Экология қашан оңалады?
Былтыр аймақта 474,1 мың тонна ауа ластаушы зат атмосфераға шығарылған. Ал, оның 50%-ға жуығы – Теміртау қаласында. Одан бөлек, шығарындылардың 79,4 мың тоннасы – Балқаштағы, 35,9 мың тоннасы – Қарағандыдағы ірілі-ұсақты кәсіпорындарға тиесілі. Қысқасы, еліміздегі ауасы ластанған өңірлердің алдыңғы шебінде тұрмыз. Қайтпек керек?

Жол картасы нәтиже бере ме?
Қазіргі таңда экология мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Мемлекет тарапынан түрлі акциялар қолға алынып, іргелі жобалардың іске асырылуының да мақсаты осы. Мәселен, облыстың түйткілдерін кешенді шешу бойынша 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген болатын. Яғни, экология, геология және табиғи ресурстар министрінің тапсырмасы бұл. Сол Жол картасында барлығы 57 іс-шара қамтылған. Атап айтсақ, бұның ішіне атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін азайту мәселесінен бастап, су ресурстары, қалдықтарды қайта өңдеу және көгалдандыру бар. Былтыр осындай іс-шаралардың 18-і орындалған. Ал, 10-ы – биылдың соңына дейін мәреге жетеді деп жоспарланса, дәл осындай 18 іс-шара мерзімінде орындалмаған.
– Жол картасында бекітілген ең өзекті мәселелердің бірі – Қарағанды және Теміртау қаласындағы жеке секторларды орталықтандырылған көгілдір отынға қосу. Қазіргі таңда екі қалаға да көгілдір отын жетті. Одан бөлек, Балқаштағы жеке сектордағы үйлерді орталық жылыту қазандығына қосу еді. Бұл тармақта ойдағыдай іске асты. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындардан шығатын түтіннің мөлшерін азайту мақсатында заманауи қондырғылар қойылған. Мұндай қондырғылар «Қарағанды Энергоцентр», ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де, «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Топар бас энергия тарату станциясы» ЖШС ірі кәсіпорындарда тұр, – деді облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Айман Құлатаева.
Жол картасы аясында іске асырылған жұмыстардың бір парасы – осы. Ал, орындалмаған жобалардың басым бөлігі де қазіргі «Qarmet» АҚ-ға тиесілі. Кәсіпорын құрылтайшысының ауысуына байланысты министрлік өкілдері түсіністік танытып, кейінге шегерген. Облыстық прокуратура кәсіпорынды арнайы тексеріп, келісім бойынша жұмыстардың атқарылмай жатқанын анықтады. Нәтижесінде жаңа 2024-2030 жылға арналған қосымша Жол картасы әзірленген.
– Жаңа Жол картасында кәсіпорын әктас күйдіру цехының айналмалы №2 пешінің артындағы электр сүзгісін реконструкциялайды. Агломерациялық цехының сүзгілері мен кокс цехтың №2 кокс сұрыптау қондырғыларын қондырғын қайта жаңарды. Одан бөлек, Жол картасындағы екі тармақ бойынша жұмыс тоқтаған. Атап айтсақ, әктас күйдіру цехында ауыс-түйіс орын алғандықтан стратегия өзгертілді. Және Приозерск қаласында мазут қалдықтарын жою жобасына нүкте қойдық. Биылғы жұмыс жоспарының тізімінен алып тастадық, – деді Айман Заруханқызы.
Көк түтіннің әлегі
Әріге бармай, әу бастағы мәселемізге қайта оралсақ. Салтанат есімді Қарағанды қаласының тұрғыны:
– Кешкілік үйімді желдетіп алайын деп шамалы тереземді ашып қоямын. Ашқанымды қайтейін, үйді көк түтін басып қалады. Өзім жоғарғы қабатта тұрамын. Тіпті, терезе жақтауларына дейін кірленіп кетеді, – деп шағымданды.
Шағымданатындай-ақ жөні бар. Бірақ, көк түтіннің әлегін сіз бен біз ғана емес, тиісті мамандар да көріп отыр. Әрі тиісті сараптамалар мен тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жақын арада департамент мамандары қаланың атмосфералық ауасына аспаптық өлшеу жұмыстарын жүргізген болатын. Атап айтсақ, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі К.Дүйсембеков көшесі мен Республика даңғылында, Майқұдықтағы КЛибнехт көшесіне барып өлшеген. Ауадағы күйенің, азот оксиді мен диоксидінің, күкірт диоксиді және күкіртті сутек көрсеткіштері алынды. Өлшем нәтижесі бойынша ауада рұқсат етілген концентрациядан 1,5-4 шкала артық күйе тіркелген.
– Бұның бәрі жеке сектордан шығатын түтіннің салдарынан екенін жақсы білесіздер. Себебі, қаладағы кейбір мекенжайлардағы жер үйлер тым төменде.
Сондықтан, тынық түні түтін сол жерде тұрып қалады. Осы мәселені шешудің жалғыз жолы – қаладағы жеке секторларды көгілдір отынға, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын орталықтандырылған газ немесе жылу жүйесіне қосу. Осы мақсатта 2020 жылдан бастап, аймақты газдандыру мәселесі қолға алынды. Бүгінгі таңда Қарағанды және Теміртау қаласы бойынша көгілдір отын 9 589 жеке тұрғын үйге тартылды. Ал, Қарағандыда 6 223 жеке тұлғаға техникалық шарт беріліп, газға қосылды. Негізі жоспар бойынша Қарағандының өзінде 22 мыңнан астам үйге көгілдір отын тарту қажет, – деді Айман Құлатаева.
Биыл Қарағандыда №4, №5 және №6 кешенін іске қосу жоспарлануда. №8 кешенге «Таир» сауда үйінен «Global City» сауда орталығына дейінгі үйлер және «ескі әуежай» аумағы кіреді. Тынық түні көк түтін басып алатын негізгі орталықтың бірі – осы еді. Биыл осы мәселеге нүкте қойылады-мыс. Сонымен қатар, «Таугүл», «Күнгей» шағынауданы мен Федоровкаға биыл газ барады.
Көк түтіннен бөлек, көліктен шығатын қою-қара түтін де бар. Қазіргі уақытта облыс орталығында көлік саны едәуір артқан. Бұл да экологияға әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Осы мақсатта былтыр жаз айларында департамент мамандары Қарағанды және Жезқазған қаласының полиция бөлімімен бірлесіп, рейд жүргізген болатын. Рейд барысында 143 жеңіл және жүк көлігі мен автобусты тоқтатып, экологиялық заңнамаға сәйкестігі тексерілген. Нәтижесінде стандартты сақтамаған 32 көлік анықталып, иелеріне түрлі әкімшілік шара қолданылған.
12 кәсіпорын жаңа жүйеге қосылады
Әр кәсіпорын жергілікті жерді жасыл желектендіріп, өндіріс орнының айналасын қоршау қажет. Әрбір ірілі-ұсақты кәсіпорын жыл сайын арнайы меморандум бойынша өзіне осындай міндеттеме алады. Нәтижесінде, меморандум аясында соңғы екі жылда 656 402 ағаш егіпті.
– Ірі кәсіпорын иелері қоршаған ортаға тигізіп жатқан залалын түсінуі керек. Әуелі экологиялық сана қалыптастыру қажет. Ағаш отырғызу мәселесіне келер болсақ, 2023 жылы «Qarmet» АҚ-ның өзі 545 297, былтыр 89 050 тал ғана екті. Әрине, оның бәрі кәсіпорын басшылығының ауысуына байланысты. Атқарылатын шаруалардың бәрі орындалмай, кейінге шегерілді. Одан бөлек, ірілі-ұсақ кәсіпорындар жыл сайын кемі 100 тал екті. Табиғатқа қамқорлық жасауды әр адам әдетке айналдырса екен, – деді Айман Құлатаева.
Аймақтағы ірі кәсіпорындардың зиянды шығарындыларына мониторинг жасау мақсатында жаңа Экологиялық кодекстің 186-бабы 4-тармағының негізінде «Автоматтандырылған мониторинг жүйесі» іске қосылған болатын. Бұл жүйеге аймақтағы I санаттағы нысандар қосылуға міндетті. Қазіргі уақытта қағидаларға сәйкес өңірден 12 кәсіпорын енеді деп жоспарлануда.
– Өндірістің ауаға шығаратын зиянды қалдықтарды онлайн режимде бақылап, дәлме-дәл көрсеткішін шығаруға тиімді. Әрі автоматтандырылған деректер мемлекеттік органдар үшін де тиімді. Деректерді қоршаған ортаны қадағалау саласындағы уәкілетті орган қадағалайды. Егер «Мониторинг жүйесі орнатылуы керек» деп тап басып айтқан кәсіпорын заңға бағынбаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»