Экология – ел тағдыры
Сейсенбі күні Теміртауда облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен «Теміртау қаласының және Қарағанды облысының өнеркәсіптік қалаларының қоршаған ортасын сауықтыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Теміртау қаласының атмосфералық ауа жағдайы мәселелеріне арналған дөңгелек үстелді Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрағасы Айгүл Соловьева жүргізді.
Жиынды ашқан аймақ басшысы атмосфералық ауа қабатының қарағандылықтар мен жергілікті билік үшін өзекті екенін алға тарта отырып, жағдайды жақсарту мақсатында ұтымды шаралар қолға алу керектігін жеткізді.
– Теміртаудағы «қара қар» мәселесі Қарағанды облысында экология мәселесіне қозғау салды. Теміртаудағы «қара қарға» байланысты үлкен қоғамдық резонанс туындады. Біз бұл мәселені зерттедік, бүгінде Теміртаудың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Айтулы жағдай бәріміз үшін қоршаған ортаны қорғауға баса назар аудару маңызды екенін көрсетті. Барлық өндірісті қалалар бойынша осындай жоспарлар дайындап, оларды іске асыруымыз қажет. Бүгінгі жиналысымыз экологиялық мәселені түбегейлі шешіп тастамағанымен, тиісті шараларды, жүзеге асырылатын жобаларды пысықтаймыз. Теміртаудағы экологиялық жағдайды зерттеу үшін халықаралық және еліміздің сарапшылары жиналып отыр,– деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар, өңірде экологиялық ахуалды жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігін атады. Оның ішінде, көгалдандыру, өнеркәсіптік қалдықтарды тазартатын локалды жүйелер орнату жұмыстары көзделіп отырғандығын, көлік ағындарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жетілдіру және автокөліктерді сұйылтылған газға ауыстыру бойынша шаралар қолға алу керектігін тілге тиек етті. «Жасыл белдеуді» құру және ормандарды жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасатынын сөз етті.
Айгүл Соловьева экологиялық ұйымдар қауымдастығының алдына бірсыпыра мақсат қойылғандығына тоқталды. Атап айтқанда, ұйым экологиялық бастамаларды құру, халықаралық серіктестікті дамыту, инвестиция тарту, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға қатысу, «Жасыл» технологияны енгізу, қалалардағы экологиялық инфрақұрылымдарды дамыту және ҚР экологиялық заңнамасын жетілдіру жұмыстары қолға алынғандығын атады. Еліміздегі қоршаған ортаны қорғау бағытында халықаралық бастамаларға әрдайым үн қосып келе жатқан Айгүл Соловьева, облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында біршама ұсыныстарды білдірді. Қоршаған ортаны қорғау – ұлт денсаулығының мәселесі екенін ескере отырып, қоғамның барлық азаматтық ұйымдарының бірігетін кезі келгендігін жеткізді.
Алғашқы болып баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Теміртаудағы экологиялық ахуалды сауықтыру мақсатында кешенді мәселелерді шешу үшін Теміртау қаласында жұмыс тобымен бірлесіп сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындармен, үкіметтік емес ұйымдармен, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері бастамашыл топтың және БҰҰ сарапшыларымен қоян-қолтық жұмыс нәтижесінде әзірленген екі жылдық кешенді жоспардың жобасымен таныстырды.
– Кешенді жоспарымыз 7 блоктан тұрады. Олардың әрқайсысы бірқатар нақты іс-шараларды қамтиды. Өнеркәсіп кәсіпорындарынан табиғатты қорғау іс-шараларына бағытталған кезең-кезеңмен лас ауаны төмендету көзделген. Оның ішінде, шаң-газ тұтқыш жабдықтар мен қондырғыларды орнату, «Жол картасы» бағдарламасы аясында газ отынына тұрғын үйлерді көшіруге құрылыс жұмыстары жоспарланды. Экономикамызға серпін беретін «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы біздің бастамаларымызға ықпал етеді, – деді С.Шайдаров.
Аталмыш жоба атмосфераны ластаушы заттардың қалдықтарын стационарлық көздерден 82,7 мың тоннаға дейін және автокөліктерден шығатын лас ауаны 15-20% – ға, күкіртті сутегінің шығарындыларын 30% – ға азайтуға сондай-ақ, энергия үнемдеуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, аталған кешенді жобаның құны 50,7 млрд. теңгені құрап отыр.
Облыс басшысы экология саласындағы мәселелер бір жылда емес, ұзақ жылдар бойы жиналғанын, онымен бір сәтте күресудің мүмкін еместігін жеткізді. Алайда, алға қойылған мақсаттарды сауатты, жүйелі әрі жауапкершілікпен қолға алса, барлығы шешіледі. Облыс әкімі экологиялық мәселелердің шешіміне аз қаражат кетпейтінін, әрі ірі қаржылық институттар тарапынан инвестиция тартудың орынды екенін айтты.
Сондай-ақ, БҰҰ/ЖЭҚ энергоүнемдеу бойынша сарапшысы Александр Белый, Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм,Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы директорының міндетін атқарушы Николай Радостовец, «Экомұражайдың» директоры Дмитрий Калмыков, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының мүшесі Мұсағали Дуамбеков, «Қазгидромет» РМК Бас директорының орынбасары Данара Әлімбаева «Экосервис-С» компаниясының директоры Ғалым Беркінбаев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төрағасының орынбасары Елдос Абаканов баяндама жасап, ойларын ортаға салды.
– Экология мәселелерін шешуге аз қаражат бөлінбейді. Ең бастысы, тапсырмаларды уақытылы және сапалы орындау керек, жоспарлы және жауаптылықпен қолға алса, барлық мәселе шешімін табады, – деді Е.Қошанов. Өндіріс басшыларына бірқатар ескертулер жасап, өндірістегі экологиялық жауапкершілік деңгейін арттыруды тапсырды.
Жалпы алғанда, кеңес қорытындысы бойынша өңір басшысы экология заңнамаларын бұзғандарға қатысты қатаң шаралар қолдану керектігін айтып, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берді. «Қазгидромет» бақылау қосынынан түсетін атмосфералық ауа қабатының сапасына қатысты ақпараттардың үнемі ашық болу керектігі туралы ұсыныс айтты. Дөңгелек үстелдің соңында Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ арасында Меморандумға қол қойылды.
Нұрдос КӘРІМ