Жаңалықтар

Ел Анасы

Қайран АНА! Жүрегінде жылдар бойы сақтаған сырын еліміз тәуелсіздік алған еркін уақытта ғана ақтарған еді. Жолдасына, балаларына өткен күндердің ызғары тимесін дегені ме екен?! Бір жыл бұрын 87 жасында жүрегінің соғуы тоқтағанымен, балаларының мәңгілік сағынышына айналды. Ол – батыр ана – ел анасы, ұлағатты ұстаз Майкен Махметқызы Секербаева болатын.

Сурет автордан

Бәрін басынан бастасам, Майкен апайымның шын аты-жөні Ғалия Махметқызы Жанаева екен. Азан шақырып қойған атынан айрылған жас сәбидің өзіндік құпия­-қыры да осында жатса керек.

1927 жылы қараша айында өткен Қазақстанның V партия конференциясы байларды тәркілеу туралы мәселені талқылап, ірі байлардың малы мен құрал-саймандарын тегіс тартып алуға жол ашты. Сол жылы желтоқсан айында ірі байларды тәркілеу (конфискация) туралы заңның жобасы дайындалып, ол заң Орталық Атқару комитетінде бекітілген болатын.

Осы конфискацияға Қарқаралының Бесобасында малын бағып, тыныш жатқан Құрманбай байдың ұрпақтары да ұшырады. Малдарын тартып алғанмен қоймай, өздерін итжеккенге айдады. Осы Құрманбай байдан тараған Махмет Жанайұлы да Ресейдің сібіріндегі Кемер облысының бір шалғайында әйелі Күлімжан Шоқайқызымен бірге азапты күндерді басынан өткізді. Айдаудағы адамдар – тегін жұмыс күші емес пе? Орманда ағаш кесуге, көмір шахтасына мәжбүрлі түрде жұмысқа салды. Сол уақыттарда Махмет пен Күлімжанның бір қызы бар еді, 5-6 жас шамасында, есімі – Бикен болатын. Осы Кемерде жүргенде 1936 жылы Бикеннің соңынан Майкен (шын есімі Ғалия) дүниеге келеді. Ауыртпалық пен жат жұртта жүрген жандарда не күш, не жақсы қоныс болды дейсіз?! Майкенге екі ай толғанда анасы Күлімжан қайтыс болады. Бикен болса небәрі 5-6 жаста ғана. Жазасын өтеп жүрген, емшекте баласы бар бір орыс әйелі Майкенді де емізеді.

Тірі адам тірлігін жасайды. Қайғылы жағдайды көрген басшылық Махметті еліне қайтару туралы шешім қабылдайды. Әлгі орыс әйел Махметке: «Ғалияны маған қалдыр, емшектегі баланы еліңе жеткізе алмайсың. Кейін мені тауып, қызыңды алып кетерсің», – деген екен. Баласын қимаған әке оған көнбей: «Не болса да, басқа салғанды балаларыммен бірге көремін, өзіммен бірге болсын», – деп, жетім екі қызды алып, жолға шығады.

Сонан қайтар жолда жаяу-жалпылап, қолында құндақтаулы бала, жетекте үлкен қызы Бикен бар, кейде жазық дала, бірде орман ішімен жүріп отырады.

Бір үміт аяғын алға бастырса, бір үрей қадамын кейін тартқылап, құлыншақтарына деген аяныш сезімі мен алғы күнге жетелеген семсер-сенімі қорқыныш пен үрейді жеңуге тырысады. Жат жердің қорқау түні, тылсым орман-тоғайы көзге нешетүрліні елестетіп, жүрісі өнбей, адасқан кездері де болған. Қасқырдың үні мен қобыздың мұңындай қайғы-шер жан-жүрегін тілгілесе де, Махмет қос құлынын қолынан тастамаған. Туған жердің киесі мен текті ата-бабалардың рухы жар болып, жолай кездескен деревня тұрғындарының берген тамағы мен киім-кешектің септігі тиіп, бір жарым ай мұғдарында Түріксиб теміржолына жетеді. Жол азабынан жадап-жүдеген үш мұңлық әрі қарай жүк вагонына мініп, қинала-қинала Қарағанды қаласына келеді. Сол уақытта өз күнін әзер көріп жүрген қарапайым халықтың мейірін әкесі қыздарына аңыздай қылып айтқан екен. Деревнялардағы орыс әйелдер қыздарды жуындырып, сәбидің жаялығын кептіріп, әкесіне жолазық жинап беріп, жол сілтеп жібереді екен.

Тағдыр талайымен Махмет Жанайұлы екі баланы Бесобада қалған туысқандарына алып барады да, өзі Қарағандыдағы «Октябрь көмір» тресінің №31-бис шахтасына келіп, жазасын әрі қарай өтейді. Баяғы кеп, тек қана елде жүр деген аты ғана болмаса, күндіз-түні ауыр жұмысқа салынады. Күн көзін көрмей, еңбек етеді.

Кейін екінші рет үйленіп, есі кіріп қалған қызы Бикенді қолына алады. Ғалия болса, Бесобадағы ағайынның қолында қалады. Ол кезде халықты құжаттандыру ісі дұрыс жолға қойылмағандықтан, Ғалия аты өзгертіліп, өзі тәрбиеленіп жатқан ағайынның фамилиясымен Секербаева Майкен атанады. Айтбала, Жұмаш, Нұрғазы есімді бауырларымен бір ұяда өседі.

Махмет Қарағандының бұрынғы орталығы Ескі қалада тұрады. Өгей шеше үлкен қызы Бикенді жастайынан базарға жұмысқа салып, сауда-саттықпен күнелтеді. Жылдар өтіп, тұрмыстары ептеп түзеле бастағанда, әкесі Майкенді де қолына алады. Әпкесі Бикен: «Майкен, мен оқи алмадым, мүмкіншілік болмады. Артымнан ерген бауырым, тым болмаса, сен білім ал, оқы», – деп, жиған-терген ақшасын беріп, Майкенді Саран қаласындағы оқу орнына шығарып салады. Ананың ыстық құшағы мен мейір-шуағын көрмей өскен қаршадай жетім қыз алыс қалада жан-жақтан келген арманшыл жастармен тез араласып кетеді. Көрген көп қиындықтарын, арқаға түскен ауыртпалықтарын жеңу үшін жігерін қайрап, сенімін сайлап білімнің көкжиегіне ұмтылады. Бір құдіретпен құйылған бұла күш, қарымды қабілет оқуға зейінін арттырады. Өмірде өзі көрмеген аяулы анасына деген сәби шақтан келе жатқан сағыныш, осы күнге аман-есен жеткізген әкеге ырзалығы, соңғы тиынына дейін қалтасына салып беріп, оқуды аманаттаған бауырмал әпкенің тілегін орындау – жатса-тұрса есінен бір шықпады.

1951-1954 жылдар аралығында осы Абай атындағы Саран педагогикалық училищесінде оқыған зерделі қыз Майкен, «білген-тоқығанды жалғастырамын» деп, Қарағандыдағы екі жылдық Мұғалімдер институтында білім алады. Арнайы жолдамамен келген жас маман Майкен Махметқызы­ның еңбек жолы 1957 жылы Шет ауданы Тұмсық мектебінде басталды. Кейін Шолақ Еспе, Октябрь бастауыш мектебі, Ленин атындағы мектеп, Айғыржал мектебінде еселі еңбек етті.

Жолдасы осы Айғыржал ауылының азаматы Төлеуғалы Жұмаділұлы – қазақ интеллигенциясының алғашқы қарлығаштарының бірі еді. Ташкенттегі Милицияның Басқарушы құрамы мектебінде оқып, біраз уақыт Қарағанды қаласы, Осакаровка ауданында Ішкі істер саласында қызмет етті. Тату-тәтті ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар он бала өсіріп, олардың жоғары білім алуына ықпал етті.

Баянғали, Нұршат, Ләззат, Сәбит, Әсет, Бекет, Кәмшат, Гүлшат, Сағат, Гүлзатта өмірден, қоғамнан өз орындарын тауып, ордалы шаңыраққа айналды. Бір өкініштісі, балалардың қамқор әкесі Төлеуғалы ағамыз 55 жасында қайтыс болды.

Майгүл анамыздың ақындығы да бар еді. Соның бірі осы «Анама» деген туындысы. «Анамызды еске алғанда, бір оқып алып, шер тарқатамыз. Ұлт нәубетін, адами трагедияны бойына сыйғызып тұрған дастанға бергісіз төрт шумақ жыр» – дейді ұрпақтары.

Анама

Тауыпсың отыз жеті жылдарында,
Құбылып сол бір заман тұрғанында.
Шырылдап дүниеге келді сәби,
Көрмедім ана құшақ туғанымда.

Сонымен талай өмір өтіп жатыр,
Жылаумен күні өткен мен бір пақыр.
Сарғайып, сағынамын, қайран анам,
Сипайтын маңдайымнан болмады ақыр.

Қай жерде қандай халде өлдің ана,
Болмады бір шапағат сенен пана.
Осымен қырық жасқа мен де келдім,
Топырағың торқа болсын, сорлы анам.
Сибкрай – сорлы анамның өлген жері,
Бұйрығы топырақтың көмген жері.
Шырылдап екі сәби қалды артыңда,
Өтіпті талай кезең содан бері.

Осылай сарыала сағынышқа оранып, балалық шағының тым қиынына қарамастан, Майкен апайымыз өмірде қарапайым, байлыққа қызықпаған, бір үзім нанның қадірін білген қанағатшыл, қасиетті жанның бірі болды. Үлкенге де, кішіге де қолынан келген көмегін, шамасы жеткен жақсылығын аямады. Осының бәрі көз алдында елесі де қалмаған анаға деген сәруар сезімінен, іңкәр көңілінен туындап жатты. Аяулы анасына арналған ақ махаббатын өмір бойы жан-жүрегінде, көңіл түпкірінде, өн бойында бойтұмардай сақтады. Сонан болар барлық адамдарға қайырымдылық, жақсылық жасағысы келіп тұратындығы. Бір ғажабы, ауылдағы жұмысқа жалданып келетін тағдырлы жандарға, тіпті, өзге ұлт өкілдеріне де жанашырлықпен, аяушылықпен қарап, олармен де кәдімгідей әңгімелесетін. Бала күнгі өз тағдыры еске түсе ме, ол байғұстарға қажет болған жағдайда көмектескен кездері де бар екен…

Сондай адами асыл қасиеттерімен қатар бар саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнап, толқын-толқын шәкірттер тәрбиеледі. Осы ізгілікті жолда майталман ұстаз Майкен Махметқызы Секербаева (Ғалия Жанаева) Халық ағарту ісінің үздігі атанды. Оны ауылдастары да өте құрметтеп, сыйлады. Сол кездегі мектеп директоры Өміржан Сағындықұлы ол кісіні «Кішкене Ломоносов» дейтін. Өйткені, бұл атау – екі тілді де бірдей білетін, өте сауатты, жан-жақты білім иесі Майкен Махметқызының бастауыш класқа сабақ бергенімен, қай пәндегі болсын мұғалімді алмастыра беретіндігіне берілген баға еді. Еңбегі бағаланды. Талай жылғы қажырлы еңбегінің арқасында Майкен Махметқызы дербес зейнеткер болып, құрметті демалысқа шықты. Ұрпақтарының және ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көрген аяулы Анамыз, бүкіл Айғыржал ауылынан түлеп ұшқан талай түлектің ұлағатты ұстазы былтыр шілде айында тоқсанға таяп өмірден өтті.

Майкен мұғалім! Осы ұлағатты ұғым біздің туып-өскен Айғыржал ауылымыздан түлеп ұшқан талай түлектің жүрегінде жүрген шығар. Халық даналығында: «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Шариғатта: «Жеті жанға білім-ілім үйреткен ұстаз жұмақтың төрінен орын алады» деп айтылады. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан: «Алты Алаштың баласы бас қосса – төр мұғалімдікі» деген еді. Осы тәмсілдердің бәрі де біздің кейіпкерімізге арналғандай.

Сөз соңында, Майкен мұғалімнің 1971-1974 жылдар аралығында оқыған шәкірттері атынан бір ауыз лебіз:

– Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Рухыңыз шат болып, сол биік рухыңызбен бәрімізді желеп-жебеп жүріңіз, Аяулы ана, Ел анасы, ұлағатты ұстаз!!!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, журналистика кафедрасының аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button