Екі әлемнің елшісі
Екатерина бөгенайы бөлек жан. Бұл Екатерина – жаһанға «қазақтар оқымаған, сауатсыз дегені – өтірік!» деп, ұлт ұпайын түгендеген жаны қазақ тұлға. Екатерина – ҚАРЛАГ-тың тұтқындарымен жүзбе-жүз тілдесіп, қасірет мұражайының ашылуына бірден-бір себепкер болған қайраткер. Уағында қараусыз қалған ҚАРЛАГ-тың қарауылы болған ол нендей жұмбақ жан? Зерделейік…
ҚАРЛАГ қасіретінің суық көлеңкесі әлемді әлі кезіп жүр… Әсіресе, «Карлаг: по обе стороны колючки», «Карлаг: меченые одной метой» немесе «Кровавый тридцать седьмой. Репрессированный Казахстан» деген еңбектер жаһан бедерін шарлап кетті. Осы кітаптардың авторы Екатерина Кузнецова таңдаулы тақырып турасында былай дейді:
– Қара жалауы жығылмаған ҚАРЛАГ-қа 1988 жылдың көктемінде алғаш келуім. Қасымда марқұм жазушы Жайық Бектұров және бір топ өңірдің зиялылары бар-тын. Негізгі мақсатымыз: нысанның тыныс-тіршілігімен танысу еді. Қаңырап бос тұрған ғимараттың сұсты кейпі әлі көз алдымда. Есік-терезелеріне дейін тақтайшалармен шегеленген. Ішіне кіруге жүрек дауаламады. Мазар айналғандай сыртынан бажайлап состиып тұрып қалыппыз. Айналамыздың бәрі – қалың ағаш. Кезінде тұтқындар отырғызғандарын кейін білдік. Не түлен түрткенін білмеймін, бір аптадан соң ҚАРЛАГ-қа қайтып бардым. Бұл жолы ішіне кірмек болып «тақтай терезені» қаққаным сол еді, о, тоба, ішінен адам көрінді… күзетші екен.., – деді Екатерина Борисовна тебіреніске толы жүзін маған қарата.
Уақытында «Индустриальная Караганда» газетінің насихат бөлімін басқарғандықтан Е.Кузнецова шартарапқа ҚАРЛАГ-тың сын көтергісіз күйі хақында хат-хабар таратқан. Құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырған. Көзі тірі тұтқындармен сұхбат құрып жариялаған. Сонымен, 1990 жылдардың басында ғимаратқа жөндеу жұмыстары басталды… Сәл кейінірек аты мәшһүр мұражайға айналды.
– Долинкада бірінші және екінші лагерьдің екі бөлімі болды. Онда ер-азаматтар мен әйелдер отырды. Бұл әуелде ауыл шаруашылығына бағытталған лагерь еді. 1931 жылы партияның Орталық Комитеті Қарағандыдан ірі көмір бассейнін салу туралы шешім шығарған. Ал, оған білікті мамандарды тартудың жолын Сталин тез тапты. Донецк шахтерлері секілді өзге жақтан мамандарды қамауға алып, бірте-бірте ҚАРЛАГ-қа әкеле бастады. Сөйтіп, олар құл секілді шахтаға жұмысқа салынды. Оның үстіне, жұт заманы. Жер құрғап, егістік шықпады, мал қырылды. Ашаршылық басталды. Сол кезде Қарағандыда шахта ашылып, онда жұмыс барын естіген халық осында ағылды. Жұмыс болса, аш қалмайтыны белгілі еді. ҚАРЛАГ қанатын кеңге жайды. Бастапқыда жеті бөлімнен тұратын лагерь 21 бөлімге көбейді. Құрамына Жезқазған кірген. Степлаг кейін 1949 жылы құрылды. Ресми мәлімет бойынша, ҚАРЛАГ арқылы миллионға жуық тұтқын өзге лагерьлерге өткізілген. Салдарынан ҚАРЛАГ тұтқындар, қара жұмысшылар, жер аударғандар мекеніне айналды…
Алғашында әрқайсысын өзім іздеп, үйлеріне барып, айтып беруін өтінетінмін. Олар бұған дейін ешкімге ештеңе айтпаған. Өйткені, лагерьден шығарда көрген-білгенін, бастан кешкені жайында айтпауға қолхат толтырған. Алда-жалда айтса, қайта 25 жылға қамалатын болған. Сондықтан, ҚАРЛАГ-тан шыққандардың ешбірі тіс жармады. Тек 1956 жылы Хрущев биліктен кеткенде, тұтқындар ақтала бастады. Кейінгі жылдары өздері редакцияға келіп, айтатын болды…
***
1938 жыл. Қытайдың Даля́нь қаласы. ХХ ғасырдың басындағы патша үкіметі кезінде Ресейден кеткен Сергей Колоколовтың Екатерина атты немересі келді өмірге. 1946 жылы Қытайда қызыл үкіметтің Білім министрлігіне қарасты кеңестік мектептер ашыла бастады. Осындай оқу ошақтарының бірінде болашақ журналист, жазушы Екатерина Кузнецова оқыды… Колоколовтар отбасы Қытайда 1954 жылға дейін тұрмыс кешті.
– Біз сол жылы Қазақстанға келдік. Онда жер аударылғандардың көбі Нұра совхозында еді. Кейінірек Киевкадағы аудан орталығына көшіп, ағаммен бірге 9-сыныпқа мектепке бардық. Оқушылар арасында поляктар, немістер, шешендер, ингуштар, ассириялықтар, тіпті украиндар, грузиндер, белорустар, орыстар болды. Бір таңданарлығы, барлық балалар бір-біріне мейірбан, меймандос еді. Кеңес мектебінде бізге КСРО-ның көпұлтты ел, халықтар достығы екендігі көп айтылды. Сондықтан болар, көптеген ұлттардың бір арнаға тоғысуы ешкімге аса бір ауыртпалық түсірмеді, – дейді Екатерина Кузнецова өткен шаққа қайырылып.
Ол сол кездегі тәлім берген мұғалімдердің дені негізінен жер аударылғандар болғанын есіне алады. Ауыл мектебінде бір жыл оқығаннан кейін бұл отбасы Қарағандыға көшіп келді. Әкесі ғылыми-зерттеу институтына, анасы кейінірек ғылыми-техникалық кітапханаға жұмысқа орналасты.
Мектептен кейін Екатерина университетке Алматыдағы журналистика факультетіне оқуға түсті. Сөйтіп, кейіпкеріміз саналы ғұмырын қаламгерлік жолға арнады.
***
Иә. Қасиетті Қарағанды топырағы небір тағдыр иелерін бір жерге тоғыстырған өлке. Екі әлемнің елшісіндей болған әрі таңғажайып тағдыр арқалаған Екатерина Борисовна жуырда мерейлі 85 жасқа толмақ. Ол қандай зұлмат заманаларды бастан кешсе де, адамшылығынан айнымай, мемлекетіне риясыз қызмет қылған санаулы тұлғалардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Сөз басында біз айтқан Екатеринамыз осындай жан. Өзі айтқан ҚАРЛАГ-тағы сол көктем мен бұл көктемнің арасы жер мен көктей. Бұл көктем – мейірім маусымы. «Бұл көктем – шапағат мезгілі екен» дейді кейіпкеріміз…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz