Облыс әкіміРесми

Екі әкімге сөгіс, басқаға – тапсырма

Онлайн режимде өткен аппарат жиынында бүгінгі күнде қоғамды алаңдатқан мәселелер талқыланды. Мәжілісті аймақтағы эпидахуалдан бастаған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК бірер әкімге сөгіс жариялап, өзге де маңызды мәселелер жөнінде басқарма басшыларына зор міндеттер жүктеді.

 

Теміртау мен Ботақара әкімдеріне сөгіс жарияланды

Өткен аптада облыста індеттің өршуі кей өңір әкімдерінің індеттен таралатын қауіпке айтарлықтай мән бермегендігін көрсетті. Cонымен қатар, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жұмысына да көңіл толмаушылық бар. Нақтырақ айтқанда, жеделдік жоқ. Індеттің алдын алу жөніндегі облыстық штабтың қызметіне де ескертулер аз емес. Мемлекеттік ұйымдармен өзара байланыс жоқ. Бар болса, ол жеткіліксіз деңгейде. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырудағы жұмыстар босаңсыды. Дер кезінде тиісті шаралардың қабылданбауынан «Нұрқазған» кенішінде індеттің өршуіне жол берілді. Сөйтіп, өткен аптада тіркелген науқастардың 90 пайызы – кеніш жұмыскерлері, олардың туыстары, байланысқан адамдары. Облыс әкімдігіндегі өткен аппарат жиынында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек бұл мәселелерді сынға алып, Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының әкімдеріне сөгіс жариялады.

– Өткен аптадағы нәтижелер жекелеген өңірлерде әкімдер коронавирустың таралуы қандай қауіп төндіретіндігін дұрыс бағдарламағанын көрсетті. Жеделдік, басқа мемлекеттік органдармен өзара ісқимыл жоқ. Тұрақты эпиджағдайды сақтау бойынша жұмыс әлсіреді. Оның тікелей себебі, шаралардың уақытында қабылданбауы деп білеміз. Теміртау мен Ботақарада індет өршіп кетті. Осыған байланысты Теміртау мен Бұқар жырау ауданының әкімдеріне сөгіс түріндегі тәртіптік жаза жариялаймын, – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі бұл сөгіс науқастардың саны өскендігі үшін емес, әкімдердің уақытында жедел шара қолданып, эпидемилогиялық тергеу жұмыстарын жүргізбегені үшін берілгендігін атады.

Бүгінгі таңда аймақта індетті тест арқылы анықтаудың жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде. Тәулігіне 3 мың тест алынуда. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш – екі мың, екі жарым мың. Қарағандыда да тұрғындар облыстың мемлекеттік санитарлық бас дәрігері ұсынған талаптарды орындамайтыны да әкімнің назарынан тыс қалмады. Аймақ басшының айтуынша, Қарағандыда халықтың 90 пайызы талаптарды ұстанбайды.

– Кешке қаланы аралаймын. Жұмыстан қайтқанда да көремін, ешкім масқа киіп жүрген жоқ. Саябақтар мен гүлзарларда адамдар топ-топ боп жиналады, қашықтықты сақтамайды. Қала және аудан әкімдері, оларға санитарлық талаптарды сақтау қажеттігін түсіндіруді талап етіңіздер, – деді Жеңіс Қасымбек Аймақ басшысы әр әкімнен қарамағындағы қызметкерлерді жұмылдырып, ел арасында ақпараттықтүсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Онлайн тоқсан ойдағыдай

Кеше мектеп оқушылары онлайн режимде білім алған төртінші тоқсанды тәмамдады. Онлайн форматта 1-10 сынып оқушыларына соңғы қоңырау соғылды. Яғни, он лайн сынып сағаттары өтті. Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев аймақ басшысына онлайн тоқсанның ойдағыдай аяқталғанын мәлімдеді.

– 11 сынып түлектеріне аттестаттар 3-4 маусымда тапсырылады. Бірақ, эпидемиологиялық ахуалға байланысты күні өзгеруі мүмкін. Ал, 20 маусымнан 5 шілдеге дейін жоспарланған Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жүргізілуде. Аттестаттар 11-сыныптың 7 673 түлегіне беріледі, оның ішінде “Алтын белгіге” үміткерлер саны – 374, үздік аттестатқа үміткерлер – 322. Іс-шара 3-4 маусымда санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектеп аулаларында өтеді. Құқық қорғау органдары, өртке қарсы қызмет және денсаулық сақтау қызметкерлері кезекшілік етеді. Салтанатты бөлімнен кейін түлектер ағаш отырғызады, – деді Есенғазы Иманғалиев. Күшейтілген карантин режимі Теміртау мен Ботақарада сақталады. Бұл мереке екі бөлімде өтеді Салтантты шара – 40 минут, ағаш отырғызу – 20 минут. Жалпы, шара ашық алаңда ұйымдастырылады.

ҰБТ қашан өтеді?

20 маусым – 5 шілде аралығында облыста штаттық режимде 15 пунктте ҰБТ өтеді. Оның 5-і жоғары оқу орындары базасында, 10-ы – мектептерде. Тестілеуге 6 625 түлек (86,6%) қатысуға тілек білдірді. 1320 шілде аралығында мемлекеттік білім гранттарын алуға өтініштер қабылданады. Нәтижелері 1 тамызда Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және республикалық “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде жарияланады.

Түлектердің жергілікті деңгейде білім гранттарын алуға мүмкіндігі бар. Биылғы жылы бакалавриат мамандықтарына – 90 грант, магистратураға –10 грант, денсаулық сақтау мамандықтарына – 72 грант қарастырылған деп хабарлады басқарма басшысы.

Лагерь ашу алгоритмі әзірленуде

Жазғы демалысқа дайындық та қола алынды. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бос уақытты лагерьлерде, аула клубтарында және үйірмелерде ұйымдастыру қарастырылады.

Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментімен бірлесіп, қала сыртындағы, мектеп жанындағы лагерьлерді ашу алгоритмі әзірленуде. Қосымша білім беру ұйымдары балалардың үйде шұғылдануы үшін дистанциялық жобалар дайындады, – деді Есенғазы Иманғалиев.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек санитарлық талаптарды қатаң сақтауды және балалардың қауіпсіздігін қадағалауды міндеттеді.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button