Рухани жаңғыру

Ел ертеңіне қадам

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей, бүгінгі алмағайып заманда тек экономикалық тұрғыда ғана дамып қоймай, ұлттық рухани болмыстың сақталуына да аса мән беру керек. Елбасының мақаласында осыған бағыт беретін, көздеген мақсатқа жетудің жолын айқындайтын негізгі тетіктер анық көрсетілген.

Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы – өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастыруда. Бұл – біздің ұлттық мүддеге арналған жақсы бағдарлама. Дегенмен, жалпы алғанда, жұртшылық кирилл, яғни, орыс әліпбиіне үйреніп кеткен. Кириллицаны 40 жылдардың басында қабылдаған кезінде еліміз өте қиын жағдайда болған. Орфографияға да, орфоэпияға да сауатты бүкіл адамдарды құртып, жоғары жақтан кириллицаны бұйрықпен күштеп енгізген болатын. Мысалы, біз башқұртпен, ноғайлармен сөйлескенде тілімізде ешқандай да айырмашылық жоқ, бір-бірімізді оңай түсінісе аламыз, бірақ бір-біріміздің кітаптарымызды оқи алмаймыз. Себебі, біздің әліпби орыс әліпбиі негізінде жасалған. Қазақ тілінде бір ғана дыбысты беретін әріптер кириллицада екі-үш таңбамен таңбаланады.

Біз оңымызды, солымызды біліп болдық. Енді көзді ашатын уақыт келді. Тек Қытайдағы бауырларымыз ғана бұрынғы төте жазу үлгісін пайдаланады. Ал, қалған шет елдегі қандастарымыз латын әліпбиінде жазып, оқиды. Сондықтан, тіліміздің мәртебесін биікке көтеру үшін латын әліпбиіне көшкен абзал. Ол үшін газет-журналдарды латын әліпбиінде басып шығарып, теледидардан көрсетіліп жатқан телебағдарламалардың, жарнамалардың, кинолардың, мультфильмдердің латын әліпбиіндегі нұсқасын теледидардың төменгі жағынан жүгіртпе жолдар арқылы көрсету қажет, сонда, біз латын әрпіне тез үйренетін боламыз.

 

Гүлшат ЖАҚАН,

№95 мектеп-гимназия қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button