Басты тақырыпРухани жаңғыру

Егемен елдің келбеті

          Жұма күні Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қатысушыларымен кездесті. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған ұлттық жоба қарашаның ортасында мәреге жеткен-ді.

Жиында Елбасы ғаламдық аренадағы өзгерістер туралы сөз қозғап, заманауи талаптарға бейімделу қажеттігіне назар аударды. Өзгерістер дәуірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігін айтып, оны іске асырудың аралық нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ, Президент мемлекеттік тіл әліпбиін латын қарпіне көшірудің басты мақсатын атап өтті.

– Бүгінде ғылым және мәдениет туралы ақпараттың 70 пайызға жуығы ағылшын тілінде таралады. Біз үш тілде білім беруге көшетінімізді жарияладық. Жастарымыз қазірдің өзінде ағылшын тілін меңгерген. Латын қарпіне көшу дамып келе жатқан ортақ ақпарат әлеміне енуімізге мүмкіндік береді, – деді Елбасы.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы «Жаңа гуманитарлық білім» және «Туған жер» жобаларының іске асырылу барысын әңгіме етті.

– Біз, егер, қазақ тілінің дамуы туралы айтар болсақ, әлемнің үздік білімін ана тілімізде алуымыз керек. «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы аясында үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару мәселесі қарастырылған. «Туған жер» жобасы бойынша мынаны айтуға болады. Патриотизм туған үй мен туып-өскен өңірден басталады. Біз кіші Отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды сүйеміз. Қазір елімізде меценаттар туған жеріне барып, балабақша, мектептер мен ауруханалар салып жатыр. Жалпы алғанда, бүгінде осы бағытта 720-дан астам жоба іске асты, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының халқымыз үшін мәні зор екенін айтып, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының міндеттерін атады.

Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті.

– Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылар рухани жаңғыру бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бө­лісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.

Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақстандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуының маңыздылығын атап өтті.

– Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықтардың дамып, жаһандық үрдістерге бейімделуінің әлемдік тәжірибелері жөнінде ой бөлісті.

Кездесу соңында Нұрсұлтан На­зарбаев жобаның барлық қатысу­шы­сына табыс тілеп, оларды бұл же­тістіктермен шектелмеуге шақырды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушыларға арналған арнайы фотокөрмені аралап көрді.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының тізімі «Спорт», «Мәдениет», «Қоғам», «Ғы­лым», «Медицина» және «Бизнес» ата­лымдары бойынша анықталды. Бұ­лардың қатарында қарағандылық жерлестеріміздің есімдері аталды. Атап айтсақ, NOMAD MMA ұлттық стилінің негізін қалаушы, жаттықтырушы Сергей Ан, жоғары санатты дәрігер, хирург, профессор Нұркаси Абатов, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Әлімханова, жоғары санатты нейрохирург Ғабит Махамбаев, төрт баланы өрттен аман алып шыққан учаскелік полиция инспекторы Дәурен Алтаев және жас жауынгерді денесімен жауып, өмірін сақтап қалған полковник, ҚР Ұлттық гвардиясының «Орталық» аймақтық қолбасшылығының 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Қайрат Үмбетов бар.

«akorda.kz» материалы

негізінде әзірлеген

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button