Жаңалықтар

Екіжақты тиімділікке жол ашады

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілетіні белгілі болды. Білуімізше, осы жылдың 18-19 мамырында бұл келісімге Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына Мемлекеттік сапар барысында қол қойылмақ. Құжатқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрі Цинь Ган қол қояды деп жоспарланған.

Визасыз режим екіжақты болады, яғни Қазақстан мен Қытай азаматтары туристік және іскерлік мақсатта аталған мемлекетке визасыз кіре алады. Бірақ азаматтарға сонда жұмыс істеуге құқық берілмейтіні туралы хабарланған болатын.

Визасыз режимді енгізу экономикаға пайда әкеледі.  Яғни, елге келетін туристер саны көбейеді, туристерден қонақүйлерге, мейрамханаларға, көліктерге және мәдени ойын-сауық орындарына ақшалай пайда түседі. Сондай-ақ, екі ел арасындағы сауда-саттық дамиды. Осыған дейін Қытайдан Қазақстанға тауар тасымалдайтын кәсіпкерлер шекаралық тексеріс кезінде қиыншылықтарға тап болатыны туралы жиі шағымданды. Деректерге сүйенсек, пандемия кезінде 500-ден астам кәсіпкер Қытайға кіре алмай, кәсібі тұралап қалды. Енді екі ел арасында визасыз режим енгізілсе, бұл мәселе шешімін табатыны сөзсіз.

Сонымен қоса, визасыз режим арқасында елімізге келген қытайлықтар Қазақстан туризмін дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Әсіресе, Қытаймен шекаралас орналасқан Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс аумағы туризмді дамытуға сұранып тұр.

Дарын ӘБІЛЖАНОВ,
№15 емхана дәрігері,
«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button