Еңбектері еленді
Алматыда Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің өткен жылды қортындылап, алдағы міндеттерді айқындауға арналған отырысы өтті. Алқалы жиын барысында «Терісаққан көктемі» этнофестивалі негізінде «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» номинациясын ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізудегі «Ұлытау» ұлттық тарихимәдени және табиғи қорық-музейінің ұжымдық еңбегіне ерекше баға берілді.
Ұлттық комитеттің отырысы ЮНЕСКО комитетінің мүшесі, «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» номинациясының авторы, қорық-музейдің бұрынғы қызметкері, марқұм Елена Хорошты еске алумен басталды.
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің төрағасы Ханзада Есенова өзінің сараптамалық мазмұндағы баяндамасында ұлағатты істерге ұйытқы болып, Қазақ елінің бәсін әлемдік деңгейде биіктетуге айтарлықтай үлес қосқан қорық-музей қызметкерлерінің тиянақты һәм тағылымды жұмысының нәтижесін таратып айтты. Ұлы Даланың ғажайып ғұрпын дәріптеушілерге Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Динара Изанова мен Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының мәдениет саласы бойынша маманы Айгүл Халифова ыстық ықыласты лебіздерін білдірді.
«Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» номинациясының негізгі ұйымдастырушысы, «Ұлытау» қорық-музейінің директоры Бақтияр Қожахметов, қорық-музей қызметкерлері Эмма Усманова мен Ахмет Тоқтабай Ұлттық комиссияның Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»