Басты тақырыпТарих

ЕЛ – ОРТАҚ, ЖЕР – ОРТАҚ, БАТЫР – ОРТАҚ

«Абылай ханнан үш жүздегі өз батырларынан қайсысын ерекше құрметтейтіндігі туралы сұрағанда ол: «Менің батырларымнан байлығы мен мінезі жағынан бәсентин Малайсары және ақылы мен ержүректілігі жағынан уақ Баян барлығынан биік тұр» деп жауап беріпті.»

Шоқан УӘЛИХАНОВ.

Биылғы салқын қабақ, көксу шілденің соңғы күнінде Балқаштың теріскейіндегі Қарабұлақ елдімекенінің Сары-Баян жотасында опат болған қазақ халқының сардар батыры Баян Қасаболатұлы мен осы шаңдыжорықта бақилық тапқан сарбаздары кесенесінің ашылу салтанаты өтіп, бабалар рухына тағзым жасалды. Ел көлемінде өткен осы шараға шетелдік қонақтар да қатысты.

Қазақ тарихының қай беті толық болып еді?! Қашанда көретініміз кем тарих. Әйтеуір бір нәрсесі жетпей тұрады. Шерағаң айтпақшы, «бір кем дүние». Шоқан қаламына, Мұхтар, Мағжан қаламына ілікті десек те Баян батыр тарихын ұшпағына шығара алар емеспіз. Тал түсте адасып жүрген жайымыз бар сынды. Мұнымыз Баян батырға, Баян Қасаболатұлына да қатысты.

Осыдан екі жыл бұрын Кереку қаласында батырдың сом ескерткіші ашылды. Бөркін аспанға атпаған қазақ баласы қалмаған шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, онымыз бекершілік екен. Баян батырдың ескерткіші неге Керекуде тұру керек деген топ пайда бола кетті. Олардың ойынша Керекуде тек сүйіндік, қанжығалы, болмаса қаржас, болмаса бәсентин баласының ескерткіші тұру керек сияқты. Алматыда, болмаса Астанада тұрса аталмыш қалалардың көркі кеміп қалар ма еді?! Әлгі топтың тұрғылықты ақсақалдардан рұқсат сұраулары керек еді деп кергігеніне не айтамыз?! Кімнен сұрауымыз керек? Қазақ жерінде тұрып Ресейден, болмаса Қытайдан сұрауымыз керек пе еді? Бұл өзі арандату емес пе? Қайта Керекудің көркін асырып тұрған, өршіл жастарына рух беріп тұрған нақ осы ескерткіш емес пе? Керекуге барған жан батыр баба ескерткіші алдының қашанда бос еместігін көрер еді. Өйткені, ол қазақ рухы ғой!

Өмірден таяқ жеген де, өткеніне өкінген де, өмірлік қосағын тапқан да, мүсәпір де сол Баян ескерткішін жазбай табады. Өйткені, бықсып бара жатқан отының түтінін түзейді, семіп бара жатқан сенімінің қан тамырын бүлкілдетеді, қарадақтанып бара жатқан іш дүниесінен тазарады, бір сөзбен қайырғанда өмірге қайта оралғандай болады.

Қазақ рухы биі мен шешенінде, батыры мен ақынында қалған. Сондықтан да қазақ баласына бөлек батыр жоқ. Қазақта батыр қашанда ортақ!

Қазақ баласы Абылайды, болмаса, Бөгенбайды, болмаса Қабанбайды қалай екіге бөле алмаса Баянды да солай екіге бөле алмайды.

Оған дәлелді алыстан іздеп керегі жоқ. Қазақ ішінде Баян, Ноян есімді мыңдаған өскін жүр. Мен солардың алдының Отан үшін отқа түсетініне, ең кемінің қазақ атына шіркеу түсірмейтініне сенемін.

Жақында Түркістан қаласында болып қайттым. Соның бір көшесіне Көкбөрі Керней Жарылғап есімі беріліпті. Түркістандықтардың рух қайратына разы болайын. Не, олар да бізден рұқсат сұраулары керек пе еді? Шымкент қаласының үш даңғайыр көшесіне атақты үш биіміздің есімдерін беріпті. Қандай жарасымды. Олар кімнен рұқсат сұрады екен? Ал өзімізде басқасын қойғанда Қаздауысты Қазыбек баба атында даңғыл тұрсын көше де жоқ.

Мырза қазақтың батыр дегенде жиексіз келетіні бар. Оны айтып отырған себебім мына Шет ауданында Қарабұлақ деген жер бар. Ілгеріде іргелі шаруашылық болған. Сол жерде Кіндіктөбе деген жатаған төбе бар. Бүгінде ел сол жерді Сары-Баян жотасы деп біледі. Осыдан жүз жыл бұрын да солай аталыпты.

Ол ауылда менің нағашыларым тұрады. Бала кезімізде сол төбеде біздер де ойнадық. Ойнағанда аяғымызды тартып ойнаймыз. Өйткені, ол жер аруақты жер. Қазақтың атақты батыры Баян батыр сарбаздарымен жатқан жер.

Ауыл үлкендері олай-былай өткенде беттерін сипаласып өтеді. Біздер де жалма-жан қолдарымызды көтере қоямыз. Сөйтіп құлағымызға Баян батыр есімін сіңіріп өстік. «Тырақ-тырақ» соғыс ойынын ойнағанда Батыр Баян болып та ойнап кетеміз. Сондағы батыр болып ойнаған балалар өлуге тиісті болса да өлмей қоятын. Бала да болсақ осы батырлардың сатқақ ауруынан шәһит болғанын білетінбіз-ді.

Осы елде Әлінің Ескейі деген жырау өткен. Сол кісіні ел бөлек киіз үй тігіп, күтетін. Ол үйге ел үлкендері барар еді. Әкемнің жездесі Тоқтыбек Баймамырұлы айтулы күйші болатын. Бірде сол жездемізге ілесіп бардым. Содан жырлап берсін. Біздің санамыздағы Баян жоқ. Бұл қалай деймін іштей. Сөйтсем, бұл Мағжан ақынның «Батыр Баян» дастаны екен. Көп кейін барып білдік қой. Сол жолы ұйықтап кетіппін. Ертеңінде көзімді тырналап ашсам ел әлі жыр тыңдап отыр екен.

Ер жетіп, ес жиған соң біздер де ағалар салған соқпаққа түстік.

Оқу бітіріп келіп Ақадыр аудандық газетінде істеп жатқанмын. Алматының ҚазПИ-інде оқитын Баянды Мұсабеков ініміз келген-кеткен сайын бізге соғып кетеді. Өйткені, теміржол Ақадырдың үстімен өтеді. Келген сайын аузына Батыр Баянды алады. Өзінің Баянды есімін алдыға салар еді. Айтысынша әкесі ырымдап Баян батырдың есімін қойыпты. Кәдімгі Батыр Баянның. Ол жөнінде әкесі, белгілі халық ақыны Самат Мұсабековтің «Есей-Дос» атты дастаны бар екен. Соны бірінші рет осы Баяндының аузынан естідік.

Шамасы етіміз өліп кеткен болса керек. Мән бермедік. Самат ақын жан-жақты адам болатын. Біраз ақын-жазушылармен араласатын. Қазақтың бас сатиригі Жүсіп Алтайбаевпен араласатын. Інісіндей болып кеткен Софы Сматаевпен де жақсы қарым-қатынаста болды.

Тоқсаныншы жылдардың басында зам болып істеп жатқам. Редакторымыз ауысып, белгілі журналист әм жазушы Рымқұл Сүлейменов бізге келді. Ол кісі бізге еркіндікті берсін. Ел, жер шежіресін төпелетіп жазып жатырмыз. Бірде Рахаң өзіне шақырсын:

Жүгіртіп Сұқаңа барып келе ғой, біраз нәрсе шимайлап қойыпты, – десін.

Барсам Сұқаң көлдей материал жазып қойыпты. Керней атасынан шыққан Тоқтар, Итқара, Жарылғап батырлар туралы.

Сұқаң деп отырғанымыз атақты алашордашыл, «Ғалияның» түлегі Әбдірахимов Ахмет мұғалімнің бел баласы. Мейміл шежіреші адам болатын.

Оқып берейік. Сөйтсек Итқара бабамыздың қолы Итішпестің көлінен су ішіп, сатқақ деген іш ауруына ұшырапты. Материал кесілмей, күзелмей басылды. Кейін Баян батыр жөнінде де сұрағанбыз.

Біліп тұрып несіне сұрайсыңдар? – деген.

1991 жылы Ақжолтай Ағыбай батырға ел көлемінде астатөк ас бердік. Сол асқа қазақтың белгілі жазушысы Оралхан Бөкей де келген-ді. Бірінші рет мен ол кісіге Қарабұлақта Баян батырдың жатқанын, сатқақтан опат болғанын жеткіздім. Кейінде келгенінде бұл әңгімені тағы бір рет қозғағам.

Батырлар тышқақтан емес, майдан даласында өледі, – десін ағамыз.

Кейінде Оралхан ағам тағы да Ақадырға келген. Бабаларының ұрығын іздеп. Ораш ағамның Қаратай бабасы біздің Таятқаншұнақта тұрған ғой.

Мен әңгімеме қайтып оралғам.

Шоқан Уәлиханов Батыр Баянның Батыр Жантайдың кегін аламын деп Усан Серен қолын Қытайға дейін қуып, қайтарында сасыған судан ұшынып, қара тышқақ болғанын жазады ғой…

Батыр ашыған ішпейді, – деп ағамыз бұл әңгімеге қайтып оралмайық деген сыңай білдірген, – Шоқан олай деп жазса орыстарды алдаусыратып жазған, әйтпесе, тарихымыз қағаз бетіне түспей қалатын еді ғой…

Сол газетке өзім редактор болғанда «Есей-Досты» екі бетке қысқартпай салдым. Бірақ, бұл қалай деген жан болмады.

Қош, одан кейін бұл әңгімені қайтып қозғамадық десек те болады.

Сонымен 2005 жыл да келген. Керней атасы бабаларына арнап үлкен ас беретін болды. Бұл атаның шежіресін жазу маған тапсырылды. Баяғы Итқара батырға келгенде мен Сұқаңнан естіген әңгімемді қыстырып жіберейін.

Шежірені қарап шыққан білікті ғалым, сол кездегі Е.Бөкетов атындағы университеттің ректоры, айтып отырған асты ұйымдастырушы «Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Жамбыл Ақылбаев ағамыз шалқасынан түссін.

Өлсе сиыр тышқақтап өледі, – деп.

Жамбыл ағамыз Итқара батырдың тікелей ұрпағы болады.

Осымен бұл тақырып жабылып қалсын.

Сонан бір күні редакторым Мағауия Сембай бір әңгіменің басын шығарған. Баян батырдың басы Қарқаралыда жатыр-мыс деген. Іле-шала елімізге белгілі математик ғалым Есмұханбет Смайыловтың бабасына іздеу салған мақаласы біздің газетімізге жарқ етіп шықсын.

Мен өз көзіме сенбедім. Баян батыр біздің ауылда жатыр дегенге Мағау сенбеді.

Екі-үш күннен кейін редакторымның алдына «Есей-Дос» дастанының көшірмесін қояйын.

Іле экспедиция ұйымдастырылып, Қарабұлаққа бастап бардым. Жергілікті тұрғындарды, құйма құлақ ақсақалдарды, ғалымдарды қатыстыра отырып, мән-жайға қанықтық. Қатар жатқан Итқара батыр басына барып та құран бағыштадық.

Орталық басылымдарда жарияланған Мағауия Сембайдың Баян батыр жөніндегі танымдық мақаласын ел түсіністікпен қабылдады.

Қалған жай белгілі. Баян батыр аруағы жер-жерде тарыдай шашыраған Уақ баласының басын қосты. Осы аста бірінші рет батыр басының қайда жатқаны ашық айтылды. Сары-Баян жотасындағы қорымнан топырақ алынып, ол Керекудегі Баян батыр ескерткішіне жеткізілді.

Одан кейін де «Сары-Баян» жотасына талай адам келіп, талай адам кетті. Анығы мұнда жатыр емес деп ешкім айта алмады. Өйткені, келешекте осылай болар деп Самат Мұсабеков ақын белгілі бір мүддемен «Есей-Дос» дастанын жазбаған болар. Айтпақшы Есей деп отырғанымыз Аңырақай соғысындағы қазақ қолының ту ұстаушысы болған Тоқтар батырдың әкесі. Ал, Дос батыр Әлтеке Жидебай батырдың атасы болады.

Жергілікті тұрғындар айдалаға барып жайдан, жай қорым түзбеген болар. Бесікшелер қойғанына қарап бұл жерді қасиеттегенін де айтқызбай-ақ түсінуге болар.

Түсінбейтініміз әлі де болса Баян батыр басына күмәнмен қараушылар бар. Мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаев ағамыз келешекте ол жерге лайықты белгі тұрғызамыз деп өз лебізін білдірген. Дегеніне ол кісі жете алмады. Сол істі Мақсұттай асыл ағасының орнын басқан Қайрат Тәйкенов Ескең ағасын алға салып, ағалары Зейнолла Олжабайұлы, Әбдікәрім Мұхамедсадықұлы, Жасан Зекейұлы және басқалары қоштап жалғастырып әкетті. Биыл жаз басталған іс қоңыр күз түспей жатып аяқталды. Құрылысты тікелей жауапкершілігіне алып, жүзеге асырған Ғани Қансейітов бауырымыз елде жоқ, жерде жоқ, ел есінде жүрерліктей кесене салып бітірді.

Ескерткіштің бет тақтасына «Қазақ елінің ұлы сардары Уақ Баян батыр сарбаздарымен жерленген төбе», оң жақ қапталына Мағжан ақынның «Батыр баян» дастанынан:

«Арқаның селі,желі, шөлі, белі,

Ерлері ұмытпаса, ел де ұмытпас!»

деген екі жолы қашалған.

Қорымның өлшемі 87Х45 метр.

Осы жұмыстардың басы-қасында Қайрат ініміз бен Есмұханбет ағамыз жүрді десек артық айтқандық емес. Ескеңнің Оңтүстік-Шығыстағы төрт бөлмелі пәтері керуенсарайға айналды. Біреуі келіп жатса, екінші біреуі кетіп жатты. Телефон құлағында сағаттап отырған күндері де аз емес. Оның үстіне батыр бабамызға қатысты деректерді айналымға түсіруге күш салды. Республикалық басылымдарда Баян батырға қатысты танымдық материалдары да үзбей жарияланып жатты. Уақ шежіресінің жуан ортасында да осы ініміз бен ағамыз жүрді.

Қайрат түн қатқан сапарлардан босамады. Шетелдерде тұрып жатқан бауырларды ұйымдастыруға көп күш салды. Өзінің барлық ерік-жігерін, күш-қуатын осы қорымды көтеруге, сол арқылы ұлт рухын рухтандыра түсуге арнады.

«Человек-невидимка», «көрінбейтін адам» дейтін сөз тіркесі бар. Қайрат та сондай. Ескең де сондай. Өздері жоқ болса да жұмыстары бітіп жатады. Өйткені, ініміз бен ағамыз сөздерін өткізе алады.

Бұл жолы да солай болды.

Шілденің отызы күні елдің бәрі Қарабұлақты бетке алған. Осы жерде есіме 2014 жылғы 12 шілдесі түссін. Бұл күні Керекуде Батырға ескерткіш тұрғызылған-ды. Енді, міне, Сары-Баян жотасында кесене бой көтеріп отыр.

Қарасуық болмаса да күн желкемді еді. Жаңбыр да себезгілеп тұрып алған. Ел су астында қалар ма екенбіз деп абыржи қалған.

Кесененің салтанатын Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов қысқаша кіріспе сөзбен ашып, ақжолтай тілегін білдірді. Облыстық мешіттің бас имамы Өмірзақ Бекқожа батыр бабаларымыз рухына бағыштап құран оқыды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров, «Баян батыр» қоғамдық қорының атқарушы директоры Қайрат Тәйкенов, БҒМ, Ғылым Комитетінің Қолданбалы математика институтының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есмұханбет Смайылов, белгілі ғалым, ҚР ҒА академигі Ғариполла Есім құттықтау сөз сөйледі. Осы топ жұбын жазбай ұлықты баба кесенесінің тұсауын кесті.

Сол-ақ екен себезгілеп тұрған жауын пышақкесті тыйылды. Күн көзі шығып, елдің бетіне қызыл жүгірді. Ел бір-біріне құтты болсын айтысып жатты.

Осы жерде кесененің уақытылы бітуіне тіл, қалта көмегін көрсеткен ағайындар есімін де айта кеткенді жөн деп білген дұрыс па деймін. Олардың қатарында белгілі опера әншісі Шахимардан Әбілов, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, ғылым докторы Ерболат Саурықов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Асхат Смайылов, тарихшы Ерғазы Төлеуұлы, белгілі кәсіпкер Асхат Түкішев, ауыл шаруашылығы министрлігі Ертіс бассейнінің директоры Рысбек Сүлейменов, республикалық стандарттау және сертификаттау орталығының басшысы Мақсұт Өмірханов, баба ескерткішін Алматыдан Керекуге өбектеп жеткізген Ұрандас Смағұлов, «Кселл» менеджері Болат Ыдырысов, Алтынай Жоламанова, «Баян батыр» әнінің авторы, белгілі композитор Айжігіт Асанов, семейлік кәсіпкер Кенжебай Терлікбаев сынды есімдері елге танымал азаматтар бар.

Кесене құрылысына атсалысқан жергілікті тұрғындар да айтарлықтай еді. «ЖаңаМырыш» кәсіпорнының бас директоры Сәкен Қойшанов, осы серіктестіктің техникалық директоры Сүйіндік Асанов, Ақжал кенті ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Қамбаров, «Есей-Дос» дастанының авторы Самат Мұсабековтің ұлы Баянды Мұсабеков, кәсіпкер Нұрлан Бегәліұлы, және Ербол Шәбденов, Айтмағанбет Нұрмағанбет, Қанат Әлімханұлы, Райымқұл Ысқақов сынды ел азаматтары кесене құрылысына қолдан келген көмектерін аямады.

Аталған және бірқатар осы азаматтар бабамыздың аруағын ұлықтаудағы еңбегі үшін қор белгілеген «Баян батыр» медалімен марапатталды.

Шет аудандық мәдениет үйінің ұжымы киіз үй тігіп, театрландырылған көріністер көрсетті.

Түс ауа Ақжал кентіндегі тойханада бабалар құрметіне арнап ас берілді.

Ас соңы ұлттық ойындарға ұласып кетті.

Ешкім де келіп «бұл жерде неге Уақ Баян батырға ас беріліп жатыр?» деп сұрамады. Уақ ұрпақтары ұлы бабаларының есімін ұмыттырмай осы күнге алып келген Арғын Керней балаларына алғыс айтып жатса, өз кезегінде Керней балалары да осы жерді қорғап қалуға атсалысқан Баян батыр ұрпақтарына ризашылықтарын білдіріп жатты.

Қазақта сеп деген жақсы бір сөз бар. Сеп жүрген жерде қашанда береке жүреді. Күні бойы айтылған әңгімеміздің де өз себі бар. Ол – өзіміздің «Орталығымыз». Баян батырды жоқтап, осыдан жиырма жеті жыл бұрын белгілі руханият жоқшысы Жайық Бектұровтың алғысөзімен Мағжан ақынның әлі тұмшалулы «Баян батыр» дастаны осы «Орталық Қазақстанда» жарқ етті. Елді ұйқысынан оятқан. Біздердің бүгінгі жазбаларымыз соның жалғасы болса керек.

Төрехан МАЙБАСОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button