Ресми

Экономикалық өсім мен экологиялық үйлесім

Бір-бірінен ажырағысыз әрі күн тәртібінен түспейтін ғасыр тақырыбы. Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «жасыл экономиканы» дамыту мәселелеріне тоқталып, оған ден қоюға үндеді.

Инфографиканы жасаған автор

Президент пәрмені

«Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз», – деп тапсырды Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Әлбетте, бұл бағыттағы міндеттер экологиялық ахуалды жақсартуға, халықтың өмір сапасын арттыруға және Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағыт алды. Қарағанды облысы да экологиялық мәселелерді шешуге белсене кірісіп, «жасыл» экономиканы дамытуда талпыну үстінде.

Қазақстан әсте-әсте – таза энергетикаға бет бұруда. Президенттің энергетикалық тиімділік саясатын қайта қарау тапсырмасы – елдің тұрақты дамуы мен «жасыл» экономикаға көшудің сенімді қадамы деп бағамдасақ, шындықтан шылбыр үзбейміз. Бұл бағыттағы шаралар тек экономика мен экологияны жақсартумен шектелмей, болашақ ұрпаққа таза, қолайлы орта қалдыруға мүдделі екендігін ұмытпаған абзал. Осы ретте Қарағанды облысы бастаған өңірлердің экологиялық мәселелерді шешуге әрі қарамағымыздағы ресурстарды үнемдеуге қосқан салымы республикамыздың дамуына сеп болады. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу арқылы біз өмір сапасын арттырып, әлемнің таза энергетикаға көшу жолындағы көрсеткішін еселей аламыз. Қазақстанның болашағы жарқын және тұрақты даму үшін әрбіріміздің үлесіміз маңызды.

Экологиялық міндеттер

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі Жолдауларында Қазақстанның экология және «жасыл экономика» саласында атқаруы тиіс негізгі міндеттер атап көрсетілді. Мәселен, Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кәсіп­орындардан шыққан зиянды қалдықтарды барынша азайту, жасыл технологияларды енгізу, орман қорын көбейту әрмен қарай елдімекендерді көгалдандыру сынды іргелі түйткілдерге зер салды, мән берді. Президент алға қойған міндеттер еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде өндірісті аймақта да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қарағанды – Қазақстанның индустриалды жүрегі болғандықтан, оның экологиялық жағдайы мен табиғатқа тигізетін әсері еліміз үшін ерекше маңызға ие.

Атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар, өндірістік қалдықтар және су көздерінің ластануы – аймақтың негізгі экология­лық проблемаларының бірі. 2022 жылы облыста ауаға 500 мың тоннадан астам зиянды заттар шығарылған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға кеміп келеді. Өкінішке қарай, қазыналы Қарағанды отанымыздағы ең ластанған аймақтар қатарынан түспей келеді. Сондықтан, экологияны жақсарту шаралары аса өзекті.

Қош, делік, қоршаған ортаға қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру – кейінгі ұрпаққа аманат етілген қастерлі парыз. Ұмытпаймыз дегенімізбен ұмыт қалдыра беретін әдетіміз де жоқ емес. Алдымен, жанашырлық пен жауапкершілік жолымен ғана болашаққа жарқын жол салынары айдан анық көрінеді. Осындайда Аристотельдің «Табиғатты аяламау – алдымен адамға, содан кейін адамзатқа қарсы қылмыс» деген сөзі ерікті-еріксіз еске түседі. Біздің жеріміз, ауамыз және суымыз таза болу үшін бірлескен күш қажет. Себебі, әрқайсымыздың іс-әрекетіміз елдің экологиялық болашағына ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларындағы маңызды міндеттер тек экологиялық емес, сонымен қатар, әлеуметтік және экономикалық жаңғыруға бастайтын бірегей бағыт. Әр өңірдегі әр азамат экологияны жақсартуға үлес қосқан жағдайда еліміз таза әрі жайлы, жерұйық мекенге айналады. Ұрпаққа қалдырар мирасымыз – табиғатымыздың тазалығы болмақ керек.

Өңірдің «жасыл» өмірі

Айтуын айтып, жазуын жазып келеміз. Облыста экологиялық жағдайды едәуір жақсарту мақсатында бірнеше маңызды шаралар қолға алынды. Облыс әкімдігі мемлекеттік тапсырыс аясында бірқатар жаңа бағдарламаларды жүзеге асыру үстінде. Жаңартылатын энергия көздерін жаңғырту негізінде күн және жел энергиясын тиімді қолдану үшін бірнеше жоталы жоба іске асырылды. Бірнешеуіне тоқталып кетелік. Мысалы, Балқаш маңындағы күн электр станциялары жылына 10 МВт энергия өндіреді. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі өкілдерінің таратқан деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңартылатын энергия көздеріндегі барлық электр станцияларының белгіленген қуаты 2,3 гигаваттан асқан. Оның ішінде ең көп көлемі 1,15 гигаватт қуатпен күн электр станцияларына тиесілі. Енді оларға энергожүйенің жаңа нысаны Қарағанды облысы Балқаш қаласынан 10 шақырым қашықтықта салынған Kaz Green Energy компаниясының күн электр станциясы қосылды. Жаңа буынды панельдерінің қуаты басқа қазақстандық станцияларда қолданылатын панельдерге қарағанда орта есеппен екі есе жоғары, бұл электр станциясының ауданын азайтуға мүмкіндік берген.

Орман отырғызу және көгалдандыру ісіне келсек, аймақта орман көлемін арттыру жұмыстары басталып, алдағы бірнеше жылда 5 миллионнан астам ағаш отырғызу межеленген. Бұл шаралар ауаның сапасын жақсартуға және климаттық өзгерістерге бейімделуге көмектеседі. Бұл орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық кешенді акциясы адам айтқысыз, көз сенгісіз нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Өндірістік қалдықтарды тиімді басқару. Облыс аумағындағы ірі өнеркәсіп орындарына жаңа технология­ларды енгізу арқылы зиянды қалдықтарды азайту міндеті қойылды. Мысалы, «Qarmet» компаниясы өзінің өндірістік процесінде көмірқышқыл газының шығарындыларын 30%-ға дейін қысқартуға міндет алды.

Сингапур сыры

Тұрмыстық қалдықтарды өңдеуде өте тиімді әрі заманауи инновациялық тәсілдерді қолданатын бір ел бар. Айтсақ, сене қоймасыңыз кәдік. Ол – Сингапур. Бұл қала қалыбындағы ықшам әрі жинақы мемлекет үкіметі тұрмыстық қалдықты сұрыптау мен өңдеуде таңғажайып нәтижелерге қол жеткізген. Сингапурда қалдықтарды жинау кезінде тұрғындар мен кәсіпорындардан түрлі қалдықтарды (пластик, қағаз, шыны, металл) сорттауға арналған арнайы контейнерлер мен жәшіктер қойылған. Бұл жүйе қайта өңдеу үшін жинақталған материалдардың сапасын арттырады. Мұндайда «бізде де қойылған» деген уәж айтармыз. Ғажабы сол, Сингапурдың қалдық өңдеу зауыттары заманауи технологияларды пайдалана отырып, қалдықтарды терең өңдейді. Олар органикалық қалдықтарды компосттаумен айналысады. Ал, өзге қалдықтарды жоғары температурада жағу арқылы энергия өндіреді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жағу барысында өндірілген жылу энергияға айналып, бұл электр қуатын өндіру үшін қолданылады. Бұл үдеріс экологиялық тұрғыдан тиімді. Өйткені, ол қалдықтарды азайтып қана қоймай, энергия ресурстарын да қоса ұсынады. Бұған қоса, Сингапур үкіметі тұрмыстық қалдықтарды азайтуға бағытталған түрлі бағдарламаларды жүзеге асырады. Мысалы, тұрғындарды «қалдықсыз өмір» стиліне ынталандыратын түрлі науқандар жүргізілуде. Әрмен қарай, Сингапур үкіметі экологиялық технологияларды дамытуға инвестиция салып, стартаптарды қолдайды, оларды қалдықтарды өңдеу және қайта пайдалану бойынша жаңа шешімдер мен тәсілдерді табуға ынталандырады. Осы бірегей шаралар Сингапурды қалдықтарды тиімді өңдеу бойынша әлемдегі жетекші елдердің біріне айналдырды, тұрғындардың экологиялық сана-сезімін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға көмектеседі. Өзге елдің тиімді жобасы, атамекенімізге жарқын мысал. Келе-келе осындай тап-тұйнақтай межеге ұмтылғанымыз алдымен өзімізге пайдалы.

Көрсеткіш көңіл көншітеді

Өңірдегі экологиялық шараларға ұйытқы болып жүрген салалық басқарма мен департамент өкілдерінің байыпты бастамаларына да жұрт куәгер. Жоғарыда біз тілге тиек еткен бірқатар жобалардың арқасында аймақта ­ «ә деген бетте ауа сапасы жақсарып кетті» дей қою әлі ертерек болар. Дегенмен, көгалдандыру көлемі артты. Бүгінде 2023 жылы тал егу бойынша жоспарланған 5 миллион ағаштың жартысына жуығы жерсініп кетті. Сонымен қатар, жыл соңына дейін атмосфераға шығатын зиянды заттар көлемін 10%-ға қысқарту көзделіп отыр.

Күн және жел электр станцияларының үлесі жылдан жылға өсіп келеді. Былтыр облыс көлемінде өндірілген электр энергиясының 15%-ы жаңартылатын энергия көздерінен алынды. Бұл көрсеткіш 2025 жылы 25%-ға жетеді деп күтілуде. Экологиялық тиімді жобаларға жұмсалған қаржы көлемі де артып келеді. Жаңа экологиялық кодекстің стратегиялық игілігі орасан. Биыл аймақтың экология саласына 30 млрд теңге шамасында қаражат бөлінді.

Эколог мамандар мен сарапшылардың айтуынша, облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы шаралар оң нәтиже бере бастаған. Мысалы, эколог Айман Құлатаеваның пікірінше, облыстағы орман отыр­ғызу және «жасыл энергетика» жобалары ауаның сапасын жақсартуға игі ықпал етуде. «Жасыл экономикаға» көшудің маңыздылығын атап өткен мамандар бұл шаралардың өңірдің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге көмектесетініне сенімді.

– Болжам бойынша, осы қарқын сақталса, алдағы бес жылда өңірдегі ауа сапасы кемінде 30%-ға жақсарып, биологиялық әртүрлілік қалпына келеді. Бұл оң өзгерістер өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға және халықтың өмір сапасын арттыруға септеседі. Осындай жетістіктерімізді әрі қарай дамыту – біздің бас міндетіміз деп есептейміз. Мақсатымыз – өңірдегі экологиялық тепе-теңдікті сақтап қана қоймай, оны айтарлықтай жақсарту. Соңғы жылдары қабылданған шаралар өз нәтижесін бере бастады. Бұл тек экологияға ғана емес, сонымен бірге бұқара халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға да тікелей ықпал етеді. Әрбір тұрғын таза ауамен тыныстап, табиғаттың байлығын сақтауға үлес қосады деп сенемін, – дейді Айман Заруханқызы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаулары аясында Қарағанды облысында экология және «жасыл» экономика саласында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Өңірде жүзеге асырылып жатқан шаралар табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге, қарапайым тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Алайда, экологиялық ахуалды түбегейлі өзгерту үшін ұзақ мерзімді және жүйелі жұмыстар қажет. Сарапшылардың пікірінше, Қарағанды облысы осы бағыттағы міндеттерін табысты орындаса, болашақта экологиялық таза, тұрақты дамыған аймақтардың қатарына қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Қоршаған ортаны қорғау бойынша тағы бір сарапшы Ләззат Қайратқызының айтуынша, өндіріс орындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру өміршең қадам.

– Егер әрбір өндіріс орны өзінің шығарылымдарын азайту бойынша міндеттерін орындайтын болса, Қарағанды облысының экологиялық ахуалы едәуір жақсарады. Облыста соңғы жылдары ауаның ластануын азайтуға ауқымды экологиялық реформалар табысты іске асуда. Соңғы үш жылда өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларын 20%-ға қысқартуды көздейміз! Бұл таза технологияларды енгізу және барынша зиянсыз отынға көшу арқылы қол жеткізілмек. Әлбетте, қуатты өнеркәсіптік базасы бар аймақ үшін маңызды жетістік дейміз. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. «Жасыл» реформа шеңберінде 2030 жылға қарай атмосфераға зиянды заттардың шығарындылары тағы 30%-ға төмендейді деп болжануда, бұл атмосфералық ауаның жай-күйін ағымдағы көрсеткіштермен салыстырғанда 40%-ға жақсартуға мүмкіндік береді. Металлургия және көмір өнеркәсібі кәсіп­орындарын жаңғырту, сондай-ақ, ірі қалалардың айналасындағы жасыл аймақтарды кеңейту ендігі меже. Яғни, «жасыл белдеу» құрып, топырақ эрозиясын едәуір азайтады әрі жануарлар мен құстардың сирек кездесетін түрлерін мекендейтін табиғи экожүйелерді қолдайды. Осындай реформаны жүргізу халықтың денсаулығына да оң әсерін тигізеді. Ауаның ластану деңгейінің төмендеуі бес жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда тыныс алу жолдарының ауруларының 15%-ға төмендеуіне әкелді. Ұзақ мерзімді басымдықта экологиялық жағдайды жақсарту өңір тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығын 3-5 жылға арттыруы мүмкін. Иә, осы сынды соны реформалар айтарлықтай инвестициялар мен күш-жігерді қажет етеді, бірақ олардың пайдасы шығындардан бірнеше есе асып түседі. Қарағанды облысындағы «жасыл» реформа – бұл өнеркәсіптің дамуы қоршаған ортаны қорғауға және адамдардың әл-ауқатына қайшы келмейтін тұрақты болашаққа қастерлі қадам, – дейді сарапшы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button