануы» деген аңыз-әңгіме түрлі жинақтарда әрқилы баяндалады. Оқырмандарға халық арасында онша көп тарай қоймаған Ғалымжан Мұқатұлының «Абыздар мен ақындар» (2002) деген жинағынан бір нұсқасын ықшамдап келтірейік.

Бекболат би қартайғанда Абылай хан (өзге басылымдарда билер): «өзіңнен туған он ұл бар, көзің тіріде біреуін орныңа би сайлайын деп келдік. Қайсысына батаңды бересің?» – депті. Бекболат тоқалдан туса да Тіленшіден үмітті екенін сездіреді. Қалың жұрт Тіленшіні іздесе, өзен бойында қойын суарып жусатқан қойшылармен ойнап жүр екен. «Атақты бидің атақты баласы бола тұра қойшы-қолаңмен ойнауың қалай?» – деп сұрағанда былай жауап қатады: «Мен ертең би болсам, ешкімнің байлық, жарлығына қарамай, даугерін де, құныкерін де алдыма қатар отырғызсам, кезекпен сөйлетіп, іштей сынап тыңдасам, деп ойлаушы едім. Ертең атамның не өлі, не тірісінде осы билік менің қолыма бір тимей ме? Атама жүгінгенде қорқып, мұң шаға алмайтын сонау қойшы-кепшіктер сонда кешегі бірге ойнаған Тіленшіміз емес пе деп үрейленбей шын сөзін айтпай ма? Олар шындықты айтқанда мен әділдігімді айтпаймын ба?! Міне, сол себеппен ойнап жүрген едім» – депті. Ақ үй толған жұрт Тіленшіні сол күні ақ киізбен көтеріп, күміс шашып, би сайлапты». Осыған қарағанда Тіленші Бекболатұлы қарашамен жақын болып, халық алдында мейлінше әділ билік жүргізген қазақтың ұлы билерінің бірі болуы тиіс деп айта аламыз.

Алшынбай Тіленшіұлы (1784- 1876 жж., кейбір деректерде 1870 ж.) Әйбике-Шаншар елінің болысы болумен қатар, бүкіл Қарқаралы дуанына ықпалды билеуші болған. Соның бір дәлелі Құсбек төре Алшынбаймен араздасып қалып, ақыры орнынан айрылған, сөйтіп, Алшынбаймен жақсы қарым-қатынаста болған Құнанбай аға сұлтан болып сайланған. Құнанбай құда түсіп, оның Түсіп деген баласының қызы Ділданы Абайға алып бергені мәлім. Би өз тұсында талай ірі дауларды шешуге белсене ат салысқан. Алшынбай айтыпты деген кесімді билік, шешендік сөздер аз емес, бірақ зер салып жинақталмаған көрінеді. Керісінше, Кеңестік дәуір кезінде негізінен Алшынбай мен құдасы Құнанбайды бай-шонжар тұқымы деп тұқыртқан, дене бітіміндегі кемістіктерін көзге басқан әңгімелер сақталып қалған. Алшекеңнің бейнесі көркем шығарма болса да ұлы Мұхаңның «Абай жолы» романында біршама сомдалған. Би-шешеннен қалған бағалы мұра ретінде «Қазақтың би-шешендері» (1993 ж.) деген жинақта Алшынбай айтты деген мына өсиет-нақылды бере кетсек артық болмас:

«Өнер алды – қызыл тіл,

Қызыл тілін безеніп,

Шешен жігіт дауда ойнар,

Ақ балтырын түрініп,

Балуан жігіт тойда ойнар.

Баданасын киініп,

Бар қайратын жиынып,

Жасыл туын көтеріп,

Шашақты найза қолға алып,

Батыр жігіт жауда ойнар.

Дастарханын кең жайып,

Жомарт жігіт күнде ойнар.

Сыйласуға жарамай,

Нәмәрт жігіт соры қайнар.

Баданасын кие алмай,

Батып жауға тие алмай

Бедірей, бетпақ үйде ойнар…».

Бабаларының аттарын қазақтың атақты әнші-сазгері, күрескері Мәди Бәпиұлы өзінің белгілі «Қаракесек» деген әніне қосқаны мәлім. Мәди Алшынбайдың ұлы Бәпиден туған. Абайдың ұлы Ақылбайдың данышпан нағашылырына арнаған өлеңі де халық есінде. Біз айтып отырған билер туралы былай демей ме:

«Тіленші одан туып ел билеген,

Арғынға одан қорқып жау тимеген.

Бір өзі Орта жүзге билік айтып,

Ұрыны залымменен нанша илеген.

Алшыекем би атанған сарықасқа,

Бақ берген қазақ басын шайқамасқа.

Болсын десе болады аға сұлтан,

Еш адам билеген жоқ одан басқа» (жаңағы біз айтқан Құнанбай дың оқиғасын келтіргені).

Осындай қасиетті бабалардың есімдері кеңестік дәуірде үстем тап, бай-шонжар тұқымы деп дәріптелмей келді. Бірақ, халық санасынан олар ешқашан ұмытылған емес. Үміткерде құрылған Қылыш Бабаев атындағы совхозды басқарып, қазақтың соқталы сөз шебері (М.Мағауин) Бұқар жырау Қалқаманұлының кесенесін көтеруге бастама көтерген азамат Шопанай Әмірханов ағамыз сол Бұқарекең туралы баспасөз бетінде пікірталас қызған шақта, «Орталық Қазақстан» газетіне 1991 жылдың 16 қазанында «Әруақты сыйламау – сүйекке таңба» деген мақала жариялаған еді. Сонда 1960 жылы Алшынбайдың Қақабайынан туған Ермағамбет ақсақалмен қалай танысқанын келтіреді.

Жөн сұрағанда ол кісі өзін былай таныстырады: «Атым Ермағамбет, Қақабай баласымын, руым қаракесек, Алшынбайдың немересімін. Кереку Баянауылдатып Семейден келемін. Осы колхоздың жерінде бабаларым жатыр. Соларға дұға оқытып қайтпақ ойым бар». «Бұл қорымда Алшекеңнен басқа кімдер бар?» – деп сұрадым. Сонда ол кісінің айтқаны: «онда Алшынбай атамның қасында өзінің әкесі Тіленші би де жатыр» деді. Ермағамбет ақсақал ұзын бойлы, аққұба, күміс сақалды, сөзді жай сөйлейтін, сымбатты кісі екен» – деп жазады Шопекең. Ақсақалды қорым басына машинаман апарады. Ол осы жерде басына түнеймін дегенде болмай: «Егер сіз жазатайым айдалада олай-бұлай болып кетсеңіз мен кінәлі боламын ғой, содан кейін қалың қаракесек менен құн дауламай ма? Кешегі әулиеміздің, құтымыздың ұрпағын қаржас елі аулына қондырмай, айдалада өлтірді демей ме» – деп ойын-шынын араластырып, болмай алып келіп үйіне қонақ етеді.

Мұны келтіріп отырған себебіміз, халқымыз, ұрпақтары ұлы билердің жатқан жерлерін жадында сақтап, қастерлеп келген. Әулие санаған, бастарына түнеп, тәу еткен. Қазіргідей еліміз егемендік алған заманда ұлы бабаларымыздың аттары қайыра жаңғыруы тиіс. Бұған Елбасымыз мұрындық болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да меңзейді. Бұқар жырау ауданында осыған орай атқарылып атқан шаралар баршылық.

«Далбаның батысындағы шалғынды жазықта, Төрткөл ауылының жанында, Шаңтимес, Ханқашты деген жерде Алшынбай қорығы аталатын шүйінді алқапта ұлт тарихында өзіндік орны бар тұлғалар – Қаз дауысты Қазыбек бидің немересі Тіленші мен шөбересі Алшынбай билердің мәңгілік мекендері бар» деген мәлімет беріледі Бұқар жырау аудандық әкімдігінің ақпараттық порталында. «Үміткер ауылының тарихы» деп аталатын сайтта да қасиетті билердің аттары Үміткердің атақты азаматтарының қатарында тұр. Халық аузынан тастамайтын аузы дуалы билердің бейіті Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіліміне 309- шы реттік санымен енгізілгенін де интернет арқылы оқып білдік. Ал, өткен жылы аудан кітапханашылары «Бабаларға тағзым» атты рухани керуен экспедициясын ұйымдастырып, Алшынбай қорығы, Жыржыс қажы зираты, Бұқар жырау кесенесі сияқты киелі жерлерге сапар ұйымдастырып, аудандық газетке мақала жариялапты.

Дегенмен, Тілеубек Зейнешев ағамыз айтқандай, қасиетті бабаларымызға қатысты атқарылған шаруалар аздық етеді. Жоғарыда айтылған аңыз-әңгімелер мен өлең-жырлардың, тарихи құжаттардың басын құрап кітап шығарса артық болмас еді. Белгілі журналист Ермек Балташұлының күш салуымен, сондай-ақ шежіре кітаптарда атақты билердің ұрпақтары сөз болады. Бірақ, бұл да аз және қалың оқырманға таныс емес. Мәселен, жаңа біз сөз еткен Ермағамбет ақсақал неге Семей жақтан жаяулап-жалпылап келген? Кеңес өкіметінің тізесі жалғыз Мәдиге ғана емес, қоңды Қақабай тұқымына да батқан шығар. Араларынан шыққан оқымысты, ел басқарған азаматтарды, Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсеткен жауынгерлерді халық, жас ұрпақ білгені жөн. Мұны ғылыми тілде «Геналогиялық картасын жасау» деп атайды. Ішкі туризм жақсы дамыса, Қарағандыдан Қазыбек бидің сөретасына, Бұқар жырау кесенесіне, Мәшһүр-Жүсіп ғұламаның қасиетті зиратына, Алшынбай қорымына, облыстың басқа да киелі жерлеріне саяхат ұйымдастыруға болады ғой. Біздің өлкеміздің әр тасы – тұнған тарих. Міне, осының бәрі қазіргі біз өлкетану деп атайтын ілім айналысатын «Кіші Отан» тарихы болып табылады.

Тарихи құжаттар тапшы болса да, біз атаған атақты билер – тарихта болған адамдар. Аттары кешегі саяхатшы, қазақ халқының жан досы Адольф Янушкевичтің, бүгінгі тарихшы-журналист Зарқын Тайшыбай тапқан жазбаларда кездеседі. Жаңағы сөз болған поляк А.Янушкевич қазақ билерін, дала даналарын Демосфен, Цицерондарға теңеген. «Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халықтың өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес. Оның рухы қазақ даласында күндей жарқырап сәуле шашатын болады!» деп зор сеніммен ол қазақ ұлтының рухани болмысының кіршіксіз әлемін ерекше атап көрсетеді. Айтқаны айна – қатесіз келді.

Баршаңызды Ұлы бабаларымыздың рухы қолдап, желеп-жебеп жүрсін!

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button