Жаңалықтар

Экология мен экономиканың теңгерімі

Халықтың экологиялық сауаттылығын арттырып, қоғамның табиғатты қорғауға деген
көзқарасын өзгерту мақсатында қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының әлеуметтік және
экономикалық өзгерістерге жол ашатыны анық. Акция еліміздің әрбір тұрғынын табиғатқа
қамқор болуға, қалдықтарды қайта өңдеуге және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға
шақырады. Маңызды акция аясында атқарылатын жұмыстар, әлбетте, басты назарда болуы
қалыпты құбылыс. Осы мақсатта облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс XXV сессия
барысында облыс бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029
жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен сессия барысында облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Бахтияр Санбаев халық қалаулыларының алдын да үш түрлі бағыттан тұратын тұжырымдаманы ұсынды.

– Әзірленген тұжырымдама үш бағыттан тұрады. Біріншісі не экологиялық ойлау және мінез-құлық, оның ішінде экологиялық жауапты мінез-құлықты ынталандыру және ынталандыру шаралары кіреді. Ал, екіншісі – экологиялық білім беру. Үшінші, соңғы бағыт – экологиялық білім беру және ақпараттық қолдау. Іс-шаралардың негізгі дені қалаларда, елдімекендерде, кәсіпорындар мен ұйымдардың аумақтарында жасыл желектер отырғызу және күтіп ұстауға негізделген, – дейді Бахтияр Жұматайұлы.

Бахтияр Санбаев айтқан тұжырымдаманы жүзеге асыру барысында экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеуге арналған камералар саны ұлғаяды. Олар тек облыс орталығында ғана емес, қалалар мен аудандарда да қолға алынатынын айту керек. Одан бөлек, халық үшін қолжетімді деректерді кезең-кезеңімен кеңейте отырып, атмосфералық ауаның жай-күйін мониторингілеу жөніндегі автоматтандырылған посттар саны да ұлғайтылады. Ал, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының сумен жабдықтау және су бұру жүйелері цифрландырылады және автоматтандыры
лады.

– Тұжырымдаманың бірінші бағытында атқарылатын шаралар ауқымды. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, жасыл желектерге түгендеу жүргізу, сондай-ақ, қалалар мен ірі елдімекендерде суару және суару жүйелерін, су үнемдеу технологияларын енгізу де жоспарда бар, – дейді Бахтияр Санбаев.

Тұжырымдамадағы тағы бір жағымды жаңалық – көшет отырғызу бұдан былай жергілікті климаттық жағдайларды ескере отырып жүргізіледі. Ол үшін арнайы орман питомниктері құрылады. Әлбетте, атқарылған жұмыс нәтижесін көрсету де маңызды. Бұл мақсатта түрлі хэштегтермен әлеуметтік медиа экотрендтерін іске қосуға блогерлер тартылады.

Кейінгі жылдары көлік құралдарының қоршаған ортаға тигізетін әсері үлкен алаңдаушылық тудырады. Көліктердің ауаға шығаратын зиянды қалдықтары мен көмірқышқыл газын азайту үшін, экологиялық таза көлік түрлеріне деген сұраныс күннен-күнге артуда. Осы тұрғыда велосипед көлігі мен электромобильдер экологиялық тұрғыдан тиімді әрі пайдалы шешімдер болып табылады. Оларға арналған электр зарядтау станцияларының жұмыс істеуі үшін инфрақұрылым құру да тұжырымдамаға енгізілген. Ал, адамдар көп жиналатын орындар да экобокстар, фандоматтар орнатылады. Бұл ретте тапсырылған қайталама шикізат көлемі үшін ақшалай бонус та қарастырылады. Одан бөлек, түрлі конкурстар да ұйымдастырылады.

Екінші экологиялық білім беру бағыты бойынша аты айтып тұрғандай, облыстың білім беру мекемелерінде түрлі шаралар өткізіледі. Олардың қатарында мектеп оқушылары арасында экология тақырыбына эссе жазу, экологиялық тәрбие беру, түрлі байқаулар өткізу бар.

– Үшінші экологиялық білім беру және ақпараттық қолдау бағыты бойынша экологиялық фестиваль, челлендждер өтеді. Мәселен, облыс мектептерінің түлектері арасында «Түлек ағашы» челленджі, «ЭкоFEST» облыстық экологиялық фестивалі, «Туған жерге – қамқорлықпен!» жобалары өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда рөлі үлкен болады деген сенімдеміз, – дейді Бахтияр Санбаев.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button