Ел чемпионатынан олжалы оралды
Астанада жастар мен ересектер арасындағы кір спортынан ел чемпионаты өтті. Оған облыс атынан 17 спортшы қатысып, үш алтын, бір қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, жеңімпаздар Азия және әлем чемпионаттарына қатысуға жолдама алды.
Аталмыш чемпионатқа 11 облыстан 200-ден астам спортшы қатысты. Тартысты бәсекеде 68 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Юлия Дорогова чемпион атанды. Сонымен қатар, 68 келі салмақта ерлер арасында сынға түскен Дәурен Қадыр, Илья Горбачев та қарсыластарын жолда қалдырды. Ал, 73 келіде өнер көрсеткен Бақыт Орынбасар үшінші орын иеленді.
Бұдан бөлек, осы чемпионатта Молодежный кентінің БЖСМ жеті тәрбиеленушісі дебют жасады.
– Жастар мектебіндегі гір спорты бөлімінің жұмыс істеп келе жатқанына небәрі бір жыл болды. Дегенмен, спортшылар лайықты нәтиже көрсетуде. Қазір гір спорты аймақта танымал спорт түріне айналды. Балаларды осы спорт түріне көбірек тартып келеміз. Десе де аудандар мен қалалардағы балалар спорт мектептебінде гір бөлімі жоқ. Осы чемпионатта біздің спортшылардың өнер көрсетіп, жақсы нәтиже тіркегеніне қуаныштымын, – деді Қарағанды облысының гір спорты және армрестлинг федерациясының президенті Александр Комаров.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz