«Екі жақ диалог, бір жақ монолог»
Ұлы ғалым әл-Фараби «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал, адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам» депті «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында. Мұндағы «қайырымды қаланың» өзегі – идеал қоғам екен. Оған жетудің жолы қандай? Идеал қоғам – адам қауымдаса тірлік кешкеннен бергі арман. Ол, тіпті, ес білмес ескі уақыттағы, бағзы заманғы ертегі-аңыздарда да көрініс берді. Әр ертегінің соңы – «осылайша арман-мақсатына жетіпті. Бақытты, ұзақ ғұмыр кешіпті» деп аяқталатыны есте шығар. Идеал қоғамды аңсаған ғұламаның көксегені де осы еді. Әл-Фарабидің бұл еңбегін сонау орта ғасырда-ақ тұтынып, оның ХІХ ғасырда тұтастай ғылыми айналымға түсуі – мына жер шарындағы қоғам атаулының – сол арманға асыққаны емей немене? Қазақстанның да «қайырымды қалаға» айналғысы келеді. «Қайырымсыз қала» атанғаннан сақтасын! Мұндағы «қала» бұл күнгі «мемлекет» ұғымы. Әл-Фарабидің айтуындағы қайырымды мемлекетке жеткізушілер – оның билеушісі, ондағы бір-біріне көмектесетін қоғамдағы адамдар екен. Осы күні біз қандаймыз? Қайырым бар ма, әлде қайырсызбыз ба?
Сол «Қайырымды қаланы» құрайтын тетіктер мен басты қасиет-қағидаларды ғұлама көрсетіп беріп кеткен. Бүгінде сол трактатқа тағы бір тұщынып, оған сай заманауи қадамдар жасау ғана қалып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдамасы ғұламаның трактатындағы «бірбіріне көмек беретін қоғамға» саяды.
«Азаматтардың барлық сындарлы өтініштілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан, азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген болатын.
Ел ішінде «Еститін үкімет» атанған тұжырымдама туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Атқарылған іс те бар. Тындырылған жұмысты да жоққа шығаруға келмейді. «Азаматтарға арналған үкімет», «Бір терезе», «Әкімдіктердің фронт-офисі», «Ашық әкімдік» секілді бастамалар сол қайырымды мемлекет жасауға әсер ететін бастамалар іспеттес. Әрине, әлі де жетілдіруді, әлі де жетіле түсуді қажет ететін мұндай қадамдар әл-Фараби айтқан «қайырымды қаланы» әп-сәтте орнатып бере қоймайды. Дегенмен, жария етілген кезден бері мемлекеттік қызметтегі бюрократияның қабырғасы жәйлап қақырады. Жылдар бойы қалыптасқан бюрократтық бірден жойылып кетті деу – өтірік. Десек те, халықтың арыз-шағым, өтініштілегі, үні жоғарыға жете бастады. Базына-назын атқарушы билікке ашық айтудың сан алуан жолы жүзеге асып жатыр. Онлайн форматтағы, электронды Үкіметтегі мүмкіндіктер арқасында тоғыз қабат тас қамалдың арғы жағындағылар әлсін-әлсін бұқараның бұйымтайын ести алатын болды. Бұрынғыдай емес. Қазір диалог бар. Бұрын биліктің өз монологы, бұқараның өз монологы бар еді. Бір жақты. Осы күні ол диалогқа айналып келеді.
Әл-Фараби әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен еркiндiктi орнықтыратын iзгiлiктi қоғамды «әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдарды бiрiктiру арқылы ғана адам өз табиғатына сай жету дәрежесiне ие болатын» қоғам түрiнде елестеткен екен. Ал, ол үшін қоғам жетілген болуы керек көрінеді. Ондай қоғамда «бiр-бiрiмен қарым-қатынас жасау, көмектесу, қолдау, ұжымдасу адамдардың өмiрлiк қажетiне айналады» депті ғұлама. Біздің қоғам да соған жетсе дейсіз.
Қайырымды қаланың орнығуын ғұлама дінмен емес, ақыл-парасаттың дамуымен, қайырымдылықтың нығаюымен байланыстырады. Ол тұжырымдаған жағдайдың бәрінде мұндай қала билеушілері моральдықэтикалық қалыпқа сай болуы және қажет. Сонда ғана мемлекеттің халқы «Қайырымды қала» тұрғындарына айнала алады.
Ол үшін ести, көре, сезе білуі керек екен Үкіметтің. Біздің мемлекеттің де арманы – «Қайырымды қала». Бұл болса, мемлекеттік қызметшілерге тікелей қатысты. «Қайырымды қала» атануымыз әл-Фарабидің тілімен айтқанда, «әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдардың», яғни, мемлекеттік қызметшілердің қолында…
Қызғалдақ АЙТЖАН.