Экологиялық ахуал енжарлықты көтермейді

Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыстағы атмосфералық жағдайды жақсарту және қатты тұрмыстық қалдықтарды жою қатаң түрде қадағаланып отыр. Аталмыш бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы облыстық экология департаменті басшысы Қанат МҰСАПАРБЕКОВ баспасөз мәслихатында тарқатып айтып берді.

Оның айтуынша, облыс аумағында барлығы 202 коммуналдық қалдықтарды орналастыру нысандары орналасқан. Бүгінгі күні рұқсат беру құжаттары дұрыс 35 ҚТҚ полигоны бар. Ал, 167-і заңдастырылмаған. Сондай-ақ, облыс елді мекендерінің полигондары мен қоқыс тастайтын жерлерінде жиналған ҚТҚ жалпы көлемі 2018 жылы 10 067,49 мың тоннаны құраған.

– Былтырғы жылы 648 мың тонна коммуналдық қалдықтар шығарылды. Оның ішінде, облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтардың 553,870 мың тоннасы арнайы орындарға орналастырылды. Сұрыптау қондырғылары жұмыстарының қорытындысының есебінше, 95 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыпталды. Бір айта кетер жайт, өткен жылы облыс аумағында 534 қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру нысандары тіркелді. Қазіргі уақытта 282 нысан өңделді, – деді Қанат Мұсапарбеков.

Басқарма басшысының сөзінше, Елбасы Жарлығымен бекітілген еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бойынша жұмыстар атқарылуда. Өйткені, экологиялық ахуал енжарлықты көтермейді.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында арнайы комиссия облыс әкімінің тапсырмасымен ауаны ластаушы көздердің негізі болып табылатын ірі кәсіпорындардың экологиялық нормаларды сақтауын тексереді. Бұған қоса, кәсіпорындарды жаңғырту, соның ішінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сұрақтары пысықталуда. Экология департаменті күкіртті сутектің пайда болуы мен бөлінуі көздерін анықтау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Сонымен қатар, өңірлердің қоқыстарды азайту және күкірт сутегін бейтараптандыру тәжірибесі зерттелуде. Қоршаған ортаның сапасын жақсартуға тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін жоспарлы түрде шешу шешімдері қабылдануда.

Нұрдос КӘРІМ