Спорт

Екі медаль, төрт медальон

Жерлестеріміз, қарағандылық үш студент еліміздің Ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, Польшада өткен «EuroSkills Gdańsk-2023» халықаралық чемпионатында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан құрамасының есебінде екі медаль және төрт үздік медальон бар.

Биыл Гданьск қаласында EuroSkills VIII Еуропа чемпионаты өтті. Ұлттық құраманың 28 мүшесі жеңіс үшін барын салды. Сондай-ақ, қазақстандықтар 25 құзырет бойынша өнер көрсетті. Жарысқа әлемнің 32 елінен 25 жасқа дейінгі 600 мықты жас маман қатысты.

– Тартысқа толы күн қорытындысында Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшелері «Веб-технологиялар» және «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» құзыреттерінде бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, олар төрт үздік медальонға қол жеткізді. Биыл Қарағанды облысынан құрамаға үш студент кірді. Олардың екеуі – біздің колледжден. Олар – Руслан Нұрғалиев пен Анастасия Смирнова. Студенттеріміз «Сантехника және жылыту» және «Флористика» құзыреттерінде өнер көрсетті, – дейді Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің директоры Әсел Сапарова.

Руслан Нұрғалиев – болашақ сәулетші, III курста оқиды. Ұлттық құрамаға іріктеу алдында «Worldskills Karaganda-2022» өңірлік чемпионатында жеңіске жетіп, «WorldSkills Kazakhstan-2022» республикалық чемпионатында екінші орын алған.

– «EuroSkills Gdańsk-2023» үшін екі ай бойы тынымсыз дайындалдым. Астана политехникалық колледжінің базасында жаттықтық. Чемпионатта бізге коммуникацияларды қосу міндеті жүктелді. Ол бес модульден тұрады. Сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, жылумен жабдықтау, қондырғыларды орнату, смарт-қорап және оларға қосылу. Қиындықтар кездесті, әрине. Біріншіден, кейбір фитингтер мен қондырғылар бейтаныс болды. Мен қате жіберіп, ұпай жоғалтып алдым. Сондай-ақ, жылдамдық жетіспеді. Бірақ, тәжірибе жинадым, машықтарды меңгердім. Енді Әлем чемпионатына қатысқым келеді, – дейді Руслан.

Ал, Анастасия Смирнова техник-дизайнер мамандығында оқиды. Флористика – осы мамандыққа қосымша оқытылатын құзыреттілік. Бойжеткенді бұл өнер қызықтырғаны соншалық, Настяның қоржынында кәсіби шеберлік чемпионаттарында бірнеше жеңісі бар.

– Еуропа чемпионатына қатысу – үлкен тәжірибе. Көптеген жаңа әдісті көрдім, тапсырмаларды өте жақсы орындай алдым. Қатысушылар өте мықты болды. Олар мектеп жасынан флористикамен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, менің бағындыратын белестерім әлі алда. Енді Францияда өтетін Әлем чемпионатына қатысу – арманым. Қазір дайындалып жатыр­мын. Оқуды бітіргеннен кейін өмірімді флористикамен байланыстыру ойым бар, – дейді Анастасия.

Ұлттық құрамадағы кірген үшінші қарағандылық – Шахтинск технология­лық колледжінің түлегі, Қарағанды политехникалық университетінің студенті Александр Рудыкин. Ол Ұлттық құрамада «Электроника» құзыреті бойынша аймақ намысын қорғады.

– EuroSkills-ке мен Шахтинск колледжінің арқасында келдім. Онда оқи жүріп, «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік және республикалық кезеңдерінде жемісті өнер көрсеттім. Кейін Ұлттық құрамаға іріктеу туры өтті. Еуропалық чемпионатқа Алматыдағы DOSTI инновациялық орталығының оқу-жаттығу лагері базасында екі ай бойы дайындалдым. Чемпионатта мен бірнеше модульден тұратын тапсырманы орындадым. Сәл дайындық жетпей қалды. Бірақ, мен оның орнын толтырамын, – деп атап өтті Александр.

Ел құрамасы «EuroSkills Gdańsk-2023» чемпионатында үздік ондыққа енді. Кәсіби шеберлік бойынша ірі халықаралық жарыстар екі жылда бір рет «WorldSkills Europe» қатысушы елдерінің бірінде өткізілетінін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button